Басты бет » Жаңалықтар » Мәслихат хатшысы депутат қыз-келіншектерді құттықтады

Мәслихат хатшысы депутат қыз-келіншектерді құттықтады

Облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғыманов қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтады.

Облыстық мәслихатта 33 депутаттың 11-і — әйел. Олар — кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, үшінші сектор белсенділері, педагогтер, дәрігерлер, журналистер. Мысалы, Алмагүл Бекенова, Бақтықан Жаншаева, Баян Сәрсембина бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет  істейді, Людмила Волненко медицина саласында еңбек етсе, Әсел Зелетдинова шығармашылықпен айналысады. Банк саласынан Әсия Құлдыбаева, Әсел Шүңкеева, білім саласынан Жұлдыз Қожабекова, кәсіпкерлік саласынан Күлшат Масалимовалар — халық қалаулысы. Сұлупан Шынтасова көп жылдар бойы мемлекеттік мекемелерді басқарды, қалалық мәслихаттың хатшысы болды. Гүлжанат Ерғазина «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалын басқарады. Бүгінде мәслихаттың тұрақты бес комиссиясының екеуіне нәзік жандылар жетекшілік етеді.

Мереке қарсаңында Амангелді Нұғыманов:

Бүгінде біздің қоғамда әйел отбасы ошағының сақтаушысы ретінде ғана емес, белсенді азаматтық ұстанымы бар толыққанды мүше ретінде елдің мемлекеттік және саяси өміріне қатысады.

Мемлекет басшысы:  «Кез келген мемлекеттің жетістігі, оның мәдениетінің деңгейі мемлекеттің әйелге деген көзқарасымен айқындалады», — деп атап өтті. Бізде әйелдердің мүдделерін қорғау, олардың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Өңіріміздің тұрғындары — мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл еңбеккерлері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, үй шаруасындағы әйелдер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер — өз ісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізе отырып, қызметтік міндеттерін адал атқарады. Бұл күні біз аға буын әйелдерге — соғыс, еңбек ардагерлеріне, Отан игілігі үшін аянбай еңбек еткендерге — ерекше құрмет көрсетеміз, — деді А.Нұғыманов.

Ол өзінің құттықтау сөзінде әріптестері мен ақтөбелік барша қыз-келіншектерге көктемгі көңіл күй, мықты денсаулық, отбасылық бақыт және ұзақ ғұмыр тіледі.

Санат РАШ.