Жаңалықтар

Тұтынушы құқығы қалай қорғалады?

Брифинг

Жыл басынан бері құзырлы органға  130 тұтынушыдан арыз-шағым түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62 пайызға көп.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Тұтынушының негізгі құқықтары мен сатушының міндеттері туралы» тақырыбында өткен брифингте  Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын  қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаева осылай деп мәлімдеді.

Брифингте ол тұтынушы құқығына қатысты жүргізілген талдау нәтижесін баяндады. Оның айтуынша,  тұтынушылардың заңды мүдделері мен құқықтарының бұзылуының  басты себебі — тұтынушының өз құқығын білмеуі және сатушының  (дайындаушының, орындаушының) өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамау  жағдайынан туындайды.

Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өткен жылдың қорытындысы бойынша — 680 , ал биыл қаңтар-ақпан айларында 130 тұтынушының арыз-шағымын қарады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62 пайызға көп.

Яғни, өз құқықтары бойынша департаментке, басқа да уәкілетті органдарға, қоғамдық ұйымдарға құқықтық кеңес алу мақсатында хабарласатын азаматтар саны артуда.  Былтыр  өтініштердің 35 пайызы қанағаттанарлық деңгейде шешілсе, биыл тұтынушылардан түскен арыз-шағымдардың  55 пайызы оң шешілді. Жыл басынан бері 53 адамға тұтынушы құқығы бойынша кеңес берілді, — деді Гүлзада Алматбаева.

Белгілі болғандай, былтыр материалдық залал келген 235 адамның  35,0 млн теңгеге құқығы қорғалып, шығыны өтелді. Ал биыл екі айда 21 тұтынушының 900,0 мың теңгесі қайтарылды.

Тұтынушылар сауатты болуға талпынса ғана өз құқығы мен мүддесінің бұзылуына жол бермейді. Өйткені тұтынушы құқығы бұзылуының басым бөлігі бөлшек саудада жиі кездеседі. Барлық арыздың 60 пайызы бөлшек сауда үлесіне тиесілі, — деді Г.Алматбаева.

Брифингте тұтынушы құқығы мен сатушы міндеттері туралы толық ақпарат берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button