Басты жаңалықтар

Биыл жол жөндеуге 5 миллиард теңге бөлінді

Анық-қанық

Ақтөбеде қар ерісімен жолдың жыры қайтадан басталды. Тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы арыз-шағымын білдіріп, ойдым-ойдым шұңқырлармен жүрудің өзі мұң екенін жеткізіп жатыр. Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров журналистерді жинап, осы мәселеге байланысты биыл қолға алынатын жұмыстар жөнінде түсінік берді:

— Соңғы күндері тұрғындарымыз сапасына қатысты наразылығын білдіріп жатқан жолдардың бірі — Ақжар-Кірпішті тасжолы. Ұзындығы – 9,255 шақырым. Бұл тасжол 2007 жылы салынған. Сол уақыттан бері 1 рет орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Енді биыл жолды 4 жолаққа дейін кеңейтіп, күрделі жөндеуді бастағалы отырмыз. Үлкен жоба болғандықтан, бұл қомақты қаржыны талап етеді. 4,6 миллиард теңге қажет. Екі жылға созылатын жөндеу жұмыстары таяу арада басталады.

Өз кезегінде былтыр осы жерде ағымдағы жөндеу жұмыстарын сапасыз жүргізген компания енді өз қаржысына бәрін дұрыстайтынын, оған бюджеттен бір тиын  бөлінбейтінін айтқым келеді, — деді.

Шаһар басшысы Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл автокөлік жолдарын жөндеуге 5 миллиард теңге бөлінген. Аталған қаржыға 42 көшенің машина жолдары қалыпқа келтірілмек. Сондай-ақ биыл Қызылжар, Рауан, Жаңақоныс, Кірпішті елді мекендерінің автокөлік жолдарына көңіл бөлінгелі отыр.

— Суағарлар жүйесіне келсек, біз 340 миллион теңгеге жобаны дайындадық. Қаражат бөлінді. Осы жылы Батыс-2 шағын ауданы бойынша жұмыстарды аяқтаймыз. Сонымен қатар кейбір жерлерге құдықтарды орнатамыз. Бүгінге дейін 40 құдық қойылған.

Тұрғындардың шағымдары орынды, онымен келісеміз. Бірақ біз бір орында тұрған жоқпыз, жұмыстар атқарылып жатыр. Көп ұзамай соның нәтижесін көреміз деген үміттеміз, — деді А.Шахаров.

Атқарушы билік өкілдері мердігердің талапқа сәйкес жасамаған жөндеу жұмыстары қабылданбайтынын, айталық, былтыр сапасыз орындалған 20 жобаның қайта жасалатынын атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button