Экономика

Салықтар мен түсімдердің толықтай түсуін қамтамасыз етуді тапсырды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында салық базасын кеңейту мәселелері қаралды.

Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Жиында өткен жылғы өңір бюджетінің кіріс бөлігінің қорытындысы мен биылғы жылға арналған міндеттер туралы облыстық мемлекеттік кірістер, полиция, экология департаменттері басшылары баяндады.

Олардың айтуынша, өткен жылы облыс бюджетінің кірістер бойынша жоспары 104,7%-ға орындалып, бюджетке 312,2 млрд теңге салық түскен. Жергілікті бюджетке қосымша 4,5 млрд теңге түссе, оның 2,7 млрд теңгесі салық базасын кеңейту шаралары нәтижесінде өндірілген.

Басқосуда салық базасын кеңейтудің қосымша резервтерін табу үшін барлық қажетті шаралар қолға алынып жатқандығы баса айтылды. Атап айтқанда, бүгінде мемлекеттік органдардың балансында тұрған және жұмыс жасап жатқан ұйымдарға берілетін мүлік салығы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында салық салу бойынша айтарлықтай резервтер бар. Қазіргі таңда облыстық бюджеттің негізгі төлемдерінің бірі — әкімшілік айыппұлдар. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынып, өсім 27,6%-ды құраған.

Былтыр жүргізушілердің әрекетін бақылау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе қаласында көлік құралдарын тіркейтін автоматтандырылған жүйе орнатылды. Ол 157 жол қозғалысы ережесін бұзғандарды тіркейді. Былтыр жол қозғалысы ережесін бұзғандарға қатысты 238 млн теңгеге 35​ 340 бұйрық рәсімделіп, 193 млн теңге өндірілген. Ал жер қойнауын пайдаланушылар өткен жылы жергілікті бюджетке 2,7 млрд теңге аударған. Келісімшарттық міндеттердің орындалмауына байланысты былтыр 7 келісімшарт бұзылған. Сондай-ақ өткен жылы қоршаған ортаны ластағаны үшін бюджетке 7,9 млрд теңге түскен. Профилактикалық және жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері бойынша экологиялық 250 заңнаманың бұзылғаны анықталып, 13 млн теңгеге 94 айыппұл салынған, 7,7 млрд теңгеге экономикалық нұқсанды өтеу туралы 50 арыз берілген.

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин бюджеттің биылғы жылғы кіріс бөлігінің атқарылу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

  • Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар бойынша нәтиже бар, алайда әлі де толықтай пайдаланылатын резервтер бар. Биыл бізді өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешетін Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында қабылданған жол картасын жүзеге асыратын қарқынды жұмыстар күтіп тұр. Біз халықтың тұрмыс сапасын көтеру үшін барлық міндеттерді сапалы әрі межеленген мерзімде орындауға тиіспіз. Оларды орындау үшін біраз қаражат керек. Барлық бағыттарды талдап, салық салынатын базаны кеңейту үшін резервтер іздеңіздер, салықтар мен түсімдердің толық түсуін қамтамасыз етіңіздер, берешектерді өтетіңіздер, — деп облыс басшысы жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button