Басты жаңалықтарЭкономика

Республика бойынша алғаш рет Ақтөбеде жылқы шаруашылығына субсидия төленіп жатыр

Жыл басындағы дерек бойынша облыста 173 мыңнан астам жылқы бар. Соның 7 мыңға жуығы — асылтұқымды. Бүгінде жылқы шаруашылығын дамытуға, оның ішінде мал басын асылдандыруға ерекше мән беріліп жатыр. Осы мақсатта жылқы тұқымдарының республикалық палатасы құрылған еді. Қазір аймақта жылқы өсіріп отырған 24 шаруашылық аталған палатаға мүшелікке тіркелген. Палата құрамындағы шаруашылықтарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытуда палатаның ықпалы қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында біз  ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасының директоры Қалыбек Рзабаевпен сұхбаттасқан едік.

— Құрылғанына бес жылдай уақыт болған жылқы палатасының бүгінде шаруашылықтар үшін маңызы қандай?

Республикалық жылқы паласытаның негізгі мақсаты — асылтұқымды жылқылардың бірыңғай ақпараттық-аналитикалық базасын құру. Елімізде ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті  жылқы  тұқымдарының  сапасын арттыруға бағытталған  іс жүзіндегі ұсыныстар мен теориялық мәселелерді шешуде, оларды ғылыммен қамту үшін ғалымдарды тартуға, ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті  жылқыларды өсіріп, тұқымын, түрін, жүйесін одан әрі жақсартуға, тиімді әдістерді жобалауда палатаның ықпалы зор. Ең бастысы — осындай бағыттағы жылқы тұқымдарын иеленуші жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау. Сонымен қатар жергілікті жылқылардың асылтұқымдық  есебін  ұйымдастыру, оларды бағалап, анықтау, сондай-ақ шаруашылық иелерінің сұранысы бойынша жылқылардың асылтұқымдылығын тану, куәлік  беру палата міндетіне жатады.

Былтыр Ақтөбеде жылқы шаруашылығын дамытуға қатысты өткен республикалық конференцияда шаруашылықтарға субсидия төлеу мәселесі біраз талқыланған еді. Қазір осы іс қалай жүзеге асырылып жатыр?  

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен былтырдан бері елімізде алғаш рет Ақтөбе облысында жылқының  аналық басына мал азығы үшін 20 000 теңгеден қаражат төлеу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар асылтұқымды айғыр сатып алушыларға бір басына 100 000 теңге және қымыз өндірушілерге литріне  60 теңгеден қаржы  қарастырылған. Бұл — облыс басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан шара. Ол кісінің жылқыға деген, оның ішінде қазақ жылқысын дамытуға деген жанашырлығының, патриоттылығының арқасында осындай жетістікке қол жеткізіп отырмыз. Ең бастысы —  бұл қаражаттың жергілікті бюджеттен бөлінетінін атап өткен жөн.

Мұндай жеңілдікке жылқы шаруашылығындағылар қалай қол жеткізбек? — Биыл 1 қаңтардағы дерек бойынша Ақтөбе облысында 173 533 жылқы бар. Оның 6553-і — асылтұқымды. Бүгінгі күні республикалық жылқы палатасының құрамына Ақтөбеде 24 жылқы шаруашылығы мүшелікке тіркелді. Облыс әкімдігі тарапынан жылқы шаруашылығына беріліп жатқан субсидияны алу үшін шаруашылықтар subsidy.plem.kz жүйесіне өтініш беруі керек. Яғни шаруашылықтағы әрбір бие ауыл шаруашылығы жануарларын бірегейлендіру және ақпараттық талдау жүйесі бағдарламасына тіркелуі қажет. Бір айта кетерлік жайт, асылтұқымды аналықтар үшін мұндай субсидия төленбей отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың мәлімдеуінше, аймақта жылқы шаруашылығына субсидия ретінде қомақты мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, бұл бағытқа барлығы 682,8 млн теңге субсидия қаражаты берілді. Атап айтқанда, мал азығының құнын арзандату бағытына 315 шаруашылыққа — 630,4 млн теңге, асылтұқымды айғырларды сатып алғаны үшін 8 шаруашылыққа — 9,0 млн теңге, қымыз өндірісінің шығынын арзандату мақсатында 3 шаруашылыққа 43,4 млн теңге төленіпті.

Биыл бұл мақсатқа 700,0 млн теңге қаражат қарастыру жоспарланған.

— Жылқыға берілетін субсидияның басқа талаптары бар ма? Мәселен, облыстық бюджеттен бөлінетін 20 мың теңге субсидияны алу үшін шаруашылықта қанша бие болуы шарт? Әлде оған көңіл бөлінбей ме?

— Ең бастысы — шаруашылықтағы жылқының аналық басы 50-ден кем болмауы керек.  Сосын жоғарыда айтқандай, ақпараттық жүйеге енгізілген болуы керек.

