Жаңалықтар

Өткен екі айда 34 көлік өртенді

Брифинг

Жыл басынан бері облыста 95 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,9 пайызға көп. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Тұрмыстағы өртке қарсы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы Евгений Овчарский мәлімдеді.

Биыл екі айда өрт салдарынан 4 адам көз жұмған. Оның біреуі — жасөспірім. Өрт оқиғасы салдарынан 8 адам түрлі дене жарақатын алған. Өрттен келген материалдық шығын көлемі — 1,5 миллион теңгеден асады. Өткен екі айда ең көп өрт оқиғасы (46 жағдай) тұрғын үй секторында тіркелген.

Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерімен қатар өрт оқиғасын болдырмау және оның алдын алу шараларына қатысты түрлі  жиындар, рейдтік профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екі ай ішінде көппәтерлі үйлердің тұрғындарының басын қосып 255 жиын өткізілді. Сондай-ақ жеке тұрғын үй секторларында барлығы 3,5 мыңнан астам үй қамтылған аулаларды аралау жүргізілді. Облыс аумағында жыл басынан бері газ баллонының жарылысына қатысты 3 өрт оқиғасы тіркелді, — деді Евгений Овчарский.

Брифингте ол аудандарда болған өрт оқиғасына қатысты жағдайларды да баяндады. Соның бірі — тұрмыстық газдан улану оқиғасы. Бұл жағдай биыл 25 ақпанда жергілікті сағат 15.39-да тіркелген. Хромтау ауданының Көктау ауылында 2 адам табиғи газдан уланып, аудандық орталық ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарлама департаменттің кезекшілік бөліміне түскен. Сондай-ақ 27 ақпанда Темір ауданының Сарыкөл кентінде 2 адам тұрмыстық газдан уланып, көз жұмған.

Қазір түрлі конструкциялы газ аспаптары арқылы жылытылатын тұрғын үйлер бар. Осыған байланысты өрттің алдын алу мақсатында газ аспаптары мен баллондарды пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі қағидаларын біз тұрғындарға ескертіп жатырмыз. Осындай қауіпсіздіктің бірі —  тұрмыстық газ аспаптары, оның ішінде ас үй плиталары, су жылыту қазандықтары мен газ колонкалары, газбен жабдықтауға арналған газ баллондары ғимараттан тыс, нысанға кіреберісте кемінде 5 метр  жанбайтын материалдардан жасалған жапсарлас құрылыстарда немесе шкафтарда орнатылуға тиіс, — деді

Е.Овчарский.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні облыс аумағында автокөлікте 34 өрт тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өртенген көліктердің саны 2 есеге артқан. Оның ішінде жеңіл автокөлікте — 22, жүк көлігінде — 6, басқа көлік құралдарында (тіркемелер, арнайы техника) 2  өрт оқиғасы тіркелген.

Жүргізушілер жеке автокөлікті техникалық жарамды күйде ұстау, зауыттық нұсқаулықтың талаптарына сәйкес пайдалану және қызмет көрсету, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы қажет. Бұл — өрттің туындау мүмкіндігін барынша азайтады, — деді департамент өкілі.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button