Мереке

Карантинде халыққа қызмет еткен қыз

Елімізде коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай жарияланып, кейін шектеу шаралары енгізілгенде бірнеше мамандық иелері тынбай еңбек етті. Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер, журналистер, т.б. бар. Бұл қатарға Жансая Қалыбаева бастаған қызметкерлерді де қоссақ болады…

Мамандығы бойынша заңгер Жансая — жастайынан белсенді һәм әңгімешіл. Кез келген ортаның көрігін қыздырып жүруге дағдыланған. Отбасындағы үш ағасына еркелеп өскен елгезек қыз халыққа қызмет көрсету орталығындағы жұмысына қуана кіріскені сондықтан. Содан бері, міне, 4 жылға жуық уақыт өтіпті…

— «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы халыққа қызмет көрсету бойынша Ақтөбе қаласының №2 бөлімінің құжаттарды қабылдау жөніндегі маманымын. Еңбек өндірісіне сәйкес жұмыс кестеміз өзгеріп отырады. Қазіргі таңда реттеу залында еңбек етемін. Негізгі міндетім — мемлекеттік қызмет көрсету қағидасына сәйкес қызмет алушыға толық кеңес беріп, тиісті құжаттар тізбесін қабылдау.

698 қызмет түрін көрсетуімізге байланысты, әрине, кеңес беру барысында қиындықтар туындап тұрады. Бірақ ұдайы адамдармен араласып, ұжымда өзім қатарлы замандастармен қалжыңымыз жарасқасын анау-мынау ауыртпалықтар тез ұмытылып кетеді. Мәселен, еліміздегі карантиннің күшейтілуіне байланысты біздің қызметімізді қысқартты, яғни үйде отырып халыққа шұғыл желі және бейнеқоңырау арқылы кеңес бердік. Бұл 1 ай шамасында жалғасты. Қызмет алушымен күн сайын 8 сағат бойы байланыста болдық. Түрлі сұрақтар, ғаламтордың нашарлығы, барлығы айналып келгенде оңайға түскен жоқ. Уақыт өте келе, алдын ала жазылу арқылы келушілерді кеңседе қабылдай бастадық, — дейді бойжеткен.

Үлкен-кішіге кеңес беріп, жұмыс барысында жүздеген адаммен сөйлесетін Жансая олардың әртүрлі мінезіне де «куә болады». Солардың барлығымен тез тіл табысып, мүмкіндігінше шаруасын тез бітіру — маманның басты міндеті. Мұндайда асқан сабыр мен айналадағыларға көмектесемін деген ниет қажет-ақ. Қызметке деген шексіз махаббат оның бойында бар. Олай дейтін себебіміз, Жансая бүгінге дейін осы қызмет түрін таңдағанына, ірі орталықта жұмыс істегеніне бірде-бір рет өкінбепті.

— Қай 8 наурыз есіңізде қалды дейсіз бе? 2015 жылдағы мереке. Өйткені сол жылы әкеміз қасымызда болып, анам екеумізге соңғы рет гүл сыйлап еді… Әрине, жыл сайын ағаларым тосынсый жасайды ғой, бірақ әкенің орны бәрібір бөлек. Әкемнің мына дүниеден озғанына биыл 6 жыл болады.

Жалпы, жылда ең бірінші кезекте мен үшін түн ұйқысын төрт бөлген анам — Әнуза Зашқызына сыйлық жасаймын. Жеңгелерімді де ұмытпаймын. Әйел затына гүлдің әсері ерекше, соны ұсынамын. Сосын жақындарыма қажет деген бұйымдарды тарту етемін, — деп ой бөліседі мереке иесі.

Өз кезегінде халыққа қызмет ету орталығының өкілінен қандай сыйлықты қуана қабылдайтынын сұрағанымызда, қызғалдақ гүліне мәз болатынын білдік…

«Газет арқылы барлық ана-әжелер, апа-жеңгелер, құрбы-құрдастарды шын жүректен көктемнің жаймашуақ мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бастарыңызға бақ пен дәулет, мол ризық тілеймін!» — деп сөзін түйіндеді заңгер қыз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button