Жаңалықтар

Абай бол, жаза күшейді!

Ақтөбеге арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен «Парасат жолы» республикалық орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел облыстың құқық қорғау саласында жүрген қызметкерлерімен кездесті.

Өнер орталығында өткен кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсірілген бейнероликтер көрсетіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне байланысты заңның өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бөлігі туралы кеңінен түсіндірілді.

Алдымен сөз алған Жазира Жылқышиева енді сыбайлас жемқорлық жасаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін жаза күшейтілгенін айтты.

Мәселен, баптың қолданыстағы редакциясы бойынша тағайындалған санкцияның мөлшері атқаратын лауазымға байланысты емес. Санкциялардың шегі тек пара мөлшеріне байланысты. Енді құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның қарапайым пара, яғни 50 айлық есептік көрсеткіштен төмен мөлшерде пара алуы бұрынғы редакциядағыдай ауырлығы орташа емес, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады. Бұл тұлғалар шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылады. Сондай-ақ олар үшін жазасын бірден қоныс-колонияларда өтеу мүмкіндігі жойылады. Заңсыз сыйақы алушыларға ғана емес, пара берушілер мен

делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.

Азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын түсінуі тиіс және бұл жаңа енгізілім қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеуді қалыптастыруға бағытталған.

Пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі соңғы 3 жылда республика аумағында сыбайлас жемқорлық қылмыстары 11 пайызға дейін азайғанын айтты, дегенмен сыбайлас жемқорлыққа жол берген ведомстволардың рейтингін құқық қорғау органдары бастап тұр.

— Жемқорлық — халықты қанау, ұлтты тонау, сатқындық. Отанды сату жемқорлықтан басталады. Осыны біз түсінуіміз қажет. Бізде міндет — айқын, бағыт — дұрыс. Яғни біздің мақсат — жемқорлықты түп тамырымен жою. Жемқорлықты жоймай, алға жылжу деген болмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы да үнемі айтып, алдымызға үлкен-үлкен міндеттерді қойды. Жұп болып жұмылып, осы кеселден арылуымыз керек. Алик Шпекбаев төрағалық етіп отырған агенттік үлкен тың бастамаларды өмірге әкеліп, жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бір мысалы ретінде, «Парасат жолын», «Адалдық алаңдары» мен Антикор орталықтарын айтуға болады, — деген «Парасат жолы» республикалық орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел аталған орталықтардың маңызы мен атқарып жатқан нақты жұмыстарын айтты.

Кездесу барысында Transparency International сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаһандық ұйымының 2020 жылғы қорытындысы да айтылды. 2020 жылғы нәтиже бойынша Қазақстан Республикасы 38 балл жинап, 94-орынға ие болған. Қазіргі уақытта біздің ел Бразилия, Эфиопия, Перу, Сербия, Шри-Ланка, Суринам және Танзания сынды мемлекеттермен бір қатарда тұр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button