Мереке

Шырағың сөнбесін

Жас кәсіпкер Жанар — Ақтөбеде изолон өнімдерін жасайтын тұңғыш шебер

Кейіпкеріміз Жанар Абдрахманова — облыста изолоннан шырақшам жасап, гүл әзірлейтін тұңғыш шебер. Оның гүлдері — той-думанның көркі, мерекелік кештердің сәні. Жанар жасаған шырақшамдар — туған күн, қыз ұзату, үйлену тойы секілді кез келген отбасылық мерекеге, кез келген мейрамға тамаша тарту. Кәнігі шебер безендірген фотоаймақ та өте кірпияз, аса талғампаз тұтынушының көңілінен шығады.

Гүл — әдеміліктің, әсемдіктің символы. Әрине, тарту, сыйға табиғи гүл алу — әр қыз-келіншектің қалауы. Әйткенмен оның дәурені ұзаққа созыла бермейтіні өкінішті. Сол себепті қазір сән әлемінде де, сыйлықтар беру дәстүрінде де жасанды гүлдерге тапсырыс арта түсті.  Жанар әзірлеген гүлдердің әсемдігі соншалықты — табиғи гүлден айырмасы аз. Жарық беретін қасиетке ие гүлдерге деген  көпшіліктің сұранысының артуы содан. Бүгінде Жанардың өнімдеріне біздің өңірдің ғана тұрғындары тапсырыс бермейді, еліміздің Атырау, Түркістан облыстары, тіпті Ресейдің Орынбор облысында да оның тұтынушылары бар. Мереке қарсаңында ол жасаған бұйымдарға тапсырыс әдеттегіден бірнеше есе артыпты.

Жанар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Нәтижесінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы  оған мемлекет  тарапынан 60 миллион теңгеге дейін  төменгі пайызбен несие рәсімдеу мүмкіндігі беріліпті.

Бастау

Бұл кәсіпті қолға алғаныма үш жылдай болды. Бәрі балабақшаны безендіруден басталды. Ақтөбе қаласындағы «Kinder land» балабақшасында жұмыс жасаймын. Іскер, еңбекқор, талғампаз басшымыз мерекелік шараларды безендіру жұмысына дейін өзі араласып, жаңа балабақшамыздағы әр істің басы-қасында жүретін. Қолым босағанда (ол кезде медбике едім) мен де сахна безендіруге көмектесетінмін. Гофра қағазынан декоративті гүлдер жасайтынмын. Ой осыдан туындады. Балабақшаны гүлмен безендіру үшін интернеттен түрлі материалдарды, бейнетаспаларды қарайтынмын. Сол кезде изолоннан жасалған гүлдердің ерекше тартымдылығын, ұзаққа жарамдылығын, аса көп күтімді қажет етпейтінін білдім. Содан басшымызға изолон материалға тапсырыс бердім. Дегенмен ондай материал Ақтөбеде мүлде сатылмайды екен. Ақтөбе түгілі, еліміз бойынша жоқ болып шықты. Содан мені изолон деген не, оның қасиеті, ерекшеліктері қызықтыра бастады. Изолон көптеген ерекшелікке ие. Ең бастысы, экологиялық жағынан мүлде қауіпсіз.  Аллергия тудырмайды. Жану кезінде одан улы заттар бөлінбейді. 

