Мәдениет

Дәурен — мүшәйра жеңімпазы

Сейсенбі күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында

облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай 16-28 жас аралығындағы жас ақындар арасында «Жамбылдың халық үшін қалған жасы» атты жыр мүшәйрасы өтті.

Мүшәйра негізінен екі кезең бойынша өткізілді. Оған жалпы саны 27 талапкер қатысты.

Мүшәйраның бірінші кезеңі онлайн форматта өтті. Онда талапкерлер Жамбыл Жабаевтың ақындық, кемеңгерлік тұлғасын паш ететін және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған өлеңдері мен еркін тақырыптағы туындыларын ұсынды. Нәтижесінде екінші кезеңге 16 талапкер өтіп, олар Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бауыржан Бабажанұлы бастаған, құрамында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы коворкинг орталығының жетекшісі Талғат Тілеулесов, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнәр Әбдісаматқызы, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Данагүл Қазихан, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Елеусіз Нұрғалиевтер бар қазылар алқасының алдында өз өлеңдерін жатқа оқыды.

Мүшәйраның қорытындысы бойынша І орынды Әйтеке би ауданынан келген жас талапкер Дәурен Тілеухан жеңіп алды. Ал ІІ орынды ақтөбелік Жәнібек Бейбітов пен

Әйтеке би ауданынан келген Алпамыс Жармұханбетов иеленді. ІІІ орын қос ойылдық Нұрсұлтан Жумин мен Әсем Ескендіроваға, сондай-ақ Шалқар ауданынан келген Аманжол Мұқанбетқазиевке бұйырды.

Шара соңында жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар, ал қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button