Жаңалықтар

Қыстың соңы бірі ерте, біреуі жай…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Ауылда тұратын ағам хабарласты. Айтуынша, «шарайнада» шөптің әңгімесі гулеп тұр екен. Өзінің де жиған шөбінің түбі көрініп қалған. Ойнайтын емес, ойлайтын кез. Биылғы қыстың қары мол түсіп, су таситын болды деп қуанғанымызбен ауылдағы ағайының жайы мәз емес секілді. Сыртқа малының көптігімен арығын білдірмейтін ауыл, сол малына азық тауып бере алмай, сырын алдырып алғанға ұқсайды.

Жылда осы кезде жер қарайып күн жылып, малын өріске айдап салатын. Бұлай болар деп кім ойлаған?

Әлеуметтік желіні қыстай ығып жүрген жылқылардың суреттері шарлап еді, енді іш тастаған биелердің суреті келіп көңілге алаң ұялатып отыр.

Біраздан бері мұндай қар, «қыс көрмеген» Ақтөбе жұрты абдырап қалды. Қыз көктемнің күліп келетін уақыты болғанымен «кәрі құда» әлі асығар емес. Ақпан айының ортасынан бастап жауған қар, соққан боран техникаларды тұсаулап, жаяуларды омбылатты. Әрине, соңғы 3-4 жыл бойы су тасымай, облыстың өзендері тартылып, көлшіктері кеуіп кеткен еді. Көпшілік қалыңдау түскен қарға қарап, «биыл су мол болады» деп қуанып жүр. Бірақ бұл қыс мал баққан шаруаның көңілін алаңдатып тұр. Ақпанның ақ ұлпасы ауылдарға көбірек түскен екен. Көп ауылдарда мал азығы — шөп түгесіліп, жемнің бағасы шарықтап кетті. Әсіресе, дала малы жылқыларға обал. Ауылдағы ағайын күн санап қардың кетуін күтіп отыр. Күрт ерігеннің өзінде біраз күн керек. Өйткені күннің қабағы ашылар емес. Қанатқағар тұста «ақ жауынын» әлі еселеп жатыр. Жалпы, бабаларымыз «алты ай қыс» деп не үшін айтты дейсің? Негізінде, қыстың қары 22 наурыз мерекесі қарсаңында ғана көбесі сөгіліп, ери бастайды.  Сол уақытты жұрт «ала қар» деп атайды.

«Қыстың жазсынғанынан сақта» десек те, болар-болмас қардың наурыз тумай жатып еріп кететін мінезіне үйренген жұрт биылғы ауа райына алданып қалған сияқты. Жыл сайын жететін шөптің биыл ерте таусылып қалу себебі неде? Бірнеше себебі бар. Өткен жылға дейін жылқыны қоспағанда басқа түлік атаулы қаңтар айының ортасына дейін далаға жайылатын. Былтыр наурыз айының басында мал өріске шығып кетіпті. Демек, мұндай қар болмаған. Сондықтан аулаларындағы үйілген шөбі үнемделіп, келесі жылға да артылып жататын. Бірақ биылғы қыстың жайы бөлек. Мал қолға қараша айынан бастап тұра бастаған. Қар ерте түсіп, бірден жатып алды. Қойға қиындау болды.

Және себеп — мал ұстаған әрбір адам малын күзде семіз кезде сатады. Оның үстіне қазақтың соғым науқаны бар. Ауласындағы бірді-екілі малын сатып, сойып, қысқа ықшамдалып түсетін. Жемшөбі де мал санына қарай шақталып жиналатын. Шақталып демекші… Есепке келгенде малдың өсіміне, пайдасына  жүйрік болғанымен, шығынын көп шотқа қаға бермейтін ағайын кейде сол малдының жемшөбіне тарылып қалатын кездері де бар. Артық шөп — артық шығын. Сондықтан көбінде қыс бітіп, мал өріске шыққанда ауласы да тақырланып, «тіс шұқитын» шөп қалмайтын. Ал бұрынғыдай бір-екі көлік шөпті артығымен жинап, маясы келесі жылға артылып қалатын үйлер сирек. Сонымен, қыс ұзап кетті. Шөп жеткілікті үйілгенімен мал ерте тұрды. Бар уәж осы ғана. Малшылардың жорамалынша, дәл қазір төлден басқа мал атаулы далаға жайылуға тиіс. Қалай болғанда да мал азығының жеткілікті дайындалмайтынын мойындауымыз керек. Қазір малдың бағасы көтерілді. Ауыл малына сұраныс көп. Былтыр мал алушылар әрбір ауылдарды аралап, көлігін толтыра алмай кетіпті. Ешкім мал сатқысы келмейді. Сатса да қымбат сұрайды. Әрине, ақ адал малын бұлдаған дұрыс. Бірақ әр нәрсенің өз жобасы, шегі бар ғой. Көбі сатылуға тиіс малдарын өткізе алмай қалды. Сатып алушылардың айтуынша, бағасы сай келмейді. Өте қымбат. Өтпей қалған мал шөпке шығын.

«Сәуір болмай тәуір болмас» деген аталарымыз қыс уақытын қарашадан бастап сәуір айына дейін есептеген. Өйткені алдағы бесқонақтың боранынан сақтанған. Алайда ауа райының жылынуынан, яки бұзылуынан қыс жай келіп, ерте шығатын болды. Қатаңдау қыстың төрт-бес жылда бір айналып соғатынын білсек те, жылдағы әдетімізден жаңылмай, жемшөп қорын толық қамтымаппыз. Рас. Кейбір ауылдарда шабындыққа су шықпай шөптен таршылық болды. Өзге аудандардан сатып алуға мәжбүр болды. Қалай болғанда да қыстың он күніне татитын жаздың бір күнінде бір көлік шөптің бағасы 30-35 мың теңге болатын. Қазір шөбі таусылған ауылдарға басқа жақтан бір көлігі 75 мың теңгеден келіп жатыр. Жұрт малын қолдан қырсын ба? Жаппай екі есе бағасына сатып алуда. Қыстың қыс болғаны жақсы, әрине, бірақ мал азығы… жем-шөп… Бұған кім кінәлі? Малы жейтін шөп шығынынан шатасқан  шаруа ма, әлде қысты ұзартқан ауа райы ма? Синоптиктердің болжамына сенсек, термометрдің тілі «жылынып» келеді. Жақында «өлмеген құлға жаз да шығар», аузы көкке де ілігер, бірақ келесі қыстың барын да ұмытпайық.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button