Басты бет » Басты жаңалықтар » Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді

Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысына қатысты. Жиын барысында Президент елді дамыту мақсатында алға қойылып отырған негізгі міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ Кеңес мүшелері осыған дейін атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жоспармен бөлісті.

Тұрғын үй мәселесі әлі де өзекті

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлес қосып келе жатқанын жəне кеңесте қабылданған шешімдер еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін бергенін айтты.

— Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданды. Тағы 9 заң жобасы əзірленіп жатыр. Заң шығару жауапты жəне күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес мүшелері ауқымды істер атқаруда. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес ұсынған шаралар мен бастамалар жайында өз ойымен бөлісті. Ең алдымен, тұрғын үй жəне экономика саясатын жетілдіру бағытына қатысты пікір білдірді. Бүгінде қазақстандықтар өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана бастады. Айналасы бір айдың ішінде ғана мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды, ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Дегенмен тұрғын үй мəселесі əлі де өзекті болып отыр.

— Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өсті. Бұл — жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің ахуалы əркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40 пайызы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы əлі де қымбат.

Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар əзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы, бұл ұсыныстарды қолдаймын. Дегенмен нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді əрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сəйкес тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тəсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ауылдық жерлердегі тұрғын үй мəселесін шешу үшін кəсіпкерлер өз жұмысшыларына арнап үй салса, оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаруды ұсынды. Бұл ұсыныс ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізіп, экономикалық белсенділікті арттырып, қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дəрігерлерді, мал дəрігерлерін тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тəсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек.

Мемлекет басшысы аймақтардағы əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациялардың жұмысын қайта реформалап, оларды толыққанды институтқа айналдыру қажет деп санайды. Олардың жұмысы ашық əрі қоғамның толық бақылауында болуға тиіс.

— Өңірлік корпорациялардың жұмысы қоғамның ашық əрі толық бақылауында болуға тиіс. Құзыретіне жатпайтын жəне маңызы төмен активтерді оның қарамағынан алып тастаған жөн. Жалпы, осы корпорациялардың қызметін үйлестіру үшін ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігінің аталған мəселеге қатысты құзыретін күшейту керек, — деді Президент.

Экономиканы əртараптандыру жəне оның энергия сыйымдылығын төмендету шараларымен қатар, «жасыл технология» бағытына қадам баса беру керек.

— Дəл осындай стратегиялық маңызды салаға қатысты мемлекеттік саясаттың ұстанымдары мен шаралары белгісіз күйінде тұр. Сондықтан баламалы энергетиканы дамыту мəселелері бойынша жаңа заң əзірлеу қажет. Онда жаңартылатын энергия көздерін ғана емес, барлық баламалы қуат көздерін реттеудің тəсілдері мен нормаларын да көрсету керек. Үкіметке тиісті заң жобасын əзірлеп, оны Парламенттің қарауына енгізуді тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамыту қажеттігін атап өтіп, Үкіметке 600 қазақстандық білім беру ресурстарына лимитсіз қол жеткізе отырып, «Білім» ұялы операторларының тарифтік жоспарын мерзімін шектемей ұзартуды, сондай-ақ мектептердің отандық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырды.

— Тағы бір маңызды міндет — педагогика жəне медицина кадрларын даярлау. Қазірдің өзінде көптеген өңірде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл — өте күрделі мəселе. Оны жедел шешуіміз керек. Мемлекет осы ахуалды түзету үшін нақты шараларды қолға алды. Мұғалімдер мен дəрігерлердің жалақысын көбейтіп, əлеуметтік мəртебесін арттырып жатырмыз. Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет, — деді Президент.

Инклюзивті қоғам қалыптастыру қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мəселесіне жеке-дара тоқталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау — дамыған жəне əлеуметтік жауапты мемлекеттерге тəн. Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты үнемі жақсартып отыруы тиіс. Себебі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Сонымен қатар мұндай іске мамандандырылған ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолданыстағы нормалар ескірген.

— Өңірлердің ерекшеліктерін жəне қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, аталған саладағы нормативтерді жаңарту қажет. Бүгінде бір психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия 60 мың баланы қамтиды. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету керек. Балаларды сəби кезінен бастап скринингтен өткізу ісін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы əлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту қажет.

Уəкілетті органдар ерекше қажеттіліктері бар бала мен оның отбасы үшін бірыңғай маршрут түрінде іс-қимылдардың түсінікті алгоритмін жасауы тиіс. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Білім жəне ғылым министрлігі ерекше балалардың білім алу құқықтарын іске асыру мəселесіне айрықша назар аударғаны жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Президент мүгедектікті анықтау рəсімдерін жеңілдетуді тапсырды. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Осылайша, азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Бұл жоба биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрғын үйлерге, əлеуметтік нысандарға кіріп-шығуын жəне көліктерге мініп-түсуін қамтамасыз ету мəселесі де өзекті.

