Жаңалықтар

Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы сайланып, құрамы өзгерді

Бейсенбі күні облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғмановтың төрағалығымен облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.

Отырыста алдымен кеңес мүшелері облыстық қоғамдық кеңестің төрағасын сайлады. Бұл лауазымға ауған соғысының ардагері, «Ер бақыт» әскери-патриоттық клубының төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі Марат Қойлыбаев ұсынылып, жиналғандар бірауыздан дауыс берді.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғыманов бұған дейінгі білім, дін, денешынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі комиссияны таратып, қоғамдық кеңес қызметінің бағыттары бойынша қайтадан бес комиссияны құруды, олардың құрамын өзгертуді ұсынды. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл ұсынысты қолдап, нәтижесінде құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссия, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комиссия, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі комиссия, экология, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс жөніндегі комиссия, заңдылық және құқық тәртібі мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, олардың төрағалары мен орынбасарлары сайланды.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланған Марат Қойлыбаевты жаңа қызметімен құттықтап, сәттілік тіледі.

  • Бүгінгі күні қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру, олардың шешілуіне атсалысуда қоғамдық кеңестің орны ерекше. Негізінен, қоғамдық кеңес халықпен жақын болып, билік пен халық арасына көпір орнатып, тұрғындардың пікірлерін билікке жеткізуі керек. Бүгінге дейін сіздер өз тәжірибелеріңіз бен жасап жатқан жұмыстарыңызды көрсетіп, қоғамдағы өткір де өзекті проблемаларды көтеріп келдіңіздер. Сондықтан алдағы уақытта да осы бағыттарыңыздан таймай, белсенді жұмыс жасайды деп сенеміз. Айта кету керек, өңірде әлде де қоғамдық кеңестің белсенділігін көтеріп, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруымыз керек. Бұл бағытта сіздер мен біз тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасасақ, міне, сонда нәтиже болады, — деген облыс әкімінің орынбасары қоғамдық кеңестің жаңа құрамын белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Отырыста облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Алтай Тайжанов, Келдібай Еспағамбетов, Айтқали Италиев, Көшкінбай Ахметов, т.б. кеңес жұмысын жандандыру, өңірде ұлттық идеологияны дамыту, қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыру мәселелеріне байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында кеңес мүшелері наурыз, сәуір айларында өтетін қоғамдық кеңес отырыстарының күн тәртібін бекітті.

Айта кету керек, бүгінде облыстық қоғамдық кеңес құрамында 28 адам бар. Оның ішінде 25-і азаматтық қоғам өкілдері болса, 3-еуі — мемлекеттік органдардың қызметкерлері.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button