Ауыл

Кәсібі — жолында, нәсібі — малында

Орталығын айтпағанда, қос қаласы, 12 селолық округі бар Мұғалжар ауданы — мың шаруашылықтың мекені. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның таудың қойнауынан алар байлығы да көп. Жоғары жақтан келетін бұлақтар мен қар сулары аудан үстімен өтетін бірнеше өзендердің тамыры десе болады. Жем, Темір, Ойыл өзендері сумен қоректендіріп, ағысын еселеп отырады. Жері мен жайылымы мал баққан шаруаға қолайлы. Сай мен саласы көктемде суға толып, өрістің де сәнін келтіреді. Сондықтан Мұғалжар ауданы облыс бойынша қойының көптігімен көш басында тұр.

Кезінде төрт түліктің қамын күйттеген ауылдардың бірі — еңбекпен көзін ашқан Еңбек ауылдық округі. Аудан орталығы Қандыағаш қаласынан 30 шақырым жердегі округ орталығы Сағашиліге 20 минутта жетесің.  Жол тақтайдай тегіс болғасын қай ауыл да қашық емес. Жаңадан салынған немесе күрделі жөндеуден өткен еңселі үйлердің көптігіне қарап, бұл ауылдың тұрмысын да байқап үлгердік. Бірден көзге ұрғаны — орталық көшедегі сап түзеген жас талдар болды. Үйлердің әр түсті сәнді қақпаларды да көшелердің ажарын ашып тұр. Оған ауыл ішіндегі асфальттарды қосыңыз. Ауылдың етегімен Темір өзені орай ағады екен.  Ауылдың тұсындағы үлкен көпір өткен жылы күрделі жөндеуден өтті. Ауылдың тарихымен аз-кем танысу үшін байырғы тұрғыны Төремұрат Әбеновті сөйлеттік.

Кезінде мұндағы халықтың 70 пайызы өзге ұлттан болды. Бұрынға атауы — Покровка. Орыстар көп болатын. Бірақ олар еңбекқор еді.  Ауылға тал егіп, бау-бақша жұмысын жандандырды. Олардан қазақтар бақша салуды үйреніп, жердің өнімін игере бастады. Орыстар мал ұстады. Сөйтіп, бірнеше ұлт өкілдері қосылған ауылдың тіршілігі қызу, тұрмысы тәуір, тату-тәтті өмір сүрді. Кейін орыстардың көбі көшіп кетті. Қазір ауылда он шақты өзге ұлттың отбасылары бар, — дейді ауыл ақсақалы.

Ресми деректе 3 мыңнан аса халқы бар бұл округте 12 ұлт өкілдері тұрады.

Демографиясы өсімтал. Округ бойынша өткен жылы 56 сәби өмірге келген. Бір айтарлығы, көгілдір отынның игілігін ерте көрген Сағашиліде отын мәселесі жоқ. Мұнда 1960 жылдардан бастап газ құбыры тартылған. Сонымен қатар ауыл іргесіндегі Достық көшесі, елді мекендері Басшилі және Темір көпір бекетінің  тұрғындары газбен қамтылған.

Округке қарасты Басшилі ауылының кіреберіс жолы күрделі жөндеуден өткізілмек. Оған құжаттары дайындалып, қаржысын күтіп отыр. Бұл ауылға ауызсу керек.

Қолындағы малын көбейту үшін округте 8 адам 28 900 000 теңге несие алыпты. Демек, осынша қаржының өнімі мен өсімі бірер жылдан кейін ауыл тұрғындарының пайдасына құйылмақ. Округте 2 ЖШС, 1 кәсіпкерлік корпорациясы және  39 шаруа қожалығы  бар. Жеке тұрғындардың да ауласындағы малы өсіп жатыр. Айталық, өткен жылы ірі қараның саны 4009 болса, биыл 4437  болды, ұсақ малы

11824-тен 13824-ке жетті. Бір жылдың ішінде жылқы 250-ге көбейген.

