Жаңалықтар

Су тасқынының алдын алу: Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларының аумақтары бақыланды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарының, күштері мен құралдарының көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайды жою кезіндегі әрекеттерге дайындығын тексеру мақсатында 4 наурыз күні басталған «Көктем-2021» республикалық  командалық-штабтық оқу-жаттығулардың барысын бақылады.

Оқу-жаттығу шарасы Қарғалы ауданының Петропавловка селосы аумағында өтеді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың басшылығымен эпидемиологиялық жағдайға байланысты Zoom режимінде төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штаб құрылды. Облыстық мемлекеттік органдар қызметтерінің басшылары мен аудан әкімдерінің күштер мен құралдардың дайындығы туралы қысқаша баяндамалары тыңдалды. Республикалық  командалық-штабқа сәйкес жаттығудың жоспары бойынша су тасқыны кезеңінде еріген суларды өткізу үшін Батыс-2 шағын ауданындағы нөсерлі арналар мен су өткізетін құрылыстар тазаланатын болады, АвтоЦОН ауданындағы топырақтың қараюын тексеру жоспарланған.

Облыс әкімі аудан басшылығына зейнеткерлерге, халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобына тасқын кезінде көмек көрсетуді тапсырды.

Облыс басшысы әуеден Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларының су жиналатын аумақтарын, Қарғалы мен Елек өзендерінің тармақтарын, сонымен қатар қар қорын қарап шықты.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаевтың мәліметі бойынша 13 мыңнан астам адамды уақытша орналастыратын 76 орын дайындалып, 80,5 тонна жанар-жағармай материалдары, 31500 дана қап, 7 970 тонна инерттік материалдар мен басқа да материалдық-техникалық құралдар қоры жасақталған, 193 500 текше метр қар шығарылған.

Бүгінде  жобалық қуаты 245 миллион текше метр Ақтөбе су қоймасындағы су көлемі 50,77 миллион текше метр, жобалық қуаты 280 миллион текше метр Қарғалы су қоймасында 34,71 миллион текше метр, жобалық қуаты 7,5 миллион текше метр Сазды су қоймасында 0,83 миллион текше метр болып отыр.

«Тасқын жағдайы тұрақты, қардың қоры шамалы. Бірақ жұмыс қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жүзеге асырылуы арнайы бақылауда», — деген облыс басшысы су тасқыны кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет барлық шараларды қабылдауды, төтенше жағдайды болдырмау үшін қолда бар барлық күштер мен құралдарды жұмылдыруды тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button