Мәдениет

Ғазизаның концерті

Өнер орталығында Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының ұйымдастыруымен халықаралық байқаулардың лауреаты Ғазиза Қалмағанбетованың «Ноктюрн» атты концерті өтті.

Ғазиза — бүгінде қалалық Оқушылар сарайының музыка факультеті фортепиано класының түлегі. Жас өнерпазға пернелі аспаптың тілін үйретіп, кәсіби музыкадан дәріс беріп жүрген мықты маман — тәжірибелі педагог Елена Сутер.

Ғазиза өнерге жақын, шығармашыл отбасында өскен. Атасы мен әжесі домбыра, гитарада ойнап, ән айтқанды ұнататын болған. Ал әкесі Бижан — Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың директоры, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ғазизаның әпкесі Назерке Оқушылар сарайының бейнелеу өнері  студиясы мен би факультетін тәмамдаған.

Ғазиза бала кезінен музыка естілсе, билеп, ойыншық пианиносына қосылып, ыңылдап ән салады екен. Осыны аңғарған бала күтуші Людмила Сутягина ата-анасына Ғазизаны музыка үйірмесіне апаруға кеңес беріпті. Сөйтіп, ол алты жасқа толмай тұрып Оқушылар сарайының табалдырығын аттайды.

Кеш барысында Ғазиза кіп-кішкентай саусақтарымен үлкен аспапта Раушан Қалидың өңдеуіндегі халық әні «Ақбақайды», Фредерик Шопеннің «Вальсін», сондай-ақ Мориц Мошковскийдің «Искорки», Ференц Листтің «Утешение», Абайдың «Көзімнің қарасы», Иоганн Себастьян Бахтың «ХТК Прелюдия и фуга ре минор», Вольфган Амадей Моцарттың «Соната ля минор» шығармаларын нәшіне келтіре орындады.

Елена Сутердің басқа да шәкірттері — София Епихина,  Жасмин Нұрашева, Тахмина Есжановалар Ғазизаны қолдау үшін кешке арнайы қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ жас фортепианошылардың әрқайсысы Елена Сутермен бірге  түрлі музыкалық шығармалар ойнап, ұстаз бен шәкірттің тандемін ұйымдастыра білді.

Кеш иесі мен ұстазына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің, Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаровтың, облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның атынан Алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталды. Ғазизаның құрбылары да қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button