Материалдың бұл түрінен салтанатты шараларды безендіретін гүлдермен бірге түрлі сыйлықтар, әсіресе, шырақтар әзірлеуге болатынын білдім. Изолоннан жасалған шырақшамдар сондай әдемі, адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Мен жасайтын өнім әрі шырақшам, әрі гүл болмақ. Сыйлық беру дәстүрінде екеуіне де сұраныс көп. Оның үстіне халқымыздың таным-түсінігінде от, жарық қастерлі ұғымға ие. Шырақшам талай үйге сәуле шашып,  жылылық, жайлылық, қуаныш сыйлады. Той, туған күн иесіне «Шырағың сөнбесін» деп ізгі тілек айтып, гүлмен әсемделген шырақшам тарту етсе, қандай ғажап!  Сөйтіп, шырақшам жасауға бекіндім. Мұны жасасам, кәсібім қанат жаярына іштей сенімдімін. Содан кейін «Гүлді жасауын жасармын, бірақ оған электр тогін қалай жүргіземін» деген сұрақ туды. Тағы да интернет сайттарын, әлеуметтік желілерді «аралай» бастадым. Алматыда бір қыз жасайды екен. Дереу оған 11 түрлі шырақшамға тапсырыс бердім. Алған соң аударып-төңкеріп, «іш құрылысын» қарап, қалай жасалатынын зерттедім. Әсіресе, ток қалай өткізілетініне мән бердім. Сөйтіп, 11 шырақшамды суретке түсіріп, instagram-дағы парақшама жүктеп қойдым. Дем арасында өтіп кетті. Изолоннан шырақшам жасауға қызығушылығым тіптен арта түсті. Интернеттің көмегіне тағы да жүгіндім. Изолон көршілес Ресейдің Орынборында бар екен. Сонда оқитын қайнымның досынан құрылыс бұйымдарын сататын базарға баруын өтіндім. Орынбор базарынан маған қажетті заттың бәрі табылды. Көп ұзамай материалдарымды да алдым. Әдемілеп гүлдерін де жасап қойдым. Бірақ ток өткізу бәрібір оңай болған жоқ. Сымдарды қателесіп жалғап, үйдің бар шамы жанып та кеткені бар. Дереу шырақшамдарға қалай ток өткізуге болатынын үйрететін шеберлік сабақтарын интернет арқылы сатып алдым. Көп нәрсені сол сабақтардан түсініп, қателіктерімді жөндедім. Қазір ток өткізудің түк те қиындығы болмай қалды, — дейді жас кәсіпкер.

Кейін ол Орынбордың материалын қымбатсынып, көлік компанияларының көмегімен материалдарды Ижевск  қаласынан алдырыпты. Қазір изолон Ақтөбе нарығына да жеткен.

Орынборда да тұтынушым бар

Жанар Абдрахманова — изолоннан шырақшам жасаған, жалпы изолон өнімдерін жасайтын  өңіріміздегі бірінші шебер. Ізденімпаз, табанды, еңбекқор жастың тауарларына сұраныс көп. Жеке адамдармен бірге, мекемелерден де тапсырыс жеткілікті. Мысалы, балабақшалардың қызметкерлері мерекелік шаралар өткізерде ғимаратты безендіру үшін Жанардың гүлдеріне тапсырыс береді екен. Кейіпкеріміз жасаған гүлдермен жергілікті телеарна да студиясын безендіріпті.

Тапсырыстың көптігі соншалық, тәулігіне 2-ақ сағат ұйықтаған кезім болды. Үлгере алмайтынымды айтып, біраз тапсырыстан бас тарттым. Жұмыстың дайындау ұзақтығы тапсырыстың көлеміне байланысты. Кейбірін 2 сағатта әзірлесем, кейбірін 1-2 тәулікте аяқтаймын. Тапсырыс көп болғандықтан, шырақтарды жеңіл көлікке сыйғыза алмай, «Газельмен» таратып та жүрдім.

Расын айтсам, «тауарымды қалай өткізем?» деп бас қатырып көрмеппін.  Іnstagram-дағы парақшамда (Zhanar_aktobe) 10 мыңға жуық жазылушым бар. Тапсырыс бойынша жасалған түрлі шырақшамдарды сонда жүктедім. Тұтынушылар содан көріп тапсырыс беруде, сондай-ақ бір-бірінен, туыстары, таныстарынан біліп тапсырыс береді. Мысалы, Орынбор облысының тұрғыны Мәртөк ауданының Жайсаң елді мекеніндегі бір тұтынушымның үйіне қонаққа барғанда мен жасаған шырақшамды көріп, тура сондай шырақшамға тапсырыс бергені бар. Біздің облыстың барлық ауданында тұтынушыларым бар. Сонымен қатар көршілес Атыраудың Жылыой, Мақат аудандарынан, Түркістан облысының Шымкент, Кентау қалаларынан тапсырыстар қабылдадым, — дейді кәсіпкер.

