Спорт

Нұртас кәсіпқой бокстан чемпион атанды

Жерлесіміз Нұртас Əжбенов кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, «WBC Asia Continental» белдігін жеңіп алды.

Алматы қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде Нұртас Əжбенов ресейлік қарсыласы Евгений Смирновты 10 раундтық жекпе-жектің қорытындысы бойынша ұпай санымен ұтты. Бұл — Нұртастың кәсіпқой бокстағы 11-ші жеңісі. Оның ішінде 4 жекпе-жегін уақытынан бұрын жеңіспен аяқтады.

Боксшы 61,2 келі салмақта «WBC Asia Continental» белбеуі үшін титулдық жекпе-жекке шықты.

— Қарсыласым Евгений Смирнов — өте тәжірибелі спортшы. Ол 17 жекпе-жек өткізіп, оның біреуінде ғана жеңіліс тапқан. Мен алғаш рет 10 раунд өткізудің қандай екенін сезіндім, — дейді чемпион.

Айта кетейік, Нұртас Əжбенов — Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Жаттықтырушысы — Аманкелді Үсенбаев. Кейін ол Ақтөбеге қоныс аударып, әуесқойлар арасында Қазақстан Республикасының спорт шебері болып, сондай-ақ бокстан Қазақстан құрама командасының құрамына енді. Нұртас кәсіпқой боксты 2018 жылы 23 жасында бастады.

Соңғы жекпе-жегіне дейін боксшы бір жарым жыл Лондонда дайындалды. Оны кубалық маман Анхел Фернандес және басқа да жаттықтырушылар жаттықтырды. Нұртас ағылшын компаниясымен келісімшартқа отырып, Англияда, Дубайда, Испанияда және Қазақстанда 5 жекпе-жек өткізген. Кейінірек ол компанияның Қазақстанда да филиалы ашылды. Қазір ол белгілі спортшы Болат Ниязымбетовпен бірге Алматы қаласында  жаттығады. Келісімшарт бойынша ол жылына 3-4 жекпе-жек өткізуі керек.

— Бұрын біз жылына 5-6 жекпе-жек өткізіп жүрдік. Қазір раундтар көбейді, сондықтан жекпе-жек саны да азайды. 10 раунд рингте кем дегенде бір сағат өтеді.  Әрине, қиын. Физикалық және психологиялық тұрғыдан барынша дайындаламыз, — дейді ол.

Боксшының айтуынша, жазда ол белбеуін қорғауы керек. Өтініш берушілер арасында осы дәрежелі белбеуі бар ағылшын спортшысы бар. Осы жарыста жеңіске жетсе, бірден екі белбеуге ие болады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button