Жаңалықтар

Парасат жолы —  әділдік жолы

Кеше Ақтөбе облысына іссапармен келген «Парасат жолы» республикалық орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиевалар «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымымен, облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков, белгілі қаламгерлер, мәдениет саласы қызметкерлері, облыстық газеттер ұжымы қатысты.

Биыл ақпан айында жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында жаңа «Парасат жолы» жобасы қолға алынған болатын. «Парасат жолы» республикалық орталығы  басшысы Сәдібек Түгел осы орталықтың жұмыс бағыты туралы айтты.

— Бұған дейін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында іргелі жұмыстар жасалды, жасалып та жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес мәселесіне үлкен көңіл бөліп отыр. Заңнама да қатайтылды. Бүгінде «Адалдық алаңы», «Антикор орталықтары» ашылып, жүйелі жұмыс істеп жатыр. Осы бастамалардың тағы бір парасы ретінде «Парасат жолы» орталығы биыл ақпан айында өз жұмысын бастады. Бұл жоба Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған болатын. Осы екі беделді мекеме тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін меморандум қабылдады. Меморандумға агенттік төрағасы Алик Шпекбаев, мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова қол қойды.

Ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды насихаттай отырып, кейінгі ұрпақ бойында парасаттылық, адалдық, әділеттілік принциптерін, жемқорлыққа төзбеушілікті  қалыптастыру мақсатында құрылған жоба аясында ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Парасат жолы —  әділдік жолы. Қоғамда «жемқорлықты мүлде жойып жіберу мүмкін емес» деген пікір қалыптасқан. Ол дұрыс пікір емес, егер ұлт болып ұйысып, бірлесе әрекет етсек, оны жоюға болады. Біздің мақсатымыз да осы. Ол үшін, ең алдымен, жемқорлыққа төзбейтін, жемқорлыққа қарсы азаматтық, қоғамдық, халықтық ділді қалыптастыруымыз керек. Сондықтан мектептерде, оқу орындарында кездесулер өткізетін боламыз, — деді С.Түгел. Ол еліміздің барлық кітапханалары мен мәдениет ошақтарында  «Парасат жолы» орталықтары ашылатынын, онда түрлі кездесулер ұйымдастырылатынын айтты.

Шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, қаламгерлер мен ардагерлер өз пікірін білдіріп, «Парасат жолы» жобасының тиімді жоба боларына сенім білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.         

Басқа жаңалықтар

Back to top button