Мереке

«Жұмыс жыныс талғамайды…»

Әдетте өндіріс орындарында ер-жігіттердің ғана еңбек еткенін қолай көріп, ондағы жұмыстың ауыр екенін алға тартатынымыз рас. Бұл өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі — Ақтөбе ферроқорытпа зауытына да қатысты. Алайда өмірін металлургия саласымен байланыстырған Айнұр Мареннің ойы басқа.

Жоғарыда аталған зауыттың №1 балқыту цехында металды есепке алу жөніндегі техник болып жұмыс істейтін оның ойынша, кез келген саланы ұршықша иіруге болады. Бұл жерде ер немесе әйел деп бөлудің қажеті жоқ.

— Әр жұмыстың өзіне тән қиын тұстары болады. Өзім оқушы кезімнен математика, физика , химия пәндерін сүйіп оқығандықтан, есеппен байланысты қызметім өзіме қатты ұнайды. Рас, алғашында туысқандарым айтатын: «Зауыттағы кіл ер адамдардың ортасында жұмыс істеп не керек?», «Денсаулығыңа зиян»… Ең бастысы, жаныма жақын әкем мен анам мені қолдады. Бәрі солардың арқасы. Сол себепті ондай сұрақтар мен пікірлерге аса мән бермеймін, — дейді Айнұр.

Актөбе политехникалық колледжі мен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі былтыр «Зауыттағы ең үздік жас маман» атанып, арнайы төсбелгімен марапатталыпты. Басшылық тарапынан жасалған мұндай құрметке дән риза металлург 8 наурыз қарсаңында төмендегідей лебізін білдірді:

— Аяулы аналар мен қыздар, ортақ мереке құтты болсын! Көктемнің гүліндей құлпырып, әдемілік пен әдептіліктің символы болып жүре берейік. Жанарымыз әрдайым нұр шашып, жүзіміз күндей күлімдеп жүрсін! Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button