Басты жаңалықтарМереке

Мереке иелеріне құрмет

Кеше Халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімі Оңдасын Оразалин әртүрлі салада еңбек етіп жүрген бір топ қыз-келіншекті құттықтады.

Салтанатты шара мерекелік тілекпен басталды.

— Пандемияның шектеулеріне байланысты бүгін осылай шағын топпен кездесуді жөн көріп отырмыз. Көктемнің әдемі мейрамын елеусіз қалдыра алмадық. Ондағы ойымыз — сіздерді көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен  құттықтау.

Ақтөбенің халық саны, жалпы әлеуеті бойынша еліміздегі ірі аймақтардың бірі екенін білесіздер. Сол тұрғындардың жартысынан көбі — қыз-келіншектер. Яғни сіздердің ел дамуына қосып жатқан үлестеріңіз ерекше. Сырттан көмекті күтпей, отбасына да көңіл бөліп,  балаларды қатардан қалдырмай, қызметте де елеулі жетістіктерге жетіп жүрген әйел адамдар көп. Қоғамдық жұмыстарда да белсенділіктеріңіз зор.

Бүгінгі шараға, әрине, барлығын шақыру мүмкін емес. Бірақ біз әр ауданнан бір өкілді, қоғамдық ұйымдардың мүшелерін қамтуға тырыстық.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихына көз жүгіртсек, әртүрлі салаларда ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігі мен іскерліктерін көрсеткен қарындастарымыз да аз емес. Бұлардың қатарында ақ халатты абзал жандар — дәрігерлер, ұрпақ тәрбиелеген ұстаздар, ел экономикасын еселеп жүрген кәсіпкерлер, өндірістің өрісін ашып отырған инженерлер де баршылық.

Бүгінгі біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес. Ол — қоғамдық-саяси өмірге белсене араласатын қоғам мүшесі. «Адамзат — әйелдің алақанында» деген нақыл сөз де біздің өміріміздегі әйел қауымының маңызды орнын айқын айшықтайды.

Еліміздің мерейінің үстем болуында сіздер секілді нәзік жандардың еселі еңбегі мен мол үлесі жатыр. Ендеше, тәуелсіз еліміздің мүддесі жолындағы бірлескен ісіміз табысты болсын!  Баршаңызға зор денсаулық, жемісті еңбек, көктемнің шуағындай көтеріңкі көңіл күй, береке-бірлік пен шынайы әйел бақытын тілеймін! — деп лебізін білдірді Оңдасын Сейілұлы.

Артынша жергілікті биліктің атынан мереке иелеріне сыйлықтар мен бір құшақ гүл тарту етілді. Қатысушылардың атынан сөз сөйлеген Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова алғысын білдіріп, апа-сіңлілеріне игі тілегін арнады.

Жылы жүздесу Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button