Жаңалықтар

Келіндер түсті сайысқа

Қобда аудандық Мәдениет үйінде келіндер байқауы өтті.

Қазақ келіндерінің бойындағы иба мен инабаттылықты, өнерпаздық пен шеберлікті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне деген ұстанымын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға 5 қобдалық жас келіншек қатысты. «Таныстыру», «Ат тергеу», «Өнерлі өрге жүзер», «Сұрақ-жауап», «Менің отбасым – менің бақытым» деген бес айналымнан тұрған байқауда жас келіндер өздерін ақылдылығын, нәзіктігі мен мықтылығын көрсете білді.

Барлық үміткерлер өздерінің қазақы дәстүрді сақтаған инабатты да ибалы келіндер екенін дәлелдеді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі 1-орынды Венера Акимова, 2-орынды Әлия Нұрманова, 3-орынды Айгерім Мұхамбеталина алды. Гүлбақыт Бимашева «Көрікті келін» атанса,  «Ибалы келін» номинациясын Әйгерім Нұртазина иеленді. Кеш соңында барлық қатысушыларға Алғыс хат және сый-сияпаттар табыс етілді.

Отбасы құндылықтарын сақтап, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауда келін тәрбиесінің маңызы айрықша. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ әйелдерінің инабаттылығын көрсеткен бұл байқаудың, әсіресе, жастар үшін тағылымы мол.

Ардақ ЖҮСІПБЕКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button