МерекеӘдебиет

Ақтөбелік ақын қыздар

Гүлімай ӘБІШҚЫЗЫ

Бөбектің былдыры — қазақтың байлығы,
Амандық — бақыты басының.
Маңдайда ай-күні, жүректе айбыны,
Арқалап жүрсе де ғасырын.

Бейнетім — қуаныш, зейнетім — жұбаныш,
Бар олжам ар баққан харекет.
Іргемді Үрімге үрлетпе, Тәңірім,
Әнебір бәлесін әрі әкет.

Жүзімді тұмшалау жанымды сақтай ма?
Озалдан үмітім үкілі!
Қысықтың дертінен ұшықтап, қаққай да
Шүйкедей кемпірдің шүкірі.

Сүлдерім — тұңғиық, сенерім — тым биік,
Арасын жалғай гөр, ақпаным!
Қоғамым сабырлы, сабырым сабылды,
Сауын бер от іші мақтаның.
Мейірім құй бізге,
Тұмауын тигізбе,
Тәжін де кигізбе!
Тәубемді айтамын хаққа мың.
Басымда өз тәжім,
Бағзыдан таққаным!
Аманнан аманға, заманнан заманға
Алашты алып өт, ақ таңым!

Жанна ЕЛЕУСІЗ

Қол сілтеуге бола ма тағдырыңа,

Қол сілтеуге бола ма барлығына?

Тірлік тағы тобықтан шалды, жыла.

«Қайтемін?» — деп жүректі, жанды мына…

Керек емес біздерге жеңіс түк те,

Жазып жүрміз арманды кеңістікке.

Мен жыласам, бір гүр ет:

«Бармын ғой» … — деп,

Сен құлама, иә, жаным, келістік пе?

 

Күйдіреді, бізді әлі күйдіреді,

Солар бірақ осыдан түйді нені?..

Жұдырыққа жығылмас дүниені

Жүрегімнің ұшымен жазған өлең

Сені өзім сүйгендей сүйдіреді.

Сенем…

Нұрлыхан АЙТОВА

Әйелмін ғой!

Ғұмырым бар

Қаншалық сүюіңмен өлшенетін.

Жылуым бар

Салмағын тірліктің де еңсеретін.

Қылығым бар

Тамсанып әзіз басың теңселетін!

…Әйелмін ғой!

Мақтай қалсаң,

Шын сеніп, жас баладай сыр ақтарам,

Жақтай қалсаң,

Мін түгіл, мың пәле де жырақ маған.

Жақпай қалсам,

Өмірдің әр минуты сынақ маған!

…Әйелмін ғой!

Еркелетсең,

Киізге ысқан асыл бұйымдаймын,

Көркем етсең,

Игі жақсы бас қосқан жиындаймын.

Өртеп өтсең,

Бәрібір сүюден еш тыйылмаймын.

…Әйелмін ғой!

Әйелмін ғой!

Күнәсіз! Ұрпағымен ақталатын,

Әйелмін ғой!

Бірауыз сөзіңнен де бақ табатын.

Әйелмін ғой!

Қос жанары жадыңда сақталатын.

Әйелмін Мен!

Сая ИТЕҒҰЛОВА

Жырыменен тал бесікті таянған,

Баласы үшін бір сәті жоқ аянған,

Ұрпағына қажет болса, ойланбай

Баз кешетін жалғандағы баяннан,

Бала болдым жарасымы үндескен

Ата-ананың құшағында оянған.

 

Бақыт алдан тосар деген көңілмен,

Біліміммен танылсам деп өңірге

Ата-анамның орындауға ұмтылдым

Аршып алып армандарын көмілген

Осы үмітпен қанат қақтым ұямнан

Қиыры мен шиыры мол өмірге…

 

Тағдыр талай қадамымды тұсады

Әйтсе-дағы алға тартып күш-ағын

Бір сүрініп, бір жығылып, бой бермей

Құрсауынан шықтым қайғы-құсаның…

…Әлі күнге сағынамын дегенмен

Ата-анамның сол бір жылы құшағын.

Жұлдыз ҚАЗИХАН

ҚАЛАСАҢ

Адасып естен жаңылға­нымды.

Сарылып сені сағынға­нымды,

Қаласаң егер, қадірл­ей білші,

Іздеген кезде табылғ­анымды.

 

Жылауық жым-жырт жын­ды халімнің,

Жарасы ауыр мұңды жа­нымның.

Жанарымда, әні, жазулы тұр ғой,

Жүрегімдегі шындығы Арымның.

 

Жүрекке көзден түскен арай мұң,

Жынды сезімді іштен аяймын.

Қадірлей білсең, сен­дегі өмірді

Қызылды-жасыл түске бояймын.

 

Шеріңнің қылын шертк­ен ән жырдай,

Кектеніп сырын кеткен алдырмай.

Өткен күндердің өкін­ішті әнін,

Өшірем мәңгі өкпе қа­лдырмай.

 

Адасып естен жаңылға­нымды,

Сарылып сені сағынға­нымды.

Аялай білші, қаласаң, жаным,

Жаныңнан мәңгі табыл­ғанымды.

Индира КЕРЕЕВА

… Қолын бұлғап шақырып ызғырық күн,

Қай кезде де күйзеліп күзді күттім.

Таң атқанда тұрып ап елес сынды

Талай Оның жүрегін мұз қылыппын…

 

Талай мені уайым қып тыншымаған,

Мендік тағдыр жүйкесін мың сынаған

Анам жайлы бір өлең жазбадым деп

Оңашада өзіме ұрсып алам…

 

Өзің барда мен мүлдем мұңсыздаймын,

Мейлі жаным жабырқап, тұнсын қайғым;

Өзің барда еңіреп жылай да алам,

Және оған ешқашан қымсынбаймын.

