Басты жаңалықтар

Аймақтың айнасы

«Ақтөбе»-85

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Қазақта «Малды тапқанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр» деген сөз бар. Шынында да,  әр нәрсенің қадірін білетін адамдарға, ортаға не жетсін?! Өткен жұма күні  Сақтаған Бәйішев атындағы университетте болған облыстық  «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерекесі алдындағы оқырмандармен кездесуі айта жүрерліктей қызықты өтті.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен өмірге келген бұл білім ордасы сол жылдардың ішінде шаңырағын тіктеп алды деуге болады. Алғашқы жылдарда кеңес заманында салынған көне құрылыстардың бірінде сабақ бастаған оқу орны бүгінде жаңа ғимаратқа көшіп алған. Және бір ғажабы, бұл құрылысты өз күштерімен тұрғызған. Өйткені оқу орнының өз құрылыс компаниясы бар. Тек бұл ғана емес, университет жанында арнаулы колледж де жұмыс жасайды. Яғни бұл – үлкен кешенді оқу орыны.

Осындай өзіндік орны бар, үздіксіз өсу үстіндегі білім ордасында білікті профессор-оқытушы құрамы қалыптасқан. Олардың катары үлкен және беделді. Міне, кездесуге осындағы профессор-оқытушылармен бірге облыстық газетті сүйіп оқитын студенттер де көп жиналды. Осы заманғы талапқа сай салынған жаңа ғимараттың жақсы жабдықталған мәжіліс залында кездесуді жүргізетін ұстаздардың жан-жақты дайындалғаны көрініп-ақ тұрды. Кездесуді осы кешенді оқу орнының президенті Бекежан Ахан сөз сөйлеп ашты. Ол өзінің сөзінде облыстық газеттің ұзақ жылдардан бергі үнемі қадағалап оқып отыратын оқырманының бірі екенін айта келіп, оның қай кезде де аймақтың айнасы болып келе жатқанын атап көрсетті. Газет жұмысының, жалпы, журналист қызметінің инемен құдық қазғандай ауыр жұмыс екенін айтты. Өйткені бүгінгі оқу орнының басшысы  бұл саланың ыстық-суығын жақсы білетін еді. Сондықтан президенттің әңгімесі әсерлі болды. «Ақтөбе» газетінің материалдардың мазмұнымен бірге  көркем тілмен жазылуын да үнемі қатаң қадағалап отыратынын жоғары бағалады. Осы ретте тілге салдыр-салақ қарайтын кейбір ақпарат құралдарын мысалға келтірді.

Мен облыстық газеттің өмірді көп жағдайда сын көзімен бағалайтынын ұнатамын. Кемшіліктерді дер кезінде байқап, көрсетіп отыру – жақсы нәрсе. Бұл – қоғамға түрткі, – деді ол.

Мұнан кейін кездесуді жүргізушілер газет тарапынан шақырылған қонақтарға сөз беріп, түрлі сауалдар тастап, қызықты әңгімеге тартты. Облыстық газетте 27 жыл бойы үздіксіз редакторлық еткен Нұрқайыр Телеуовтің айтары аз емес еді. Ол тек газет емес, аймақта журналист кадрлардың даярлануы, олардың қалыптасуы, аға буын қаламгерлердің облыс баспасөзінің қара шаңырағының беделін арттыруға қосқан үлесі туралы сыр шертті.

Осы газетте ұзақ жыл қызмет атқарған Идош Асқар газеттің өткені мен бүгінін шола келіп, қазіргі кезде аймақ айнасының мүлде жаңа қырынан көрініп отырғанын әңгімеледі. Және оған нақты мысалдар келтірді. Облыстық газеттің республикалық ақпарат құралдарының ішінде алдыңғы қатарда  болуы оқырман үшін де қуаныш екенін білдірді. Газеттің бұлай абыройлы болуын басшылықпен, редактордың, журналистердің шеберлігімен, ұрпақ сабақтастығымен қабыстырды.

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы университет басшылығына кездесуді ұйымдастырғаны үшін «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі серіктестігі, оның директоры, белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлының атынан рахмет айтты. Оқырмандарды газеттің мерейтойы қарсаңындағы атқарғалы отырған шараларымен таныстырды. Оның шығармашылық табыстарына тоқталды.Осы бағытта оқырмандарды ой бөлісуге шақырды.

Бас редактордың орынбасары Ертай Ашықбаев журналисттік жұмыстың қиыындығы, жауапкершілігі туралы айта келіп, оны өзінің еңбек жолымен ұштастыра әңгімеледі. Осы кәсіпті қалағысы келетін жастарға ғибратты ақыл-кеңес айтты.  Белгілі ақын бұл кездесуде де өлең оқымай қала алмады. «Ақтөбе» газетіне арнаған, басқа да тақырыптағы өлеңдерін оқып берді. Университет кітапханасына баспадан өткен жылы шыққан өлеңдер жинағын сыйға тартты.

Кездесуде көптің ықыласын аударған әңгімені осы университеттің белді оқытушысы, белгілі тіл жанашыры Ниетжан Беріков ағамыз айтты. Себебі көпті көрген Нәкең облыстық газеттің алғашқы редакторларының бірі Құбаш Қожамұратовтың өзін жақсы білген, бірге сапарлас болып, ел аралатқан. Ол ұзақ жылдан бері облыстық газетпен де бірге біте қайнасып келеді. Газет бетінде әр жылдарда жарияланған мақалалары бүгінде жүздің үстіне шыққан.

Осы басқосуда газеттің өткені мен бүгіні, қол жетіп отырған жетістіктері аз айтылған жоқ. Қойылған сұрақ та, айтылған тілек те көп болды. Университет ректоры Халел Құсайынов та газет атына тәуір пікір білдіріп, оның жұмысына табыстар тіледі.

Университет басшылығы ардагер аға журналистер Нұрқайыр Телеуов пен Идош Асқарға шапан жауып, құрмет көрсетті.

Кездесу соңы университет өнерпаздарының концертіне ұласты. Жас талапкер студент Нұркен Аманжолов «Ақтөбе» газетіне арнаған өлеңін оқыды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button