— Бүгінгі күні асылтұқымды жылқыға субсидия төлеу мәселесі шаруашылықтарда қызу талқыға түскен жағдайлардың бірі. Бұл мәселеге байланысты  палата тарапынан қандай шаралар қолға алынып жатыр?

— Өте орынды сұрақ. Бұл — көпшілікті алаңдатып отырған мәселе. Биыл ақпанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың атына елімізде өнімді жылқы шаруашылығында селекциялық және асылтұқымдық жұмыстарды ынталандыру бойынша бірқатар ұсынысымызды айтып, хат жолдаған болатынмын. Өйткені қазір республикада жылқы саны тұрақты өсуде. Қазақстан Республикасы Статистика комитетінің деректері бойынша 2020 жылдың 1 желтоқсанында 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, шаруашылықтардың барлық санаттарында жылқы саны 10,6 пайызға артып, 2955,3 мыңға жеткен.  Оның  92,8 пайызы — табынды жағдайда өсірілетін жылқылардың жергілікті ет-сүт бағытындағы тұқымдары. Осылайша жыл сайын елімізде жылқы саны 8-10 пайызға артып отырғаны байқалады. Бір айта кетерлік жайт, республиканың асыл және таза тұқымды жылқыларының арасында ет-сүт өнімділік бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының ішінде қазақы жабы, мұғалжар және көшім тұқымдары басым. Оның үстіне мұндай жылқылардың көбею қарқыны да жоғары. Олар жыл бойы жайылымдық-тебіндік жағдайға жақсы бейімделгіш қасиетке ие. Дегенмен жылқы шаруашылығын дамытуда асылтұқымды мал өсірушілерді қолдау шарасы басымдыққа ие болмай отыр. Яғни асылтұқымды аналық мал басын ұстауға қатысты істер селекциялық асылтұқымдық жұмыс жүргізу шаралары мемлекет тарапынан субсидияланбайды. Осыған байланысты асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдары селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуді әлсіретті. Кейбір шаруашылықтар жылқылардың ат қорада өсірілетін зауыттық тұқымдарын бақылаусыз қалдырып, оларды жергілікті аналық малмен шағылыстыру  нәтижесінде жұқпалы аурулар пайда бола бастады.  Бұған түрлі жағдайлар себеп болады. Соның бірі — импортталған айғырлардың жыл бойы жайылымдық-тебендік өсіруге бейімделмеуі. Бұның салдарынан жылқылар түрлі ауруларға шалдығып, атап айтқанда, су-ауру, ринопневмония, жылқы тұмауы сияқты аурулардың салдарынан шаруашылықта  көктемгі құлын алу күрт төмендейді. Осындай басқа да мәселелер 5-7 жылдан кейін республикада жылқы өнімділігі төмендеуінің басталуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан біз болашақта осындай  мәселелердің алдын алу үшін асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытуда субсидиялауды енгізуді ұсынған болатынбыз. Әзірге министрлік тарапынан мұндай  ұсыныстарымызға байланысты нақты жауап алған жоқпыз.

— Шаруашылықтар палата құрамына қалай тіркеледі? Ол үшін қандай құжаттар талап етіледі?

— Ет  және сүт өнімі бағытындағы жергілікті асылтұқымды жылқының иесі халыққа  қызмет көрсету орталығынан жеке кілт алып, ақпараттық талдау  жүйесіндегі  жылқыға арналған бағдарламаны ашып, асылтұқымды жылқының кемінде үш  атасының мәліметтерін жүйеге енгізеді. Бұл жүйеге енгізілетін асылтұқымды  жылқы нөмірі ауыл шаруашылығы малдарының идентификациялық нөмірімен  сәйкес болуға тиіс. Мүшелікке кіру жарнасын және жылқының асылтұқымдылығын тану, палатаға тіркеу, асылтұқымдық мәртебе беру қызметтері үшін жыл сайынғы жарнасын палатаның

жарғысында және жалпы жиналысының хаттамасында көрсетілген мөлшерде төлейді. Cелекциялық жылқы тұқымын асылдандыру жұмысы ғылыммен қамтылуға тиіс және сұрыптаудан өтпеген жылқылар асылтұқымды деп танылмайды.

— Сонда палата мүшелігіне тіркелген шаруашылықтарға қандай жеңілдіктер бар? 

Бұрын асылтұқымды жылқы шаруашылығы мәртебесі болмаған, бірақ асылтұқымды жылқысы бар палатаға мүше емес тұлғалар тіркеу және асылтұқымдық мәртебе алу қызметтері үшін жылқының әр басына белгіленген  мөлшерде қаражат төлейді. Ал қазір палата мүшелері асылтұқымдық мәртебені жылқының санына қарамастан тегін алады.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button