Жаңалықтар

Өңірде қоғамдық тамақтануға және аралас оқытуға рұқсат берілді

Брифинг

Осы аптада Ақтөбе облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылдың 13 қаңтарындағы №1 қаулысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова айтып берді.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №67 қаулысының 21-қосымшасының талаптарын сақтай отырып, толымдылығы 30 пайыздан, бірақ адам саны 50-ден аспайтын қоғамдық тамақтану орындарында ас беруге, сондай-ақ толымдылығы 30 пайыздан аспайтын, бір адамға кемінде 4 шаршы метр алаңды қамтамасыз ететін діни нысандардың қызметіне рұқсат беріледі. Сонымен қатар өңірде жалпы білім беретін мектептерде 1-сыныптан 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 1-сыныптан 7-сыныпқа дейін 25 оқушыдан аспайтын аралас оқытуға, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілді.

— Наурыз айынан бастап өңірімізде Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №67 қаулысының 39-қосымшасындағы талаптарды сақтай отырып, толымдылығы 30 пайыздан аспаған кезде бильярд клубтарының, сондай-ақ аталған қаулының 5, 45-қосымшаларындағы талаптарды сақтай отырып, толымдылығы 30 пайыздан, бірақ адам саны елуден аспаған кезде балалардың ойын-сауық орталықтарының (жабық орындардағы аттракциондар, ойын алаңдары) жұмыс жасауына рұқсат берілді. Сонымен қатар күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, көрермен саны 20 пайыздан аспайтын орындарда спорттық іс-шаралар мен күндізгі уақытта бірқатар кеңестерді (отырыстарды) өткізуге болады, — деді Г.Дәулетова.

Өз сөзінде департамент басшысының орынбасары бүгінгі күні облысымыз жасыл аймақта және өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін жеткізді.

Соңғы деректерге сүйенсек, облыста коронавирус инфекциясымен ауырғандардың саны 4273 адамға жеткен. Оның ішінде 51,1%-ы (2187) ауру белгілері бар науқастар болса, 48,8%-ы (2086) — симптомсыз ауырғандар. Бүгінге дейін өңірде 4026 (94,2%) науқас жазылып шықты. Қазіргі таңда үй карантинінде 750 адам жатыр. Оларға дәрігерлер медициналық бақылау жүргізуде.

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button