Жаңалықтар

Партия күнінде алғыс айтылды           

Nur Otan партиясының аудандық филиалының ғимаратында қос мереке — Алғыс айту күні және Партия күні қатар аталып өтті. Жиынға партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және жастар қатысты.

Nur Otan партиясы Қарғалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Надежда Заглядова айтулы мереке сәтінде партияластарын құттықтап, белсенді азаматтарды салтанатты түрде партия қатарына қабылдады.

Шараға қатысқан Қарғалы аудандық мәслихатының хатшысы Сапарбек Аманжолов өткен сайлау кезінде белсенділік танытқан партия мүшелеріне Алғыс хаттар тапсырды.

Сонымен қатар зейнет жасына толған партия ардагері, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Николай Смолинецке партия жұмысына белсене араласқаны үшін құрмет көрсетілді.

— Мен тағдырымның Қазақстан атты байтақ, дархан елмен байланысты болғанына ризамын. Тың игеру кезінде әкем осында дәм айдап келіп, анаммен табысқан. Отбасын құрып, ұрпақ өрбіткен. Мен шетелдерде оқып, еңбек етуге мүмкіндігім мол болса да, Қазақстанды еш елге айырбастай алмадым. Осы елмен өмірім, тағдырым бір. Әлем елдерінің алдыңғы ондығына бағыт алған Қазақстанның дамуына үлес қосу қазіргі жаңа заман жастарының қолында. Партия қолдауы да орасан. Еңбек арқылы біз жетпеген жетістіктерге жетіңіздер! —  деді Николай Смолинец.

Замандасын құттықтаған партия ардагері Сабыржан Бисенов алдыңғы аға буынның жастарға үлгі боларлық қасиеттеріне тоқталды. Алғыс пен ықыласқа толы басқосудың  өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні зор болды.

Кәмшат БАЙХАНОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button