Ауыл

Молшылық көзі — ағарған

Үлгі

Бақытгүл Аманжолқызы жоғары оқу орнын бітірген соң 2000 жылы Мәртөкке келіп, араға екі жыл салып, басшылық қызметке ұсынылды. Соңғы алты жылда  №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының директоры.

Ол отбасында екі баланың анасы, аяулы жар, ибалы келін болса, сыртта — үлкен ұжымның басшысы. Жауапты қызметте бола тұра үй шаруасынан да ешқашан қол үзген емес. Мал ұстап, сиыр сауып, дастарқанында ағарғанның мол тұруын қалайды.

Кейбіреулер секілді ауылда тұрып ала жаздай сүт, айран, құрт-ірімшік іздеп, дүкен аралап көрген емес. Мұғалім болып жұмыс жасайтын жолдасы Оспан Амангелдіұлы екеуі қызметтері мен мал бағуды қатар алып жүріп, берекені өз қолдарымен жасайды.

Аулаларында шағын қорадан өрген малдан күн сайын сүт өнімдерін әзірлеп отыр. Яғни айран ұйытады, құрт пен ірімшік жасайды, қаймақ шайқап, май дайындайды.

— Аздаған мал ұстағанның арқасында қаймақ-майымыз үзілген емес. Қыста жылы қорада ұстап, жолдасым жем-суын уақтылы беріп отырады. Бір жағынан, бұл тірлігіміз өсіп келе жатқан екі баламызды еңбекке баулу деп білемін.

Қазір қорадағы тірлік таңғы алтыда басталады. Жаз мезгілінде ерте тұрып,  сиырларды сауамын, сүт тартамын. Арасында май шайқап үлгеретін кездерім де болады. Сегізде жұмысымда отырамын, — деп сырымен бөліскен кейіпкеріміз түскі үзіліс уақытында көз шырымын алып, он-он бес минуттай демалып, одан соң үйдегі шаруаларын түгендейтінін айтады.

Жұмыстан барып, мал жайылымнан келетін уақытқа дейін қолым қалт етіп босап қалса, кітап оқып та үлгеріп жатамын. Одан соң сиыр сауып, сүт тартамын. Құрт қайнатып, оны жаямын, ірімшік қайнатамын.

Сондай-ақ жаз мезгілінде бау-бақша өнімдерін де егеміз. Күз мезгілінде тосап қайнатып, қияр, қызанақ тұздау, сүттен түрлі тағамдар жасаумен қатар жүріп жатады, — дейді кейіпкеріміз.

— Деннің сау болуы — тынымсыз еңбек, таза тағамның арқасы. Үй шаруасындағы жұмыстарға балаларымызды да үйретіп жүрміз. Ұлым әкесіне мал жайласып, қой сойғанда көмектессе, қызым асүйде, ұлттық тағам жасауда қолғабыс жасайды. Қалада тұрып та, жұмыста жүріп те мал ұстауға болады. Ағарғанның емдік қасиеті де мол, — дейді Бақытгүл Аманжолқызы. — Соның ішінде, қызыл ірімшікті байырғы қаймағы бұзылмаған, ертеде әжелеріміз жасаған әдіспен, жас қозының ұлтабарынан мәйек жасап істеймін. Мәйекпен ұйытып, суалғанша қайнатамын. Ал құртты жасағанда айранды сүзіп қоямын. Қазанға үстіне қаймақ құйып, уыттап қайнатамын. Суыған соң ас қасықпен құрт жасап кептіремін. Қатты кептірмей, бұзылмас үшін тоңазытқышқа салып, сақтап қоямын. Сонда жылдың қай мезгілінде алып жесең де сол күйінде сақтаулы тұрады. Құрт — кальцийдің көзі, сүйектің қатаюына, көздің көруіне, тістің түзу және қайратты, азулы өсуіне, асқазанның ас қорыту сөлін қалыпты бөліп шығаруда пайдасы өте зор.

Қазір Бақытгүл апай отбасын құнарлы, табиғи тағаммен қамтып отыр. Артылғаны — сұрап келген тұтынушыларының, көрші-қолаңның несібесі.

Бақытгүл Абдуллина адал еңбек түпкі мақсатқа жеткізетіндігін қызы Нұрай мен ұлы Нұркенге ұдайы айтып отырады. Бүгінде он екі жастағы Нұрай өзінің қолынан шыққан тәттілерімен мәртөктіктерге танымал. Айтуынша, тұрақты сатып алушылар мен тапсырыс берушілері бар, оның үстіне сүттен жасаған ұлттық тағамдарына қызығушылық күн санап артып келеді екен.

Сүт тағамдарын халық бір сөзбен ақ деп атайды. Осы ақтан жүзден астам тамақ түрлері жасалады. Және олардың көптеген қызықты атаулары мен орны және алуан түрлі ерекше жасалу, пісіру жолдары тағы бар. Сөйтіп, бір сүттен сұйық, қою, қоймалжың, ащы, тұщы, жұмсақ, қатты, ұнтақ тағамдар жасап шығарған. Олардың көпшілігі қазіргі кезде қазақ дастарқанынан сирек көрінетін жеңсік ас қатарына жатады.

Бақытгүл апай — сол молшылық көзін жасауға ұмтылушылардың бірі.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button