Басты бет » Білім » Ұстаздық шеберханасының алтын діңгегі

Ұстаздық шеберханасының алтын діңгегі

Ақтөбе гуманитарлық колледжі — білім мен ғылымның ұлағат ұясына айналған қара шаңырағы. Тоқсан жылдан астам уақыт білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, тарихы тереңнен басталатын колледж — көптеген білім саласының майталмандарын қанаттандырған құтты ұя. Түлектердің алғашқы легі қатарында атақты тұлғаларды атап өтуге болады.

Осы оқу ордасында ұстаздық еткен, білім алған Ұзақбай Құлымбетов, Ахмет Жұбанов, Ғұбайдулла Ақтаев, Ідіріс Үргенішбаев, Қожабай Жазықов, Бәкір Тәжібаев, Емберген Тереков, Рабиға Сыздықовалар тарихи тұлғаларға айналды.

Осындай биік білім ордасынан кейінгі бір толқын қатарында мен де қанаттанып ұшқанымды мақтан тұтамын.

Ақтөбе өңіріндегі білікті ғалымдар, ұстаздар мен әдіскер-оқытушылар шоғырланған іргелі оқу ордасында 1993-1997 жылдар аралығында «Бастауыш  білім беру» мамандығы бойынша 25 студент бір топта білім алдық. Төрт жыл колледж қабырғасында, жатақханада өткізген әр сәт қызыққа толы болатын. Студенттік кезең мұғалім ретінде қалыптасуға негіз қалады. Нақ осы тұс мұғалім деген дана мамандықтың құпиясын ашумен қатар, жас буынға білім беруге деген құштарлық сезімімді оятып, арманымды қанаттандырды.

Білім ордасы әр студентке білім мен ілім беріп қана қоймай, өмірлік ұстанымдары мен болашаққа сенімді қалыптастырады. Колледж қабырғасында ұйымдастырылған түрлі іс-шаралар, үйірме жұмыстары жан-жақты шыңдалуымызға жол ашты. Әр жыл сайын, оқу жылының басында ауылшаруашылық практикасына баратынбыз. Мұның өзі еңбектің қандай түрінен болса да қашпауға, қайта қиындыққа төзімді болып, иыққа түскен ауыр жүкті қайыспай көтере білуге үйретті. Бұл біздің кез келген еңбек жолындағы істі атқаруға қабілетті екендігімізді және отбасындағы бірге туған бауырлардай тату екенімізді сезіндірді. Кейін колледжді тәмамдап, жан-жаққа кетсек те, бір-бірімізді сағынысып, іздейтіндей жақын достар болуымызға негіз болды.

Сол кезеңде білім берген ұстаздарымыздың тәлімі мен білімі әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпады, әрқайсысымыздың өмір жолымызда берік іргетас болып қаланды. Бала психологиясының құпиясын танытқан Борандық Досмырза, қазақ тілімен сусындатқан Зоя Бралова, математиканың қыр-сырын меңгерткен Айша Базарбаева, педагогика пәнін оқытқан әрі ұстаздық жолының жарқын үлгісі  Нәзира Дүйсенбайқызы және басқа  ұстаздар біздің маман болып қалыптасуымызға жол ашты.

Кураторымыз Нәзира Дүйсенбайқызының ерекше еңбегі туралы сөз қозғай кеткім келеді. Ол — нағыз ұстаз, сондай-ақ әр студенттің екінші анасындай қамқор, жақын құрбысындай сырласы еді. Алдындағы әр шәкірттің тұлғалық ерекшелігін танып, қажет болған уақытта ақылшысы болды. Білім беру саласына үздіксіз қызмет етіп, өз білімін жастарға жеткізіп, оларды қоғамның адал перзенті ретінде тәрбиелеуде, ғылым шыңына жетелеуде көп еңбек сіңірді. Терең білімі мен қажырлы еңбегі, дәріскерлік шеберлігі, басқару ісіндегі парасаттылығы арқасында күні бүгінге дейін жемісті еңбек етуде.

Колледждегі білім беру ісінде теория мен практиканың өзара үйлесімді теңгерімі жолға қойылған. Біздің білім саласында өз орнымызды тауып, берік орнығуымызға колледж қабырғасындағы білім мен мектептегі педагогикалық практика арасындағы сабақтастықтың да алатын орны ерекше.

Колледжде бастауыш сынып мұғалімі ретінде каллиграфия, хореография, музыка, денешынықтыру  әдістемелерінен  де білімімізді жетілдірдік. Қазіргі таңдағы білім беру саласында жаңадан айтылып жүрген мониторинг, коучинг біз білім алып жүрген кезде-ақ колледж қабырғасында жүзеге асырылғандығын байқаймыз.

Бүгінгі таңда курстастарымыздың барлығы дерлік өмірден өз орнын тапты, бірі ғылым кандидаты, жоғары оқу орындарының үздігі атанса, енді бірі жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет атқаруда, арамызда мектеп директоры, директордың орынбасары қызметтерін атқарып жүргендері де бар. Ең бастысы, ұлағатты ұстаздар берген білім мен тәрбие әр шәкірттің бойында берік ұстаным болып қалыптасып, кәсіби білікті маман болуға ықпалын тигізді.

Гуманитарлық колледж бізді өсірді, шыңдады, қолдады. Мен сол үшін білім ордамыздың әрбір ұстазына басымды иемін.

           Индира МҰРАТӘЛИЕВА,

Ақтөбе қаласындағы №60 мектеп

директорының бастауыш сыныптар

ісі жөніндегі орынбасары.