Тәуелсіздік — 30

27 бастауыш кәсіподақ ұйымы сынға түсті 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпан айы «Қазақстан — спорттық ұлт» ұранымен бекітілген. Осыған байланысты қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының облыстық филиалы атқарушы биліктің қолдауымен қысқы спартакиада ұйымдастырды. Осымен 6-шы рет өткізіліп отырған дәстүрлі шаңғы жарысына 27 команда қатысып, өзара сайысқа түсті.

Биылғы жарыстың ерекшелігі  — қысқы спорт түрлері бойынша спорт мектебінің жаңа ғимаратының жанындағы шаңғы трассасында өтуі. Ауа райының қолайсыздығы, аяз бен қарлы бұрқасынға қарамастан, биылғы додаға қатысуға ниет еткендер қатары әдеттегіден көп болды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының барлық командалары тартысқа үлкен дайындықпен келгені байқалды. Жанкүйерлер де ерекше белсенділік танытты.

Жарыс нәтижесінде мәреге алғаш болып Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония және облыстық бокс мектебінің командалары жетті. Оларға тоңазытқыш сыйға берілді. Ал жүлделі I орынды облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Алға аудандық спорт мектебінің командалары жеңіп алды. II орынды «Алақай» қуыршақ театры, халық шығармашылығы орталығы,  «Шағала» бассейні және теннис спорт мектебінің ойыншылары иеленді. Ал III  орын тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығы, мемлекеттік архив, С.Бәйішев атындағы кітапхана, №4 спорт мектебі, «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі», «Авиатор» спорт мектептерінің командаларына бұйырды.

Жарысқа барлығы 27 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысып, әрқайсысы бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

«Кәсіподақ үнемі осындай игі бастамалардың басы-қасында болып, бастауыш ұйым мүшелерінің өзара ынтымағын арттыруға үлес қосып келеді. Қыстың соңғы айының аязды күндеріне қарамастан, жүрегімізге жылылық, көңілімізге көктем лебіндей ізгілік шуағын әкелген осындай жарыстар жиі бола берсін», — деп тарқасты қатысушылар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button