 

Ақын болды тентегің түні – сағым;

Білем, мені жүрегің ұғысарын;

Мама, енді ешқашан, естимісің

Уайымдатпай жүруге… тырысамын!

Гүлжаһан ТӨРЕХАНОВА

Әлдиің сенің — әрлі әуен,

Әніңе әлем жылынар.

Сен күткен үлкен арман ем,

Үміт ем нәзік үні бар.

 

Ұзаттың өмір көшімен,

Өрісті бөлек бетке алдым.

Әнімен әсем өсіп ем,

Шуақты, мөлдір шақтардың.

 

Мұң болып тербер түн кейде,

Күндер де кейде кірбің сап…

Шаршасам гүлді күнгейде

Қаусырар сендік нұр құшақ.

 

Үніңе қалай тоярмын?

Анасы барда бақ қана…

Сен аман жүрші, аяулым,

жып-жылы жүрек, тоқтама!

Балагүл БАКИЕВА

АНА ТІЛЕГІ

Иә, Раббым!

Ерінімді жібітіп,

Бауырымды жылытып,

Риясыз сүйдіріп,

Алпыс екі тамырымды идіріп,

Төрт бөлгізіп ұйқымды,

Балдан тәтті, сүйкімді

Перзент бердің маған.

 

Көзімнің нұры болсын деп,

Өмірдің гүлі болсын деп,

Алаштың ұлы болсын деп,

Алланың ғана құлы болсын деп,

Жалбарынам саған!

 

Жалбарынам, Раббым!

Көңіл бер мөлдір бұлақтай,

Өмір бер жасыл құрақтай.

Қанат бер — қияға ұшсын,

Талап бер — тауларды құшсын!

 

Қай сынға да шыдар болсын,

Жақсыға жаны құмар болсын!

Алтын тонның жағасы болсын,

Ел-жұртының панасы болсын!

 

Өнерлі болсын, өмірлі болсын,

Өмірлері көңілді болсын!

Ақ бесік — жері аман болсын,

Ақ орда — елі аман болсын!

Әумин!!!

Перизат ЖАНҒЫЛЫШБАЕВА

ТҮС

Қолшатырсыз. Жаңбыр. Көктем көшеде,

Бірге жүрміз. Бірге жүрдік кеше де.

Ызғарлы сәл, жоқ, әлде тым суық күн,

Сол суығын сезінбедік десе де…

 

Көңілімізде жоқ қаяу,

Жүзімізде — нұр,

Ең бақытты, сірә, біздің кезіміз бұл?

Бұл ғаламда біздей ұқсас жоқ шығар?

Сезім бір,

Сөзіміз бір.

 

Сенің менде жүрегің де, мекенің,

Маған да анық жүрегің екенім.

Сен жанымда тұрған кезде ұғындым,

Көріп тұрып, сағынудың не екенін.

 

Бақытым да, шаттығым да жанымда,

Кезіккенсің сезгеннен соң жайымды, ә?

«Керекпіз, — деп, — бірімізге-біріміз» —

Ойып тұрып жазған едік қайыңға.

 

Дедің маған: алыстама, кетпе енді…

Мен ұмытқам назымды да өкпемді.

Сен әкелдің, жабыққанда өмірден

«Он тоғызда қалып кеткен көктемді».

 

Мұндай сәттер қайталанбас,

күн мүлде…

Өмір ғажап, мәнін біліп сүргенге.

Сол ғажапқа оянғанда күрсіндім,

Мұның бәрі түс екенін білгенде,

Түс екенін білгенде…

Құндыз ЖҰБАЕВА

Мен жалғай алмай әлекпiн

Күндер мен Түн арасын.

Сен Көктен қалап әлексiң

Сағыныш мұнарасын.

Мұнара басын мұң шалды…

Қалайын кiммен кiнәласып?!

Моншақтай мөлтек бағымды,

Қол жайып өзге сұрағасын.

Салтанат құрған сезiмнiң —

құшқанда барып күлi көк.

Өмiрдiң өлең емесiн ұққандай болдым;

Құдiрет?!

Өмiрдiң өлең емесiн ұққандай болдым;

Бiр рет…

Қызғаныш қалды кеудемде;

Тамыры бар да, Гүлi жоқ.

Мен содан санамадым…

Күндер мен Түн арасын.

Тек қана мекен еттім

Сағыныш мұнарасын.

Мұнара басын мұң шалды…

Базары тарқаған бақ-бақ гүл,

басында жылағасын.

Сол гүлдiң көз жасыменен,

Сен өзге бақты суарасың…

Мұңың да тәттi… дегенмен,

Сен ұсынған.

Тек оны ешкім сұрамасын…

Ақілгек МЫРЗАБАЙ

Бір үмітті мың күдігім тепкілеп,

Екі айырылып езіледі ет жүрек.

Күмəн, күдік… өзгесін де елемей,

Үзілмейтін бір үмітім — тек тірек.

 

Мен сені ұқпай, сен де мені түсінбей,

Ілбіп баспай іркіледі ісім кей.

Сен де жүрсің абыройды түсірмей,

Мен де жүрмін намыстанып, кішірмей.

 

Көзім жұмсам, көз алдыма сұлбаң кеп,

Тұңғиыққа тартады ылғи мұңдар көп.

Өміріңдей сүйемісің сен мені?

Мен өмірді сүйіп жүрмін сен бар деп.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button