Мереке

Жылыжайдағы Жадыра

Ақтөбеден экспортқа шығарылатын өнімдердің арасында көкөністер де бар. Жылыжайда арнайы технология бойынша өсірілетін қызанақ-қиярларды жинайтын жұмысшылардың негізгі бөлігін қыз-келіншектер құрайды. Солардың бірі — Жадыра Нұрымбетова.

8 наурыз қарсаңында еңбек адамын Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан жылыжайға арнайы іздеп бардық. Мұнда қызу жұмыс екен, әркім өз ісімен бас көтерместен айналысып жатыр. Тәртіп солай: кез келген жұмысшы күнделікті еңбек мөлшерін орындауы керек. Қандай мереке болсын, бұл өзгермейді…

— Егер мереке демалыс күндеріне сәйкес келмесе, бәз-баяғыдай жұмыс істей береміз. Былтыр да Халықаралық әйелдер күнін осылай әріптестерімізбен қарсы алдық-ау деймін, нақты есімде жоқ. Бәлендей ерекше оқиға болмаса, өткен күндер бір-біріне ұқсас қой… Бір атап өтерлігі, жылда ұжымдағы жігіттер қауымы гүл сыйлайды. Жайқалып өскен түрлі түсті хош иісті өсімдіктерді құшағына қысудың өзі әйел затын әдемі сезімге бөлейді емес пе? — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Биыл 31-ші көктемін қарсы алған Жадыра аптасына 5 күн, сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін қызанақ жинайды. Қызметтік киім мен түскі аспен қамтылған, жылыжай қаланың шетінде болғандықтан, үйіне апарып-алып келуі және бар. Бірақ бәрібір мұнда екінің бірі жұмыс істей алмайды. Ылғалды ауа, жарығы мол жерде күні бойы жүруге тек жастар жағы шыдайды екен. Онысы түсінікті де, бұған мықты денсаулық қажет…

— Жылыжайда еңбек еткеніме 2 жылға жуықтады. Әрине, алғашында қиынға соқты. Мамандығым теміржолшы болғандықтан, бәрін жаңадан игеруге тура келді. Бірақ барлығы ниетке байланысты ғой, шындап кіріссең, үйренесің. Бұл жерде, ең бастысы, отырмау керек. Әрқайсысымызға күн сайын 5 қатар қызанақ жинау міндеттеледі. Өзім қатарлы қыз-келіншектер көп, солармен әңгімеміз жарасып, аталған талапты орындаймыз. Жалақымыз уақтылы беріледі, екі күн демалыста балалармен уақыт өткізуге мүмкіндік бар, шүкір. Жұмысым көңілімнен шығады. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз, — дейді ол.

Жолдасы екеуі үш ер баланы тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз 8 наурызды анау айтқандай күтпейтінін айтады. Атаулы күн Жадыра үшін ақжарма тілегімен қымбат. Сол сияқты өзі де жылма-жыл әуелі апасы мен енесін, құрбыларын құттықтауды дәстүрге айналдырған. Ал сыйлыққа келсек, ол үшін шын жүректен берілген сыйлықтың баршасы құнды екен. «Анамның орнындағы апама, сосын енеме сәті түскеніне қарай сыйлық жасауға тырысамын. Лажы болса, өздері қалаған затты табыстағым келеді. Әңгіменің ашығы, қолымдағы барымды беремін ғой. Әйтеуір, мүмкіндігінше елеусіз қалдырмаған дұрыс», — дейді сөз арасында жылыжай қызметкері.

Қыз-келіншектерге әлемнің барлық жақсылығын, соның ішінде ең алдымен денсаулық тілеген Жадыра олардың көктемдей құлпырып жүргенін, ешқашан мұңаймағанын қалайды… Біз де соған тілекшіміз.

Айта кетейік, Жадыра жұмыс істейтін «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-ның жылыжайы — халықаралық һәм заман талаптарына сай келеді. Кешенде қуаттылығы 7 мың тоннадан астам қызанақ өндіретін жаңа гидропоника технологиясы қолданылады. Қазіргі таңда өндіріс орнында 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Жылыжайда қызанақтардың бірнеше сұрпы өсіріледі. Экспорт ерекше жолға қойылған. Мәселен, мұндағы көкөністер өзіміздің Ақтөбе облысынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, т.б. қалаларға жеткізіледі. Көршілес Ресей Федерациясымен де әріптестік орнатылған.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button