Басты жаңалықтарЭкономика

Облыс әкімі бюджеттің толық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібі, мемлекеттік сату саласындағы жұмыстардың нәтижесі, бюджет қаражатын игеру мәселелері қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Отырыста облыс әкімі аппаратының басшысы Қайрат Райымқұлов мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртіп жағдайының 2020 жылғы және 2021 жылдың екі айындағы талдау қорытындысын айтып берді.
Оның айтуынша, аталған кезеңде мемлекеттік органдарға облыс әкімі 3430, орталық мемлекеттік органдар 11 484 тапсырма жүктеген. 185 тапсырма мерзімі өткен соң орындалса, 45 тапсырма орындалмаған. Облыстық құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, индустриалды-инновациялық даму, денешынықтыру және спорт, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, табиғи ресурстар басқармалары, сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен Темір ауданынан басқа аудандардың барлығы тапсырмалардың мерзімдерін бұзған. Ал көрсетілген мерзімде орындалмаған тапсырмалардың қатарында жер телімдерін аудан орталықтарының айналасында көгалды аймақ жасауға бөлу және рәсімдеу, дендрологиялық жоспардың әзірленуі, Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру, коммуналдық төлемдерді төлеу үшін бірыңғай төлем құжатын енгізу, қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығару және т.б. бар.
Жиында облыс әкімі барлық тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындауды және мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібін бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен аппарат жиындарында басқармалардың жұмыстары қорытындыланатын болды.
Оңдасын Оразалин жиында облыс бюджетінің өткен жылғы орындалуы туралы есепті тыңдады.
Бюджеттің кіріс бөлігі өткен жылы 123,5 млрд теңгені, түсім қарқыны 2019 жылмен салыстырғанда 103,6%-ды құраған. Облыс бюджетінің шығыс бөлігі 355,3 млрд теңгені құрап, қаражат 99,9%-ға игерілген. Коммуналды мүлікті жалдау үшін 47,2 млн теңгеге 179 келісімшартқа қол қойылған. 114 нысан, соның ішінде 111 нысан сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқармаға берілген. Сенімгерлік басқармалардың қол қойылған келісімшарт негізіндегі міндеттерін толық орындауы бойынша жүйелі түрде бақылау жүргізілуде.
Мемлекеттік сатып алу саласында 2020 жылы 95,9 млрд теңгеге 1090 жоба қаралған, оның 565-і — даму бюджеті бойынша жобалар. Барлық жобалар бойынша байқау шаралары аяқталып, мердігер мекемелер анықталған.
Сонымен қатар өңірде 66,5 млрд теңгеге 398 жоба, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 19 млрд теңгеге 75 жоба мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізілген. 2019 жылмен салыстырғанда жобалар саны 46%-ға көбейген.
Мемлекеттік сатып алу бойынша байқаулардың көбісі әлі жарияланған жоқ. Бұл бақылаудың жеткіліксіздігінен, осыған жауапты басшылар мен мамандардың жауапсыздығынан. Осы бағыттағы бақылауды күшейту керек, — деген облыс басшысы  бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне бюджет қаражатының қаржыландыру жоспарларына сәйкес толық әрі тиімді игерілуін тапсырып, олардың жұмсалуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Жиын соңында Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне мемлекеттік сатып алу бойынша байқауды өткізу үшін өтініштерді уақтылы және сапалы тапсырылуын бақылауға алу, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірінші басшылар мен әкімдердің жеке жауапкершілігін анықтау, өткен жылы қабылданбаған сатып алу жоспарларының пункттері бойынша оларды мұқият талдау және кемшіліктерге жол бермеу міндеттелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button