Білім

Айнаш Қалиқызы — Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы

Үздік педагог, ардагер ұстаз Айнаш Қалиқызы ел тарихында тұңғыш рет табысталған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы мен төсбелгісіне ие болды. Бұл атақ Айнаш Қалиқызына еліміздің білім саласына қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысының  Жарлығы бойынша  мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған «Педагог мәртебесі» Заңына сәйкес табысталды.

Кеше облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан бастаған бір топ педагог Ақтөбе қаласындағы әуежайдан Айнаш Қалиқызын күтіп алды.

Ел Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы мен төсбелгісіне ие болдым. Бұл мен үшін үлкен абырой, үлкен мәртебе. Марапатты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады. Елімізде мемлекет тарапынан білім саласы үшін көптеген қолдау көрсетіліп жатыр. Маған берілген атақ —  «Педагог мәртебесі» Заңының жемісі. 

Министр Асхат Қанатұлымен емен-жарқын кездесу барысында көп жаңалықтарды естіп, қуанып қалдық. Бұрын жоғары оқу орнының педагог мамандығына құжат тапсырған  талапкердің сыннан өту балы 50-ден кем болмауы керек болса, ендігі талап — шектік ұпай 75 балдан кем болмауы тиіс. Демек, кез келген талапкер  педагог мамандығын таңдай алмайды, тек мықты түлектер ғана мұғалім  болуға талпынады деген сөз. Студенттердің шәкіртақысында да біраз өзгеріс бар. Педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарына түскен студенттердің шәкіртақысы 40 мың теңгеден асады екен, ал басқа сала бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысы 21 мың теңге болады. Бұл да мұғалімдерге құрмет. Мектептерде ер мұғалімдер тапшы. Бұл еліміз бойынша — өзекті мәселе. Осы мәселені шешудің бір жолы — енді  педагог мамандығын таңдаған ер балалар әскери борышын өтеуден босатылады. Мектеп директорлары мен орынбасарларының жалақыларына еңбектеріне қарай 3 негізде — 30 пайыз, 70 пайыз, 100 пайыз көлемінде үстемеақы қосылады екен. Бұл да педагог мерейін өсіретін игі іс, — деді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Айнаш Қалиқызы.

Ол білім саласында 50 жылдан астам еңбек етті. Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.

Айта кету керек, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы мен төсбелгісі республика бойынша 25 педагогке табысталды. Біздің өңір бойынша бұл атақ Айнаш Қалиқызына берілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button