Мәдениет

«Ер Едіге» жыр мектебі ашылды

Әз Наурыз мерекесі тұсындағы Ақтөбедегі ең қуанышты жаңалықтардың бірі — «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылуы болды.

Жыр мектебі облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан ашылып отыр.

Оның ашылу салтанаты ауылға жыршы-жырау келген сәттегі толқулы, қуанышты абыр-сабырды бейнелейтін көрініспен ашылды. Сахнаға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Есентүгел Әзи шығып, арнау-жыр орындады. Жырда ақын өзінің туған жеріне, ақтөбеліктерге деген лебізін жеткізді:

«Құлыныңды Димаштай

Арқыратқан өзіңсің,

Маңдайымды батамен

Жарқыратқан өзіңсің»…

Бұдан соң облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова құтықтау сөз сөйледі. Ол «Ер Едіге» жыр мектебінің Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген жобаларды жүзеге асыру аясында ашылып отырғанын айтты:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» — деп атап өткен еді. Жыр — мәңгі жасайтын ұлттық рухымыздың бір бөлшегі. Жыр мектебінің Ер Едігенің атын иеленуінде де өте үлкен мағына бар. Ұлттық өнеріміз арқылы тарихымыздың даңқты парақтарын, елдік жолында аянбай тер төккен асыл бабаларымызды да насихаттаймыз. «Ер Едіге» жыр мектебі — Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойына орай ұсынылып отырған үлкен сый, — деді ол.

Басқарма басшысы бұдан кейін сахна төріне кеш қонақтары — маңғыстаулық жыршы Жеткізген Сейітов пен Нұр-Сұлтан қаласынан келген 16 жастағы жыршы Әбдірахман Естайұлын шақырып, оларға сый-сияпат көрсетті.

Одан соң залдағы жұрт белгілі жыршы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың бейнеқұттықтауын тыңдады.

— Ақтөбе өңірі — ежелгі жыраулар мекені. Асанқайғы, Шалкиіз жыраулардың мұрасы — осы сөзіміздің дәлелі. Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылуы — бабалар мұрасын, ұлттық өнерді жаңғырту, кейінгі ұрпаққа жалғау жолындағы үлкен игілікті іс, — дей келіп, Алмас Алматов жыр мектебінің жұмысына сәттіліктер тіледі.

Жиында «Ер Едіге» эпосы мен оның бас қаһарманы — Едіге биді (1352-1419 жж.) зерттеуге үлкен еңбек сіңіріп жүрген ғалым, филология ғылымдарының докторы, С. Бәйішев университетінің профессоры Жұманазар Асан «Ер Едіге» эпосының құндылығы, бүгінгі күнге жетуі, сондай-ақ халқымыздың жыраулық дәстүрі жөнінде сөз сөйледі.

— Қазір «ақын» деген атты алу оңай, бірақ бұрын «жырау» деген атты алу оңай болмаған. Жырау атану үшін, жыр айту мен ақындық дарыныңның болуы аз, оған қоса, біріншіден, қазақтың шежіресін білу керек және, екіншіден, «Қобыланды батыр», «Едіге», «Қарасай-Қази» және «Орақ-Мамай» сынды арнайы тізімге енген жырларды жатқа айту керек. Жырау деген ат осындай талаптарға сай болған адамға үлкен ас, үлкен жиынның үстінде, дүйім елдің алдында берілетін болған, — деді ол.

Ашылу салтанатында Маңғыстау жыр мектебінің өкілі, ҚР мәдениет саласының үздігі Жеткізген Сейітов (өзінің арнауы), жыршы Әділбек Сарин («Кіші жүздің ерлері» толғауы), жас жыршы, Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің 2-курс оқушысы Әбдірахман Естайұлы («Қобыланды батыр» жырынан үзінді), Мұғалжар ауданынан келген жыршы Жаңбырбай Әбдірайым (Сарышолақ ақынның «Жыр бастауы»), Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілер тобының жетекшісі Ғазиза Әбдірова, Алға ауданынан келген жыршы Мырзағұл Жұмағалиев, жыршы, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Демеу Жолымбетовтер («Мәулімнияз-Едіге» жырынан үзінділер) өнер көрсетті.

«Ер Едіге» жыр мектебі болашақта үлкен мектепке, үлкен орталыққа айналып, халқымыздың киелі жыр өнерін дәріптеуге, кең таратуға зор үлес қосады деп үміттенеміз.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button