Ауыл

Тұлпар тілін түсінетін Түгелбай

Бойында қазақылықтың қаны тулаған  жігіттер болады. Олар қай ортада да елдік мүдде үшін ақтарыла сөйлеп,  өскелең буынға  өсиет айтуды өзіне борыш санайды.  Түгелбай Құдайберген серіні осы топтың қатарына жатқызуға болады. Сегіз қырлы, бір сырлы Төкең Шалқардың құйқалы топырағынан шыққан Әлима, Батақтың Сарысы, Құдабай, Наурызбек, Есентүгел сынды т.б. белгілі ақын-жыршылардың жыр-термелерін таңды-таңға қосып жырлайды. Атбегілік, асабалық өнері және бар. Былайғы күннің өзінде де қазақтың ою-өрнегімен зерленген бешпеті мен саптама етігін киіп, дәстүрлі киімімізбен дараланып жүреді.

— Әкем Орынбасар  кеңестік кезеңде жылқышы болды, жылқының күзетінен келе жатқанда атына мінгесу үшін анадайдан алдынан шығатынбыз. Осылай кішкентайымыздан жылқы малына жақын болып өстік.   Туған жеріміз Аяққұмда жылқышының баласы болып, ат баптаудың қыр-сырына ерте қанықтық.  Басында асылтұқымды жылқы дегенді білмейтінбіз,  барлығы  қазақы еді.  Берегіректе бәйгелерден талай  жүлде әкелген «Сұңқар», «Жұлдыз» деген тұлпарларымыз болды.  Қостанай облысының Жетіқара ауданының тұрғыны Арман Еспергенов деген жігіттен 2010 жылы жабағыдан тай шығар тұсында алған Тойдуман деген сәйгүлігім астыма үш автокөлік мінгізіп, талай аламандарда мәреге бірінші жетіп, аудан мерейін көтерді. Текті тұлпарға сұраныс көп. Талай азаматтар осы сәйгүлігіме «құда» түсті. Жақында Тойдуманның бұрынғы иесі Арман осыдан тұқым алғым келеді деп өтінгесін қайтадан өзіне бердім.

Жалпы, атбегілікпен айналысуға алдымен өзіңде ықылас пен жылқы малына деген құрметің басым болуы керек.  Кешегі кеңшар тұсында әр жылқы ауылда бас жылқышы деген болатын. Барлығы соған бағынатын. Жайылымдағы жылқыны үркітіп, бейберекет қуып, терлетпейтін.  Қазір үйір-үйір  жылқысы болғанымен, соны қарайтын бір жарақты ат ұстамайтыны өкінішті. «Машинамен мал қарайды», деген сәнге айналды. Бұл — мақтаншылық. Тұлпарының жанарынан-ақ бабын білетін бұрынғылардың қатары да  азайды.  Қазақ «Ат баптау — әлек» деп текке айтпаған ғой, оның да өз қиындықтары бар.  Ат жарату барысында көретін бейнетіңді аламанда сәйгүлігің озып келсе, бірден ұмытып кетесің.

Бұрынғы ат жалында жүріп, ел қамын ойлаған бабаларымызды қазақтың ат үстіндегі азаматтары деген емес пе!?  Бір Ақан серінің Құлагерінің тарихтағы орны қандай!?  Батыр бабаларымыз Есеттің, Көтібардың, Тотанның, Мырзағұлдың мінген аттарының тектілігіне тарих куә. «Ер жігіттің есімін астындағы аты  шығарады» дегенге мен келісемін, — дейді атбегі ағамыз.

Атқа мінетін адамның аңшы болмауы да мүмкін емес. Оның шаруашылық басында Шах, Қиыпсоқ, Қаракөз деп атайтын қазақы жүйрік тазылары бар екен. Аңшылық өнерді де ермекке айналдырып, оның қадір-қасиетін жоғалтып алмасақ екен деген ой оны үнемі мазалайды. Аң біткенге аяусыздық танытпайтындарды ұлттық құндылығымызды құрметтемейтіндер деп санайды.

  • Кезінде бір рулы елді бір жүйрік тазы асыраған. Одан бері де аңшылық өнер  серілердің серуені ретінде де танылған тамаша үрдіс еді. Қазір аң біткенге жайлы техника күшімен төніп барып, төбесінен ұратындардың жат қылығы мені қынжылтады.

Тазы — жеті қазынаның бірі. Оның да өз күтімі бар, жілік майын толтырып, арнайы ас құйып, жел өтіне тоңдырмай баптау қажет. Жарғақ кұлақ, шашақ кұлақ деп қазақы тазының өзін де екіге бөлген. «Ақ тазының алғанынан қара тазының шалғаны қандай?» деп тазылар туралы ескіден жеткен әдемі сөз бар. Өйткені ақ тазы қарда дұрыс көрінбейді де, қарасының ұстағаны, иілгені, қуғаны бәрі көрініп қалады екен.

Осы тұста ол  тағы  бір жақсы әңгіменің тиегін ағытты. Аяққұм ауылында  бұрын Аймағанбет, Досжан деген сөзге берік кісілер болыпты. Аймағанбет ақын, жыршы болса, Досжан елге қызмет жасаған сыйлы кісі екен.

Аймағанбет бірде бір беделді кісіден жүйрік тазы сұрап алыпты. Досжан екеуі сол тазыны бірге алып қайтыпты. Жолда тазының жілігінде май жоқтығын байқаған  Аймағанбет ойға беріліп, жүрісін шабандатыпты.

Оған Досжан: «Неге кідіре бересің?» — дегенде:

— Өмірімде адам баласынан сөзден жеңілмеген едім, мына тазының сұрағына жауап таба алмай, қиналып келемін депті.

— Тағы не дейді, адам мен ит сөйлесе ме? — дегенде, Аймағанбет:

«Кірерде босағама күліп келдің,

Елдегі жігіт едің білікті ердің.

Ниет қылып Ыбекеңнен алғаннан соң,

Ет пенен сүт береді деп үміттендім.

Айеке, бостан-босқа мақтанасың-ау,

Бір итті баға алмасаң, жігіт пе едің», — деді маған, — депті.

Жеті қазынаның бірі арқылы астарлаған сөз төркінін түсінген Досжан сол жолы Аймағанбетке сауындағы бір қарасын жетектетіп жіберген екен.

Міне, сөз қадірін құрметтеген бұрынғылардың  осындай тағылымды тіркестері Төкеңнің жадында әрдайым сайрап тұрады.

Бүгінде Түгелбай Орынбасарұлы Шалқар қаласының іргесінде «Ынтымақ» деп аталатын шаруа қожалығын құрып, жұмысын жүргізіп отыр. Сол жерде ат баптайды, жылқы, түйе сауып, қымыз, шұбатпен қысы-жазы шалқарлықтарды қамтамасыз етеді.

Жылқышы баласының  жылқы малының қадір-қасиеті туралы айтары көп. «Ат — ердің қанаты» демекші, кезінде әр қазақтың үйінің белдеyінде аты байлаулы тұрды емес пе?! Қазір бәрі өзгеше… Заман дамыды, келешек буын заманауи техникаға әуес, санада материалдық құндылықтың бәсі басым. Осы ретте ұрпағымыз рухани кемел болып жетіліп, ат үстінде тақымы мықты болуы үшін ұлттық ат спортын жер-жерден дамытуға ден қойылса деген Түгелбайдың тілегі бар.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button