Бір айта кетерлігі, көп ауылда түйе жоқ. Бірақ Еңбек ауылдық округінде 100-ден астам түйе бар. Ойсылқараның тұқымы жыл санап өсіп келеді екен.

Темір өзенінің сағасында орналасқан Сағашилінің жері құнарлы. Өзен жағасы бау- бақша салуға сұранып тұр.

Жанайдың жаңалығы

«Жанай» шаруа қожалығы — үкіметтің жеңілдетілген несиесімен малын көбейтіп алғандардың бірі. Шаруаның иесі Жанай Әбенов — әке таяғын ұстаған бала. Оның әкесі Төремұрат Әбенов кеңшарда қой өсіруші  комсомол жастар бригадасының жетекшісі болып 10 жыл қызмет еткен. Кейін кеңшардың зоотехнигі, бөлімше басқарушысы, директордың орынбасары, тағы басқа жауапты қызметтер атқарған бұрынғы кадр.  Қазір жасы 74-те. Еңбек ардагері. Бірақ малдың жайын бес саусағындай білетін оның тәжірибесіне сүйенбеске болмайды. Оның айтуынша, өзі құрған «Жанай» шаруа қожалығының өрісі малға толып келеді.

Кеңшар тарағаннан кейін бәрі көшіп кетті. Жұмыс жоқ. Бірақ мен ауылдан кетуді ойламадым. Бізге пайға жер телімі тиді. Бұрынғы өзіміз мал баққан әрі әке-шешемнің қыстауы Жарсай-Құмсайдан шаруа қожалығын құрдым. Бастапқыда 4-5 сиыр, 30 қой, бірді-екілі жылқымыз болатын. Қазір сиыр мен жылқымыз жүзден айналады. Ақыры түбі бір жақсылық болатынын білгенмін. Үкіметтің кәсіпкерлерге беріп жатқан көмегі малды тез көбейтуге сеп болды. Жолымыз қандай!? Қандыағаш қаласына дейін 30 шақырым асфальтпен зыр ете қаламыз. Ауылдың үйлері қаладағы үйлерден кем емес. Айта берсең, көп қой. Міне, осының бәрі — малдың арқасы. Жұмыс жоқ дегенге сенбеймін. Біреуге малшы бол десең, өмір бойы мал соңында жүретіндей шошиды. Бес жыл мал бақсаң, сол жылдарда өсірген малың өмір бойыңа жетуі мүмкін. Менің ойым — осы. Оған көзім жетті, — дейді ол.

Қазір шаруашылықты ұлы Жанай жалғастырып отыр. «Жанай» шаруа қожалығы «Даму» қорынан несие алып, мал басын өсіріп алған. Ендігі кезекте егін салуды көздеп отыр. Оған жеткілікті жері де бар.

Өзен жағасынан бақша салғым келеді. Оған мүмкіндігіміз бар. Қаражатымыз жетпей жатса, несие аламыз. Менің арманым — жаңа техникаларға қол жеткізу. Себебі қай істің де тәуекелі техникаға тәуелді. Техникаң жаңа болса, мол өнім ала аласың. Суармалы егістікті жандандырғымыз келеді, — деп жоспарларымен бөлісті «Жанай» шаруа қожалығының басшысы Жанай Әбенов. Әкеден балаға көшкен шаруаның бүгінгі жайы көңіл қуантып тұр.

Сағашилінің сәні — жастар

Сағашилі күре жолдың бойында орналасқан. Сондықтан бұл ауылға жолаушылар жиі түстенеді. Алдағы жылдары дәмханалар көбеймек. Өйткені Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолы салынып жатыр. Ал округтің Тепсең Қарабұлақ ауылынан басқасы осы жолдың бойында. Жолдан мәселе жоқ. Соңғы жылдардағы барлық ауылдардың проблемасы жастардың аздығы еді. Соның әсерінен кей ауылдардың «қартайып» бара жатқаны ащы болса да шындық. Бірақ Еңбек ауылдық округінде жастар көп екен. Жастар көп жүрген жерде ауыз толтырып айтатындай іске асқан ауқымды жұмыстар да жетерлік. Олар шаруа мен шаралардан қалмайды.

