Жаңалықтар

Орталық ашылды

Ақтөбе өңіріне іссапары барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, «Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісі, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен, ғылыми кеңес өкілдерімен, студенттерімен кездесті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет қатысты.  Жиынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров жүргізді.

Ақтөбе өңірлік университетінің ғимаратында «Парасат жолы» орталығы ашылды.  Аталған жоба қоғам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға, халықтың әдеби, мәдени және шығармашылық құндылықтарын пайдалана отырып, парасаттылық пен адалдық қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған.

Айта кету керек, қаңтардың 8-і күні «Парасат жолы» орталығы Ұлттық академиялық кітапханада ашылған болатын. Ақпанның 3-і күні бұл тәжірибені облыстарға тарату мақсатында еліміздегі облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық кітапханаларында өңірлік орталықтар іске қосылған-ды. Сол шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бүгінгі күннің өзінде Ақтөбе облысындағы 233 мемлекеттік кітапханада жоба орталығы ұйымдастырылып, өз жұмысын бастап кеткен.

Алдағы уақытта аталған орталықта сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб, жазушылар, ақындар, ғылым мен білім қайраткерлерінің, белсенді қоғам мүшелерінің қатысуымен көптеген шаралар өткізілетін болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button