Жаңалықтар

Бюджет бекітіліп, әлеуметтік мәселелер талқыланды

Кеше Ақтөбе қалалық мәслихатының кезекті үшінші сессиясы отырысы өтті. Нұрлан Махамбетовтің төрағалығымен өткен комиссия жұмысына Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанова, тұрақты комиссия мүшелері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде «Ақтөбе қаласының 2021-2023 жылдарға арналған бюджетін бекіту туралы» Ақтөбе қалалық мәслихатының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 617 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», «Мүгедектердің құқықтарын іске асыру, олардың объектілер мен қызметтерге кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау, мүгедектердің өмір сүру және қоғамға кірігу деңгейін арттыру туралы», «2020 жылғы Ақтөбе қаласының ІІБ, жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтау және қаланың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы туралы» үш мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысы Амангүл Уристемова баяндады.

— Облыстық мәслихат сессиясының 2021 жылғы 24 ақпандағы шешімімен облыстық бюджеттен қалаға 2 625 256,0 мың теңге сомасында нысаналы трансферт көзделген және Ұлттық қордан 84 112,0 мың теңге сомасында нысаналы трансферт азайтылады, — дей келе, жалпы қай сала бойынша қанша қаржы қарастырылып отырғанын баяндады. Депутаттар Өнер орталығы маңында тұрғызылуы жоспарланған жерүсті жолының қажеттілігі жоқ екендігін айтып, пікір білдірді. Айтылған басқа мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі  Бауыржан Атабаев қала аумағында құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмысты азайтуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар, облыс орталығындағы криминогендік жағдай және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.

— Облыстық полиция департаменті және қалалық полиция басқармасы басшылығы тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті және жалпы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде полиция жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Былтыр қылмыстың жолын кесу мен алдын алуға бағытталған кешеңді іс-шаралар жүргізіліп, қылмыс саны төмендеді. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 31 жедел алдын алу шарасы өткізілді. Осы жүргізілген іс-шаралардың арқасында 2020 жылдың 12 айында қала аумағындағы құқықбұзушылықтың саны 38,8%-ға азайды. Ал биыл жыл басынан бері 596 қылмыс тіркелген, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға аз, —  деді ол.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Мақпал Тұрмағамбетова ардагерлермен, мүгедектермен жұмыс жасайтын сектор бойынша және әлеуметтік порталға жіберілген заттар бойынша ақпарат беріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта құру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия отырысы соңында қала әкімі Асхат Шахаров сөз алып, алдымен қыз-келіншектерді көктемгі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ шаһардың дамуы, қаланы абаттандыру,  жаңа жобаларды жүзеге асыру, қоғамдық көліктер мәселесін реттеу, жолдарды жөндеу, көктемгі мезгілдегі санитарлық тазалық мәселелері секілді жұмыстарды бірге атқару барысында мәслихаттың жаңа құрамына сенім білдірді.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button