Басты жаңалықтарДенсаулық

Педагогтер екпе ала бастады

Облыста коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың екінші кезеңі басталды.  Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарының педагогтері, ведомстволық медициналық қызметтің медицина қызметкерлері егіледі, яғни жоспар бойынша республикада 150 мың адамға екпе салынады.

Облысқа өткен аптада 4100 вакцина әкелінді. Қазір қаладағы емханаларда педагогтер мен медицина мамандары «Спутник V» вакцинасын алып жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, вакцинациялау жұмыстары жоспар бойынша жүруде. Екпе ешкімге мәжбүрлі түрде салынбайды. Педагогтер өз еріктерімен келіп алуда. Олардың арасында екпеден бас тартып жатқандар жоқ.

Ақтөбедегі №1 емханада  педагогтер мен полиция қызметкерлері екпе алуды бастады. Емхананың иммунолог дәрігері Нұргүл Бисенғалиеваның айтуынша, емханаға 200 доза вакцина әкелінген.

Алғашқы күні бес адам алды. Оның үшеуі — мұғалім, екеуі — полиция қызметкері. Азаматтар біртіндеп келіп жатыр. Әуелгі кезде барлығында да қорқыныш болады. Адамдар аз келеді.  Келгендердің ішінде бір-біріне «бірінші сен ал, сосын мен аламын» деп отыратындар бар. Бірінші кезеңде медицина қызметкерлерінің де арасында осындай жағдайлар жиі кездесті. Ал соңғы жағында вакцинаға таласып қалды. Сондықтан қызметкерлердің алғашқыда қобалжуы қалыпты жағдай. Оларды түсінеміз, бұл жаңадан шыққан вакцина болғасын көпшілік күдікпен қарады. Бірақ әлемде жалғыз біздің ел емес, барлығы алып жатыр.  Егер халықтың жетпіс пайызы вакцина алатын болса, індеттің таралуына жол бермейміз.

Вакцинациялаудың бірінші кезеңінде емханадан 250 маман екпе алды. Олардың ешқайсысында да кері әсер байқалған жоқ. Басым бөлігінде қызу 37 градусқа дейін көтерілді. Бірақ 38-39-ға дейін жеткен жағдай болған жоқ, яғни екпенің кері әсері білінген жоқ. Қызудың сәл көтерілуі қалыпты жағдай. Кез келген вакцинаны алған кезде ағза осылай «жауап» береді. Керісінше, ешқандай әсер білінбесе,  иммунитеттің әлсіз болғаны.  

Емханада алғашқылардың бірі болып өзім де екпе алдым. Екпеден кейін қызуым сәл көтерілді. Бірақ өзге жанама әсер білінген жоқ. Сондықтан вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Індетті жеңудің жалғыз жолы — осы. Егер бәріміз екпе алар болсақ, ұжымдық иммунитет қалыптасады. Аурудың әрі қарай таралуына жол бермейміз, — деді Нұргүл Бейсенғалиева.

Естеріңізде болсын, вакцина алған адамның үш күнге дейін суға түсуге, салқын сусын ішуіне болмайды. Өзін күтуі керек. Сорпа ішкен дұрыс. Күнделікті жейтін тағамының құрамын өзгертпеген жөн. Көбірек сұйықтық ішіп, аллергия тудыратын тағамдарды уақытша қолданбау керек. Чипсы, кола және  дәмдеуіш қосылған тағамдарды уақытша тоқтата тұрған дұрыс. Іш қату болмауы керек. Бұл — дәрігердің кеңесі.

Жалпы, биыл бұл емханадан 13 мыңнан астам адам вакцинация алады.

Еске сала кетейік, педагогтерден кейін үшінші кезеңде мектеп-интернаттар мен мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады. Сәуір айында 600 мың адамды егу жоспарланып отыр.

Төртінші кезеңде Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс  министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті  қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдарға екпе жүргізіледі. Бұл уақытта 600 мың адамды қамту көзделген. Екпе жұмыстары мамыр айында басталады.

Бесінші кезеңге медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар кіреді. Бұл уақытта  600 мың адамды қамту көзделген. Екпе маусым айында басталады.

Алтыншы кезеңде тәуекел тобындағы қалған контингент қамтылады. Екпе  шілде айынан желтоқсан айының аралығында жүргізіледі. Бұл кезеңде 600 мың адамды қамту көзделген.

                                                                                                          Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button