Жаңалықтар

«Наурыз шуағы» мерекелік онкүндігі өткізіледі

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов облыста  Наурыз мерекесінің қалай тойланатыны жайында айтып берді. Биыл аймақта бұл мейрам «Наурыз шуағы» мерекелік онкүндігі негізінде аталып өтіледі.

Қазіргі жағдайға байланысты яғни санитарлық талаптардың сақталуы, шектеу шаралары жүргізіліп жатқан кезде қоғамда Наурыз мерекесі қалай тойланады, киіз үй тігіле ме деген сипатта түрлі сауалдар туындап жатыр. Наурыз — шығыс халықтарының жалпыұлттық мерекесі. Сондықтан біз Наурыз мерекесін атап өтуге байланысты арнайы жоспар жасаған болатынбыз. Жоспар 14-22 наурыз аралығында барлық іс-шараларды қамти отырып жасалды. Наурыз мерекесін атап өтуге байланысты облыстық іс-шаралар жоспары 10 бағыттан, 56 тармақтан тұрады. Бұл жерде негізгі іс-шаралар қайырымдылық жасау, халқымыздың ұмыт қалған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жаңғырту мақсатын көздейді, — деді А.Көпенов.

Оның айтуынша, Наурыз мерекесін тойлауға қатысты іс-шаралар 14-22 наурыз аралығында «Наурыз шуағы» мерекелік онкүндігі негізінде өткізіледі. Бұл күндері аймақта қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері немесе ақсақалдардың қатысуымен Наурыз мейрамының тәрбиелік мәнін, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің, ұлттық салт-санамыздың, мызғымас татулықтың тәуелсіздігімізді баянды етуге тигізер пайдасы мен әсерін түсіндіру бағытындағы жұмыстар қала, аудан, ауылдық округтерде және білім ордаларында ұйымдастырылмақ. «Мерекелік іс-шаралар жоспарына сәйкес ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында халық жаппай ұлттық киімдерімізді киіп, төл ойындарымызды ұйымдастырып, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, жас ұрпаққа Ұлыс күнінің маңызы жөнінде өсиет, өнеге айтады», — деді басқарма басшысы.

Онкүндіктің қалай өткізілетіндігі жөнінде іс-шаралар жоспары газеттің 6-7 беттерінде жарияланып отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button