Мәдениет

Жалғасы көп жырлар

С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханада Маңғыстау өңірінен келген жыршы, ҚР мәдениет саласының үздігі Жеткізген Сейітовпен кездесу өтті.

Кездесуге кітапханашылар, облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері, осы орталық жанынан ашылған «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері мен оқырмандар қатысты.

Кешті кітапхананың коворкинг орталығының жетекшісі Талғат Тілеулесов жүргізді. Жыршы сұрақтарға жауап бере отырып, өзінің өнер жолына қалай түскені, репертуары туралы айтты, осы өнердің бүгіні мен болашағы жайлы ойларын жеткізді.

— Жыр — Ұлы дала үшін әрі тарих «кітабы», әрі өнер еді. Жыршылық мектептердің әрқайсысының үлкен тарихы бар. Мысалы, мен жыр айтуды Сүгірдің шәкірттерінен үйрендім, ал Сүгірдің өзі кімнің шәкірті еді деп, әрі қарай жалғай берсек, бұл шежіре сонау Тоқтамыс пен Едігенің заманында ғұмыр кешкен Сыпыра жырауға барып тіреледі. Біз осы ұлы өнерді отырықшы жұртқа айналғаннан кейін жоғалтып алдық, — деді жыршы.

Ол жыршы болу үшін адамның есте сақтау қабілеті мықты болуы керектігін айтты. Өзі мектеп қабырғасында жүріп жаттаған қазақ ақындарының жырын әлі де ұмытпапты.

Кеште Жеткізген Сейітов өзінің «Бастау термесінен» бастап, «Бала Ораз, Қоспақ және Құлмамбет» айтысынан, Сүгірдің жырларынан, т.б. жырлардан үзінділер орындады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button