Басты жаңалықтарМереке

Темір жонушы арулар

Фрезерші

… Күнде таңертең балалары мен немерелерінің бетінен сүйіп, ауыр әрі жауапты, бірақ сүйікті жұмысына аттанатын Гүлнәр Шанбаева цехқа келе сала арнайы киімін, көзіне қорғаныш көзәйнегін тағып, қолына қолғабын киіп, тапсырмасын алып… темір жонуға кіріседі. Иә, иә, Гүлнәр темір жонушы — фрезерші.

  • Қаптаған темір кілттермен жұмыс істеу әйел адам үшін жеңіл емес, әрине, бірақ мен өз жұмысымды жақсы көргендіктен, әбден үйреніп кеттім. Бастапқыда цехтан шығатын қатты дауыстардан, темір ұшқындарынан қатты қорқып: «Бұл жерде қалай жұмыс істеймін?» деп ойлаған едім. Қазір оның бәрі артта қалды. Өз міндетіңді жақсы білсең, қауіпсіздік техникасын сақтасаң, ештеңе де қиын емес, — дейді ол.

Гүлнәр «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының орталық механикалық жөндеу цехында жұмыс істейді. Оның негізгі жұмыс құралы — станоктар мен кілттер. Негізгі шикізаты — темір.

  • Бала кезде темір жонушы боламын деген ой түсіме де кіріп-шыққан емес. Есепші болғым келді, бірақ бұл мамандыққа оқу бұйырмады. Хромтау ауданының Құдықсай ауылында туып-өстім. Мектеп бітірген соң ауылда пионер жетекшісі болып еңбек еттім. Кейін тұрмыс құрдым, балалы болдым. Осы жылдары сегіз жыл қатарынан күзет фирмасында күзетші болып еңбек еттім. Үшінші балалы болғаннан кейін күзетші болу қиынға соқты да, жұмыссыздар биржасы арқылы Хромтаудағы тау-кен колледжінде газ-электрмен дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алдым. Оқуды бітіргеннен кейін Дөң тау-кен байыту комбинатының механикалық жөндеу цехында газ-электрмен дәнекерлеуші болып алты ай жұмыс істеп, қысқартуға ұшырадым. Жанымдағы әріптестерім: «Осы жерде темір жонушы кәсібіне үйреніп, жұмыста қалуыңа мүмкіндік бар», — дегенде бірден келістім. Себебі, біріншіден, бәрібір жұмыс керек, екіншіден, өзіме ұжымым қатты ұнайды. Осылайша өндірісте оқушы бола жүріп жаңа кәсіпті игеріп, темір жонушы болып еңбекке кірісіп кеттім. 5 айдың ішінде 5-разрядты деңгейге ие болдым, ал жақында 4-разрядқа тапсырдым, — дейді бүгінде он жылға жуық темір жонушы болып еңбек етіп келе жатқан Гүлнәр.

Гүлнәр кейбір қыз-келіншектер өмірінде қолына ұстап көрмек түгілі атын да білмейтін темір бұйымдар жасайды. Жұмысқа келіп, наряд алғаннан кейін темірді станокқа қондырып, өлшейді, жонады.

— Мәселен, маған білікке шпонка жасау керек болса, мен алдымен біліктен шпонканың өлшемдерін аламын. Оны өлшеуіш құрал — штангенциркульмен өлшеп, темірді станогыма қондырып, жаңағы өлшем бойынша шпонка жонып шығарамын. Оны қайтадан барып білікке салып көремін, егер сәл бір жері келмей қалса, оны қайтадан станокқа салып, қайта жонамын, — дейді ол.

Гүлнәр өз жұмысына өте жауапты қарайтынын айтады. Себебі темір жонушының қателесуге қақы жоқ. Үлкен өндірістің тоқтаусыз жұмыс істеуі Гүлнәр секілді жұмысшылардың қолынан шыққан темір бұйымдарға да тікелей тәуелді.

Токарь

Ал келесі бір темір жонушы (токарь) Гүлжанат Танабергенованың да жұмысы Гүлнәр Шанбаеваның жұмысына ұқсайды. Бірақ екеуі екі түрлі мамандық иелері. Жалпылама айтқанда екеуі де темір жонушы. Ал негізінде бірі — фрезерші, екіншісі — токарь.