Округ әкімі Аманбай Каюповтың айтуынша, 14-29 жас аралығында 561 жас бар екен. Белсенді. Жаңашылдыққа құмар.  Жас отбасы Сұлтан мен Гүлбақыт қайтарымсыз грантқа ие болып, сурет салонын ашыпты. Темір көпір бекетінде Мирас есімді жігіт құстың бірнеше түрін ұстайды. Сонымен бірге қой өсіруді қолға алды. Тағы екі жас дөңгелек жөндеу шеберханасы мен ұн өнімдерін пісіретін наубайхана ашпақшы.

Өткен жылы Мақтаарал ауданына да барып, материалдық және қол көмектерін беріп келген  округ жастары карантин кезінде ұйымшылдық танытып, ауыл имамымен бірге қиын жағдайда қалған  отбасыларға ірі қара мен қой етін, азық-түлік түрлерін таратты. Округ жастарының бұл еңбектері елеусіз қалған жоқ. Аудан, облыс әкімдерінің назарын аударып, ризашылықтарын алды. Алғыс тек сөзбен ғана айтылған жоқ. Биыл ауыл жастарына  жабық типтегі спорт алаңы салынатын болды.

Ауылда жастар көп, әрі спортқа жақын. Бізде күрес өнері жақсы дамыған. Әділет Алмат деген жас палуанымыз былтыр Словенияда еліміздің көк туын желбіретті. Абайдың 175 жылдық мерекесіне орай ауыл жастары шабандоздардың басын біріктіріп, 175 шақырым жерді аралады. Жолай кездескен ауылдарға Абай атамыздың өлеңдерін оқып, домбырамен әндерін айтып, қарасөздерін насихаттады. Ал еріктілер тобы жаз бойы жалғызбасты қарттардың үйінің күл-қоқыстарын шығарып берді. Қыс айында қардан тазартты. Округте шаралар  жастарсыз өтпейді. Республикалық дәрежеде атжарыс ұйымдастырдық. Оған Өзбекстан, Қырғызстаннан келді. Бәйге жүлделерін де жастар өздері көтерді, — дейді округ әкімі Аманбай Қаюпов.

Алайда округте барлық мәселе шешілген деп айтуға әлі ерте. Жасалатын жұмыстар шаш етектен.

Көшелерді асфальттау, тротуарлар салу күн тәртібінен түспейді.

Әсіресе, Сағашилі мен ортасын өзен бөліп жатқан Достық көшесінің арасы жалғызаяқ ескі «жабайы» көпірмен жалғанып тұр. Достық көшесінде 14 үй бар. Жолаушылар түстенетін дәмхана да осы жерде. Ал қолдан жасалған ескі көпірмен жүруге облыстық төтенше жағдайлар департаменті рұқсат етпейді. Заңсыз әрі көктемгі су тасқынында адамдардың өміріне қауіп төндіреді деп есептелінген.

Бұл көпір мәселесі күрделі шаруа болып тұр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті маған айыппұл да салып кетті. Алып тастайық десек, күн сайын жаяу жүргіншілер қатынайды.  Ауыл тұрғындарының талабын да орындау керек. Бұл туралы аудан әкімімен бірге ақылдастық. Ол жерге заң бойынша техника да, жаяу адамдарға да көпір салу қарастырылмаған, болмайды. Ақыры тек жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салуды қолай көріп отырмыз. Оның бәрі халықпен бірлесіп, олардың ұсыныстары арқылы шешіледі деген ойдамыз, — дейді ауыл әкімі.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button