Жаңалықтар

Бір күнде 61 адам індет жұқтырды

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте 61 адам коронавирус жұқтырды. Оның 51-і Ақтөбе қаласынан болса, қалғандары Мәртөк, Алға, Әйтеке би, Мұғалжар аудандарынан тіркеліп отыр.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев әлеуметтік желіде өткен брифингте тұрғындарды сақтанып жүруге шақырды.

Облыс 22 наурыздан бастап сары аймаққа өтті. 24 наурызда шектеу шаралары күшейді. Аудандардағы аухал да мәз емес. 24 наурыздан бастап Ойыл ауданы қызыл белдеуге өтті. Қазір аудандық ауруханада коронавирус инфекциясынан өкпесі қабынған 35 адам ем қабылдауда. Рүстем Исаев қосымша 25 кереует дайын тұрғанын, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екенін айтты.

Соңғы үш айда аурушаңдық көрсеткіші өскен. Мәселен, қаңтарда індет жұқтырған 265 адам тіркелсе, ақпанда — 313, наурыз айында 813 адам коронавирусқа шалдыққан. Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 30-39 жас аралығындағы 252 адам індет жұқтырған, яғни орта жастағылардың арасында аурушаңдықтың жиі тіркелгені байқалған. Облыстың инфекциялық ауруханаларында 311 адам ем қабылдаса, оның 215-і қаладағы емдеу мекемелерінде жатыр. Жансақтау бөлімінде 18 адам бар. Оның екеуі жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. — Соңғы уақытта адамдар бетперде тағуды ұмытты. Алаңсыз жүр. Бұлай салғырт қарауға болмайды. Қоғамдық көлікке мінгенде бетперде тағып жүріңіздер. Той, отбасылық шараларды уақытша тоқтата тұрған дұрыс. Қаулы шықты. Салтанатты жиындар, той, яғни адам көп жиналатын барлық шараларды өткізуге тыйым салынды. Ойын-сауық орталықтарының жұмысына шектеу қойылды. Ойын клубтары, караоке, банкет залдарының қызметіне тыйым салынған.  Жексенбі күні сауналардың жұмыс жасауына болмайды. Сондықтан кәсіпкерлер жағдайға түсіністікпен қарағаны жөн. Талапқа бағыну керек, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыс бойынша 47 мобильді топ жұмыс жасайды. Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша талапқа бағынбағандарға 19 558 485 теңге көлемінде 141  айыппұл салынған.

Тікелей эфирде тұрғындар сұрақтар қойды.

Рүстем Исаев облыста вакцинациялау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын айтты. Алдағы аптада вакцинаның тағы бір үлкен бөлігі келетінін, облыс әкімінің өзі бастап егілетінін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button