Басты бет » Ауыл » Жас кәсіпкер 60 үйге шөп жіберді

Жас кәсіпкер 60 үйге шөп жіберді

Былтырғы алғашқы қар қарашада-ақ бірден қалың түсіп, мал қолға ерте тұрды. Ал қыс аяғы ұзап кетті. Далада әлі сіреу қар…

Жыл сайын жай келіп, ерте кететін қысқа үйреніп қалған Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылының тұрғындары ақпан айының аяғында малдарына шөп жеткізе алмай қалды. Жан-жаққа хабар салып, шөп сатып ала бастады. Бірақ қыс ортасында шөптің бағасы шарықтайтыны белгілі. Бір орама (рулон) шөп жаздың өзінде 5-6 мың теңгеден сатылады. Қазіргі уақытта  бір орама шөп 7,500 теңгеге дейін өсті. Тіпті өзге аудандардан келген шөп сатушылар да Ақтау, Атырау қалаларының бәсімен бұлдады. Тұрғындар бағасына қараған жоқ. Тек малдары талғажау ететін шөпті бағасына қарамай сатып алды. Бірақ бір таусылған соң мал азығында берекет болмайды.

Жақында ауылдастарының осы жайын көрген жас кәсіпкер Серікболсын Төлеуов ауылға үш «КамАЗ»-ға тиеп, 92 орама шөп жіберді. Бір-екі жыл бұрын ғана ауданның өзге селолық округінен шаруа қожалығын құрып, сүтті сиырларды өсіріп отырған кәсіпкер бұл көмегін тегін ұсынған.

Маған ауылдағы жігіттер: «сататын шөп бар ма?» деп хабарласты. Себебі сатып алатын жер де жоқ екен. Мен былтыр күзде мал азығын мол дайындаған едім. Есептеп қарасам, шөбім біраз артылатын сияқты. Ауылдағы жағдайды естіп-біліп жүрмін. Сондықтан сатып, пайда қылуды көздемедім. Шөпті тиеп әкету үшін үш «КамАЗ» көлігін жалдадық. Ауылдастар сол «КамАЗ»-дың жанар-жағармай шығынын өздері көтерді. Өздері тиеп әкетті. Сонда бір орама шөп 3,500 теңгеден келді, — деді Серікболсын Төлеуов.

Сөйтіп, амангелділіктер шөптің бір орамасын жарты бағасына сатып алды. Жас болса да қиын сәтте жомарттық танытқан Серікболсынға ауыл тұрғындары алғысын жаудырып жатыр. Ауласындағы мал азығының қорына  қарай 60 үйге шөп  таратты. Ал 6 жалғызбасты аналардың үйіне тегін берді.

Бір адамның немесе бір отбасының басындағы жағдай емес, тұтас ауылдың халіне мұндай азаматтық танытқан Серіболсынның ісі алыпсатарларға үлгі болсын дейміз.

Самат ЕСЕНҚҰЛ,

Ойыл ауданы.