Мереке

Этностильдегі бұйымдарға жыл бойы сұраныс зор

Мерекелер, атаулы күндер жақындағанда көпшіліктің аяулы адамын қуантқысы келіп, мүмкіндігінше сый-сияпат жасайтыны әмбеге аян. Өйткені сыйлық арадағы сыйластықты арттырып, кім-кімді болса да керемет көңіл күйге бөлейді. Бір жағынан, сол нұрлы күннен естелік боп қалады. Ол қазақы үлгідегі бұйым болса, тіптен ғажап емес пе!?

Соңғы уақытта ұлттық нақыштағы сыйлықтарды ұсыну сәнге айналды деуге болады. Түрлі ою-өрнектермен көмкерілген киімдер мен сөмкелер, әмияндар, белдіктер, т.б. заттар дүкендерде көптеп кездеседі. Этностильмен басқалардан ерекшеленгенінен болар, бұларға сұраныс жыл өткен сайын артып отыр. Ал бағасына келсек, осыдан 2-3 жыл бұрынғы аужаймен салыстырғанда, аталған бұйымдар соншалықты қымбат емес. Нарықтың жазылмаған заңдылығына сай, құны біртіндеп қолжетімді күйге түсті. Мәселен, қазақы өрнектері бар белбеулердің құны 6,5 мың теңгеден жоғары болса, әмияндардың ең қымбаты 15 мың теңгеге барып жығылады. «Сұлуынан жылуы» демекші, әрине, сапасы бәрінен маңызды. Осы орайда біз мысалға келтіріп отырған дүниенің барлығы қаланың көптеген сауда орталығында самсап тұрғанын айта кетейік. Бұл дәстүрлі қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатындардың қатарының артқанын аңғартады. Әлгінде айтқанымыздай, бағаның өзгеруі сондықтан.

Біздегі тауарлар Алматы қаласынан әкелінеді. Сол жақта осы іспен айналысатындармен әлдеқашан тығыз байланыс орнатып, жасаған заттарын тікелей Ақтөбеге тасымалдаймыз. Арасында жергілікті шеберлердің де заттарын саудалаймыз.

Тауарлардың түрі көп. Мысалы, ұлттық үлгідегі кәдесыйлар, ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдар, әмияндар, қолға тағатын сағаттар, тақия-орамалдар, сөмкелер, басқа да заттар бар. Ұзын саны 30-ға жуық бұйым сатылымға қойылған. Басты ерекшелік — біздегі барлық заттар ою-өрнектермен безендірілген. Біз ұлттық нақышқа баса мән береміз, — дейді «Azhar qazaqstyle» дүкенінің өкілі Бибінұр Темірбаева.

2016 жылдан бері жұмыс істейтін аталған дүкеннің шаһардағы ірі сауда орталықтарында екі бөлімшесі бар. Қаршадайынан қолөнерге жақын «Azhar qazaqstyle-дің» иесі Жанар Темірбаеваның өзін сөзге тартқанымызда, этнобизнеске онға жуық адамның еңбек ететінін, бұның ұжымдық жұмыс екенін білдік.

— Қызымның есімі Ажар болғандықтан, дүкенді соның құрметіне атадым. Әрі біздің бағыттағы бұйымдарға келетін, жылы естілетін, қысқа да нұсқа атау екенін ескердім.

Өзім кішкентайымнан осы салаға қызығамын. Сондықтан кез келген бұйымдарға тапсырыс берушінің қалауына қарай аты-жөнін, қысқа тілегін жазып бере аламын. Сатушылар, зергер, тігінші, менеджер, барлығы онға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын. Болашақта кәсібімді кеңейтпек ойым бар, — дейді Жанар Темірбаева.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әдемі оюлармен бедерленген,  қазақы «иісі» бар жаулықтарды сатып алушылардың күрт артатынын айтқан дүкен иесі этностильдегі бұйымдарға, әсіресе, әмияндарға қысы-жазы сұраныстың мол екенін баян етті. «Тұрақты клиенттеріміз бар. Көпшілігі — әйелдер. Олар наурыз айы жақындағанда орамалдарды көптеп ала бастайды. Қазақ қай үйге қонаққа барса да, құр қол бармайды ғой… Осындайда орамалдан артық сый жоқ. Бағасы тиімді, өзі де көрнекті», — дейді ол әңгіме арасында.

Бір қызығы, ұлттық кәдесыйларды тұрақты түрде сатып алатындардың қатарында өзге ұлттың өкілдері де кездеседі екен… Пандемияға байланысты онлайн тапсырыстарды қабылдайтын дүкен өкілдері сатып алушылардың еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласатынын қосты.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button