Басты жаңалықтарДенсаулық

Вакцина алдыңыз ба?

Облыста коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмысы жалғасып жатыр. 25 медициналық мекемеде егу кабинеттері жұмыс жасап тұр. Оның 13-і ауданда орналасса, қалғаны Ақтөбе қаласында. Жоспар бойынша облыстың қауіпті топта тұрған 460 мың адамы вакцинациялануы керек. Жалпы вакцинациялау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Екпенің кері әсерінен зардап шеккендер бар ма? Екпе алғаннан кейін вирус жұқтырып ауырғандар тіркелді ме? Осы және өзге де сұрақтар бойынша облыстың емдеу мекемелеріне хабарластық.  

Тойдың соңы…

Наурыз айында облысқа «Спутник V»  вакцинасының 6400 доза бірінші компоненті, 4100 доза екінші компоненті әкелінді. Қазіргі таңда 6123 адам вакцинаның бірінші дозасын алды. Оның 3582-сі медицина қызметкерлері болса, педагогтер — 828, құқық қорғау органы қызметкерлері — 437, ал басқа сала бойынша 1276 адам егілген. Вакцинаның екінші компонентін 996 адам алған. Вакцинациялаудың екінші кезеңінде медицина мамандары, педагогтер мен полиция қызметкерлері егіліп жатыр. Қаладағы емханаларда егу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. №2 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Марина Есетованың айтуынша, вакцинаның бірінші кезеңінде  450 адам егілген. Екінші кезеңде 150 адам вакцина алса, 200 адам кезекпен егіліп жатыр. Вакцинациялау екі кезеңнен тұрады. Бірінші дозаны алғаннан соң 21 күннен кейін екінші доза егіледі.

Вакцинаның екі кезеңін алғаннан кейін азаматқа электронды төлқұжат беріледі. Екпе ерікті түрде жүргізіледі. Келушілердің барлығы да өз еріктерімен алып жатыр. Өзім де алғашқылардың бірі болып вакцина алдым. Ешқандай кері әсері байқалмады. Жалпы емханада 246 медицина маманы, 70 полиция қызметкері егілді. Сәуірдің басында тағы да вакцина келеді. Сол кезде халықты жаппай егу басталады. Алғашқы кезде вакцинаға үрке қарағандар болды. Себебі әркім өзінің деңгейінде түсінеді. Оқыған, көзі ашық адамдар вакцинаға қарсылық көрсеткен жоқ. Ал кейбіреулер әлі күнге дейін вирустың бар екеніне күдіктенеді. Адамдар өзінің жақыны ауырмайынша індетке  сенбейді. Жақыны ауырып, қиындықты басынан өткергенде ғана сенген адамдарды көріп жүрміз.

Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — вакцина. Екпені алғаннан кейін де «енді маған вирус жұқпайды» деп алаңсыз жүруге болмайды. Егілген адамдарға түсіндіріп айтамыз. Бірінші дозаны алғаннан кейін 21 күнге дейін сақтанып жүру керек. Қоғамдық орындарға бармаған дұрыс. Салқын тигізіп алмау керек. Екінші дозадан кейін ғана адамның вирусқа қарсы иммунитеті күшейеді. Бірақ әркімнің ағзасы әртүрлі. Бірінің иммунитеті мықты болса, екіншісінікі әлсіз келеді. Әлсіз адамдар екінші рет вирус жұқтырған жағдайда оны жеңіл өткереді, яғни індет ауыр тимейді. Сондықтан вакцина алғаннан  кейін де сақтанып жүру керек. Себебі халықтың барлығы егілген жоқ, — дейді Марина Есетова.

Дәрігердің айтуынша, наурыз мерекесінен кейін аурушаңдық күшейген. Тұрғындар жиі қонаққа барып, қонақ шақырып, індетті ұмытып кетті. Бетперде тақпай жүретіндер көп.

— Тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз. Әлеуметтік желі арқылы да айтуымыздың кемі жоқ.  Бірақ ескертуге құлақ асатындар аз. Көпшілігі алаңсыз жүр. Қоғамдық көлікке мінгенде бетперде тағып, антисептик сеуіп жүру керек. Жақында біздің емханаға қаралатын әже 85 жасқа толды. Заречный аумағында тұрады. Балалары «әжеміздің туған күні» деп, ағайын-туысының барлығын жинап, той жасаған. Тойдан кейін әже ауырып қалады. Қазір балалары алаңдап отыр. Егер сақтанбасақ тойдың соңы осындай жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Әзірше тойды тоқтата тұрған дұрыс. Садақаға бармаған жөн. Қазіргі жағдайда ешкім ешкімге ренжімеуі керек. «Сақтансаң — сақтармын» деген. Ең бастысы —  деннің саулығы, — дейді Марина Есетова.