Гүлжанат та механикалық жөндеу цехында жұмыс істейді. Үшінші разрядты токарь.

— Бұл жерде 2005 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жұмысым ерекше ұнайды. Ұнамаса бұл жерде 16 жыл бойы үздіксіз жұмыс істемес ем. Таңертең келіп,наряд алғаннан кейін, осы жоспар бойынша міндетімді атқарамын. Темір жону процесі өте қызықты. Кез келген материалдан өндіріске қажетті бұйымдар жасауға болады. Мәселен бізге алдымен шпильки береді, оны дайындама дейміз. Осы дайындаманы алып, токарлық станокта екі жағын жонамыз, жонып болған соң бұрандаларын шығарамыз, соңында одан хомут деген материал шығады, — дейді ол.

Токарь бұранда қырларының өлшемін, станок жұмысының жылдамдығын өзі анықтайды. Қолындағы сызбаға сәйкестендіре отырып, жаңа бұйым әзірлейді. Сызбаны оқи алу керек. Токарь техникалық мамандық болғандықтан, бұл кәсіпті таңдаған адам физиканы, химияны, сызу заңдылықтарын жақсы білуге тиіс. Себебі физика заңдылықтарын — өңделетін материалдың химиялық құрамын білу, сызбада, яғни қағазда көрсетілген нәрсені қолмен ұстауға болатындай бөлшектерге айналдыру — нағыз шебердің ғана қолынан келеді.

Токарьға төзімділік, өз міндетіне деген жауапкершілік, мұқияттылық, еңбекқорлық, шыдамдылық, табандылық секілді қасиеттер аса қажет. Асқан дәлдік те керек. Егер жұмыста сызбадан сәл ауытқу кетсе, ол өндіріске зиянын тигізуі мүмкін. Мұндай қасиеттерсіз бұранданы кесу, қырларын салу, жону, тегістеу, өңдеу, тесіктерді үңгілеу, сыртқы цилиндрлік және конустық беттерді өңдеу сынды жұмыстарды жасау оңай болмайтыны белгілі. Токарьдың фрезершіден айырмашылығы — токарь көп ретте дөңгелек, цилиндр, шеңбер пішінді заттарды әзірлейді. Зуылдап айналып тұратын токарьлық станокта дайындаманы жонып, қырнап, қажет болса, бұранда қырларын салып шығады. Ал фрезерші кез келген темірден әртүрлі пішіндегі бұйымдарды жасайды.

— Токарь болу әйел адамға оңай емес. Дегенмен өз кәсібіңді жақсы көрсең, қиындықтың өзі қызықты болып көрінеді. Мен өз жұмысымда тұрақтылықты жақсы көремін. Тұрақтылық — Дөң тау-кен байыту комбинатын басқа өндірістерден ерекшелеп тұратын бір қыры ғой. Ұжым өте тату. Механикалық жөндеу цехы басшысы Мейіржан Оспановқа, кәсіподаққа, бұрынғы басшылығымызға, барша жұмысшыларға алғысым шексіз, — дейді ол.

Бүгінде механикалық жөндеу цехында 150-ге жуық адам еңбек ететін болса, оның үштен бірі — 50 шақтысы — әйел адамдар.

— Олардың қатарында темір жонушылар, дәнекерлеушілер, токарьлар, тағы басқа кәсіп иелері бар. Мәселен, 2 фрезерші, 10 шақты токарь қызымыз бар. Жалпы, әйел адамдармен жұмыс істеу өте жеңіл, олар өте табанды, жауапкершілігі жоғары болып келеді және санаспай, жұмыс талғамай істей береді. Мәселен, менің кез келген жұмысшы аруыма кранмен ауыр жүк көтеру,  темір жону, басқа да жұмыстар түк емес. Қыздарымды, аруларымды халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, ауыр да жауапты еңбектеріне жеміс тілеймін, — дейді механикалық жөндеу цехының басшысы Мейіржан Оспанов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button