Кейіпкеріміз шырақты, изолон өнімдерін алдын ала дайындап қоймайды екен.  Бәрін тұтынушының сұранысына сай жасайды.

Өйткені әркімнің үйінің көлемі, интерьері әртүрлі. Шырақшамда да бір қалып, бекітілген стандарт жоқ, көлемі әртүрлі.  Тұтынушы бөлменің аумағына қарай шырақшамның биіктігі, түсі, гүлдің саны, жалпы көлемі қандай болатынына дейін өзі айтады. Шырақшамдардың ең биігі — 180 сантиметр. Бағасы шырақшамның биіктігіне емес, гүлдің көлеміне байланысты болады. Көбіне 5 гүлге сұраныс көп. Тұтынушылар әдетте пион, раушан, лалагүлдерге тапсырыс береді. Үйдің интерьеріне байланысты көбі ақ, ақшыл түсті таңдайды. Үстелге қоятын, қабырғаға ілінетін және өз алдына дербес тұратын биік шырақшамдар бар, — дейді шебер.

Жанардың шырақшамдарының бағасы 6 мың теңгеден басталады екен. Ең қымбаты — 30 мың теңге.  Шырақшамның бағасына қарамай 13 рет, тіпті 17 рет тапсырыс берген тұтынушысы да бар.

Карантиндік шектеу шаралары күшейтілген кезде кәсіптің бұл түріне тапсырыс арта түсіпті.

Жанар безендірген фотоаймаққа да сұраныс көп. Отбасылық мерекелер, әсіресе, қыз ұзату, үйлену тойларын өткізерде көпшілік Жанардың туындысын таңдайды екен.

«Өзіме сенімдімін»

Үнемі тынымсыз ізденіс үстінде жүретін Жанар біз сөйлескен күні интернет маркетологтің арнайы оқуын аяқтап, тиісті сертификат пен дипломын алыпты.

Бизнестің ілгері жылжуы үшін интернет-маркетингтің орны ерекше. Білікті маркетолог кәсіпорынды, кәсіпкерді табысқа кенелтеді. Кешегі карантиндік шектеу кезінде әлеуметтік желілер арқылы табыс табудың тиімділігін кәсіпкерлер жете түсінді, — дейді жас кәсіпкер.

Ол қазір өзі меңгерген кәсіп түрін өзгелерге де үйретуді жоспарлап отыр. Мерекеден соң шеберлік сыныбын өткізбек. Мұны естіген біз: «Ақтөбеде біріншісіз. Бірінші болып қала бергіңіз келмей ме? Бәсекелестер көбейіп кетіп, тапсырыс азайып кетеді деп қорықпайсыз ба?» деген сауал қойдық.

Тұтынушылар арасында өз «брендімді» дәлелдедім. Ең бастысы, сапа. Жұртшылық мен жасаған өнімнің сапасы жоғары екенін жақсы біледі. Ал сапалы тауарға сұраныс қашанда жоғары болады. Оның үстіне Ақтөбеде изолон бұйымдарын бірінші болып таратушы, жасаушы мен екені де талғампаз тұтынушыларға белгілі. Сол себепті де бәсекелестіктен қорықпаймын, сұраныс төмендемейтініне сенімдімін.

Қазір облыс орталығында изолоннан гүл жасайтын 3-4 адам бар. Олар өнімдерге сұраныс болмаған соң, нарықтағы бағаны түсіруде. Дегенмен бәрібір менің бұйымдарымның бағасы өзгерген жоқ. Бұдан мәселе бағада емес, сапада екенін аңғаруға болады.

Шеберлік сыныбына қатысуға ниет білдірушілер көп. Солар қолқа салып отыр. Жастарға білгенімді үйреткім келеді, — дейді Жанар Абдрахманова.

P.S.

Жанар отағасы Абылай екеуі Кәусар, Нұрша есімді екі бала тәрбиелеп отыр. Жолдасы мемлекеттік мекемеде қызмет істейді, ал өзі Ақтөбе қаласындағы   «Kinder land» балабақшасында  массажист және безендіруші болып еңбек етеді.

Кейіпкеріміз мемлекет берген мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз кәсібін дамыта түсуді мақсат етіп отыр. 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button