Мәдениет

Ән әуелеп, күй күмбірлеп…

Жексенбі күні Өнер орталығында «Достық сазы» фольклорлық ансамблі мен облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері бірлесіп, «Көрісейік ағайын!» атты концерт өткізді.

Концерттік бағдарлама Шал Мырзаның «Мереке» күйімен басталып, «Угай-ай», «Беу, айдай» сынды халық әндерінің әуенімен көрісу ғұрпын дәріптейтін арнайылап жазылған  өлеңмен (мәтін авторы О.Байсеңгір) ашылды.

Кеш барысында Ш.Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», халық әндері «Әгугай», «Балқадиша», Е.Арзыұлының «Наурыз — жыл басы», Естайдың «Сандуғаш», А.Қоразбаевтың «Шашбаулым», Қ.Молжановтың «Қазақтың салты», Қазанғаптың «Әлиманың бозжорғасы» және т.б. әндер мен күйлер орындалды.

Концертте ҚР Мәдениет қайраткері Перуза Нарман, ҚР Мәдениет саласының үздігі Елдос Жұмағұлов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Гүлназира Сағынғанова, Нұрлан Әбдібеков, Ғазиза Әбдірова, Динара Шынарбаева, Әділет Күзенбаев, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» би ансамблі және «Екі езу» сатира театры өнер көрсетті.

Айта кету керек, «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі — ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнелов. Дәстүрлі әншілердің көркемдік жетекшісі — халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері Ғазиза Әбдірова.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button