Жаңалықтар

Ойыл өзені: зерттеу жұмыстары жалғасады

Экология

Жуырда Ойыл өзенінің бүгінгі жағдайына байланысты облыстағы жауапты мекемелер дабыл қағып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов бастаған топ өңірімізге келді. 

Бүгінгі күні Ақтөбе облысынан бастау алып, Атырау облысының аумағына құятын Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өзендерінде су қорының азаюы салдарынан екі өңірде табиғи су мәселесі туындап отыр. Осыған байланысты Ойыл ауданының тұрғындарымен кездескен министр кеңесшісі өзендерге құятын бұлақ көздерінің бітелуіне байланысты өзеннің арнасы толмай отырғандығын, сондай-ақ бұлақтарды тазалау, олардың көзін ашып, қадағалау жұмыстары заңмен реттелмегендігін жеткізді.

Өзеннің тасымау салдары жауын-шашынның азайып, тоңның болмауынан деген болжам бар. Сондай-ақ өзен жағалауларын қамыс-қоғалардың басуы су арнасының бітелуіне  әсер етуде. Біздің ауданға келгендегі басты мақсатымыз тұрғындармен жүздесіп, Ойыл өзені туралы толық ақпарат алу. Сіздерден түскен барлық ұсыныстарды ескеріп, бұл мәселені қолға аламыз, — деді С.Еңсегенов.

Басқосуда «Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Саиров Жем, Ойыл өзендері бір географиялық аймақта жатқандықтан, екі өзеннің де жағдайы бір-біріне ұқсас екендігін, бүгінде ауаның орташа температурасы төмендегенін жеткізді.

Айта кету керек, бұған дейін облыс әкімдігі тарапынан Ойыл өзенінің жай-күйін зерттеу мақсатында техникалық-экономикалық негіздеме дайындау үшін қаржы бөлінген. Өзен ортақ болғандықтан бұл жұмыс Атырау облысында да жалғаспақ. Алдағы уақытта бұл мәселені шешу үшін арнайы топ зерттеу жүргізіп, мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынбақ.

Өткен жылы облысымызға «Атырау-Ақпарат» ЖШС-ның өкілдері келіп, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-мен бірлесіп, «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» атты шығармашылық-зерттеу жобасы мен экспедиция жұмысының тұжырымдамасына қол қойғаны белгілі. Алдағы уақытта осы жоба аясында да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылады.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button