Мәдениет

«Алақайға» жөндеу жүргізіліп, 4 ауданда ғимараттар салынады

Алқа жиын

Кеше облыс әкімдігінде өткен алқа жиынында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өткен жылғы атқарылған жұмыстары қорытындыланып, биылғы жылға арналған міндеттер пысықталды.

Жиынға онлайн форматта облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің директорлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық мәдениет бөлімдерінің басшылары қатысты.

Алқа жиынында алдымен басқарма басшысы Алтынай Юнисова өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста 480 мәдениет және өнер мекемесі бар. Оның 473-і — мемлекеттік мекеме. Оның ішінде 236 кітапхана, 194 мәдени-сауықтыру клубтық мекемесі, 19 музей, 13 архив, 2 театр, облыстық филармония мен планетарий, халық шығармашылығы үйі, сондай-ақ мәдени және демалыс саябақтары мен мемориалдық кешендер бар. Өткен жылы өңірде, атап айтсақ, Ақтөбе қаласында және Алға ауданында жаңадан екі кітапхана ашылған.

Отырыста биылғы жылға арналған міндеттер де пысықталды. Мәселен, биыл «Алақай» қуыршақ театрына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі таңда облыстық драма театрына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Алдағы уақытта өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты болған жағдайда халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі ұйымдастырылып, облыста алғаш рет республикалық «Ахтанов алаңы» театр форумы өткізілмек. Сонымен қатар биылғы жылы «Ұлы дала театры» атауымен облыстық драма театры ұжымы аудандар мен елді мекендерге гастрольдік сапарларға шығады. Темір, Алға, Хромтау, Мәртөк аудандық архивтері мен музейлеріне типтік ғимараттар салынады.

Бұдан кейін алқа жиынында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары М.Балмағамбетова мен Шалқар, Ырғыз аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары өткен жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің — 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары аясында ұйымдастырылған іс-шаралар мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыстар туралы есеп берді.

Жиын соңында облыстағы мәдениет және өнер мекемелері басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.

                                             Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button