Екпеден кейін ауырып қалғандар жоқ

Ақтөбе қаласындағы №3 емхана мамандары да тұрғындарға вакцинаның пайдасын түсіндіріп жатыр. Бұл емдеу мекемесінен 500 адам екпе алған. Оның 163-і медицина маманы болса, 69 педагог, 10 студент бар. Әскери адамдардың саны — 122. Диспансерлік есепте тұрғандар да егілуде. Емхананың иммунолог дәрігері Рая Төлегенованың айтуынша, қазір 300 адам вакцинаның екінші дозасын кезекпен алып жатыр.

— Коронавирусты тоқтатудың бір ғана жолы бар. Ол — вакцина.  Ақпан айында өзім де екпе алдым. Алғашқы кезде қызуым көтерілді, әлсіздік пайда болғандай сезілді. Бірақ екі-үш күннен кейін бұл белгілер жойылып кетті. Бұдан басқа айтарлықтай жанама әсерін байқағаным жоқ. Барлығы  жеңіл қабылдап жатыр. Екпе алғаннан кейін вирус жұқтырып ауырып қалған жағдайлар тіркелген жоқ. Халық жаппай вакцина алса, ұжымдық иммунитет қалыптасады. Қазір тұрғындар екпенің маңызын түсініп келе жатыр. Ұжым болып, отбасы болып екпе алып жатқандар бар. Жасы жетпіске келген тұрғындар да вакцина алуға ниетті. Алайда тәртіп бойынша тек 65 жасқа дейін ғана екпе салынады, — дейді Рая Төлегенова.

Қаладағы №4 емханаға ақпан айында 150 доза  вакцина келген. Наурызда 300 доза әкелінген. Барлығы 450 адам егілсе, соның 150-і екі компанентті де алған. Ертеңнен бастап қалған 300 адам екінші компанентті алуды бастайды.

— Вакцинациялау жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Ешқандай мәселе жоқ. Алғашқы кезде екпе алуға келгендердің арасында қорқып, үрейленгендер болды. Екпе ерікті түрде жүреді. Вакцина аламын деп келген адамдарға толық ақпарат береміз. Терапевт маман сұрақ қояды. Қандай созылмалы ауруы бар, алуға бола ма, болмай ма, анықтайды. Жан-жақты тексерулерден кейін ғана екпе салынады. Екпе алғаннан кейін үш күн учаскелік терапевттің бақылауында болады, — дейді емхананың эпидемиолог дәрігері Ақбота Оқасы.

СOVID-19  ЖАҢА ШТАМЫНЫҢ ҚАУПІ ҚАНДАЙ?

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының міндетін атқарушы Манар Смағұл коронавирус инфекциясының жаңа штамдары, яғни «Британдық» және «Оңтүстік африкалық» штамдары туралы айтты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша SARS-CoV-2 Британдық штамм әлемнің 125 елінде анықталған. Бір аптаның ішінде тағы 7 елде тіркеліп отыр. Адамдар вирусты жиі жұқтырған сайын ол мутацияға ұшырап жатыр.

Коронавирустың жаңа штамының белгілері  вирустың алғашқы  штамымен бірдей. Вирус жұқтырғаннан кейін дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады. Адам дәм мен иіс сезбейді. Ұлыбритания мамандарының айтуынша, жаңа Британдық штамм кезінде иіс сезудің жоғалуы аз байқалады, яғни алғашқы штамнан айырмашылығының бірі — осы.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бірінші сәуірден бастап вакцинациялауға жататын контингент көбейді. Айдың  басында қосымша 150 мың доза және соңына дейін шамамен 1 миллион доза жеткізу жоспарланып отыр. Қазір тек Қазақстан ғана емес бүкіл әлемде вакцинаның тапшылығы байқалып жатыр.

САПА МЕН ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛАЙ ТЕКСЕРІЛЕДІ?

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев жаңа вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігі қалай тексерілетінін түсіндірді.

— Қазақстанда вакцина медициналық мекемелерге түскенге дейін тексеруден өтеді және оларға қойылатын талап өте жоғары. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы вакциналардың сапасына, қауіпсіздігі мен тиімділігіне мұқият қарайды, сараптау жүргізеді. Сондықтан елімізде вакцинаны тіркеу және сараптау ұзақ уақытты және бірнеше кезеңді қамтиды, — деді А.Гуляев.

Қазір қазақстандық QazCovid-in және Гам-КОВИД-Вак вакцинасы  уақытша тіркеуден өтті. Сарапшының айтуынша, QazCovid-in қазақстандық вакцина қазір клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде, сынақ осы жылдың  екінші жартысында аяқталады.

Ал профилактикалық медицина академиясының сарапшысы Бауыржан Жүсіпов, қазақстандықтар қалыпты тіршілікке қайта оралуы үшін 11 миллион адам вакцина алуы керектігін айтты. Қазір әлемде бірнеше вакцина қолданылып жатыр. Екі жүзден астам вакцина клиникаға дейін және клиникалық зерттеулерден өтуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button