— Іс жүзінде жүріп-тұруы қиын азаматтардың өздігінен үйден шыға алмай қалатын кездері болады. Бұл жерде олардың қандай да бір нысанға баруы жəне оның ішінде өздігінен жүріп-тұруы туралы айтудың өзі артық. Мұндай күрделі əрі қолайсыз жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қажетті нысандарға қиындықсыз жетуін қамтамасыз ету үшін «табалдырықтан табалдырыққа» қағидаты бойынша жұмыс істейтін нақты нормативтік-құқықтық актілерді тез арада қабылдау қажет.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар Қажетті нысандардың тізімін немесе картасын əзірлеуі тиіс. Аталған тізімде барынша қажетті ұйымдар, олардың қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау, білім беру жəне басқа да мекеме болғаны жөн. Соның негізінде əкімдер аталған нысандарды талаптарға толық сəйкестендіруі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғауға қатысты Үкімет, жұмыс берушілер мен кəсіподақ өкілдері əзірлеп жатқан Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарының маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы əзірлеген 14 жаһандық индикатор негізінде адам құқықтарын сақтау бойынша бағалау жүйесінің Ұлттық индикаторларын кезең-кезеңімен енгізуді жолға қою ұсынылды.

Өскелең ұрпақтың денсаулығын «əлеуметтік кеселдерден» қорғау мақсатында кəмелетке толмағандарды құмар ойындарға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғаларды əкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды.

— Соңғы кезде жастар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тəуелділік белең алуда. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдеріміз заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды.

Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шара қабылдады. Бірақ бұл шаралар, əрине, жеткіліксіз. Жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Мəселені шешу үшін жаңа тəсілдерді қолдану қажет.

Балаларды жəне кəнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар əкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз.

Қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана айыппұл салынады. Шетел азаматтарының ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салу керек.

Лудоманияға жан-жақты тосқауыл қоюға тиіспіз. Бұл ретте заңнамалық шара қабылдаумен шектеліп қалуға болмайды. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатымен тиімді тəсілдер қолдану қажет. Заңсыз ойын бизнесімен күресу үшін қоғамдық бақылауды күшейту аса маңызды. Осы міндеттерді орындауға құзырлы органдар белсенді атсалысуы керек, — деді Мемлекет басшысы.

Əйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету мəселесі де өткір əлеуметтік проблема ретінде айтылды.

— Жыл сайын елімізде əйелдерге қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеледі. Оның ішінде адам өліміне алып келетін жағдайлар да бар. Бұл өткір мəселені шешу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіруі қажет.

Бұл ретте Ішкі істер министрлігіне қарасты 1999 жылы құрылған Əйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Аталған бөлімшелер полиция мен азаматтық қоғамның арасында дəнекер болуы керек. Алайда кезінде олардың штаттық саны, əсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін аймақтарда екі есеге дейін қысқартылды.

Ішкі істер министрлігіне Əйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штатын қайта қалпына келтіруді тапсырамын, — деді Президент.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында түзеу мекемелері мен полицияның арнайы ғимараттарындағы «көзден таса» учаскелерді бейнебақылау жүйесімен толық қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Енді аталған мақсатты іске асыру үшін Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен жəне құқық қорғаушылармен бірлесіп, Нақты іс-қимыл жоспарын əзірлеуі тиіс.

Қос азаматтыққа жол жоқ

Бұдан бөлек Парламентке адвокаттардың кəсіби əдеп сақтамағаны жəне заң көмегін көрсету қағидаттарын бұзғаны үшін өмір бойына лицензиясынан айыру туралы норманы алып тастау мəселесін қарастыру ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды дəйекті іске асыруға баса мəн берді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын əзірлеу аясында тиісті заң жобасын дайындау тапсырылды. Биыл кент, ауыл, ауылдық округ əкімдерін тікелей сайлау өткізіледі.

— Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ əкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасты деп айта аламыз.

Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Келесі маңызды қадам — аудан əкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға жəне жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ, — деді Мемлекет басшысы.

Президент қос азаматтығы үшін жауапкершіліктің күшейтілуі мүмкін екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен бұған дейін берілген мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік ұйым басшылары арасында қос азаматтығы бар адамдарды жұмыстан шығару туралы тапсырмасының есебін сұрады.

— Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салынған көптеген елдің тобына кіреді. Тиісті норма Конституциямызда да бар. Дегенмен соңғы уақытта тіпті мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтықтың бар екендігі туралы фактілерді жиі тіркеп жүрміз. Бұған белгілі себептермен жол беруге болмайды. Бұл өте байыпты мəселе. Өйткені ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты. Мұндай фактілердің жолын кесу қажет.

Былтыр Қазақстан халқына Жолдауымда қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын лауазымды қызметінен босату туралы тапсырма бердім. Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте атқарылған жұмыстың нəтижелері туралы баяндауды өтінемін. Мұндай заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті мұнан да қатаңдату қажет секілді, — деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы жер мəселесінің ерекше маңызды екенін атап өтіп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы бұған дейін де бірнеше мəрте мəлімдегенін еске салды.

— Бұл мəселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге жəне шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Əкімшілігі дəл осы мəселеге байланысты тиісті заң жобасын əзірлеуі керек. Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін жəне жер мəселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мəселелері бойынша ортақ мəміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының əрбір кезеңі жəне онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі — комиссия жұмысының жəне шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды, — деді Мемлекет басшысы.

Жиында Президент Ұлттық кеңестің маңызды міндеттерінің бірі мемлекет пен қоғам арасында тиімді байланыс орнату екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық жұмыс, ең алдымен, азаматтарымыздың алдындағы үлкен миссия əрі жоғары жауапкершілік. Ұлттық кеңес үйлесімді қоғамдық ортаның дамуына, өркениетті диалог нормаларының түбегейлі қалыптасуына септігін тигізуі тиіс.

Атқарылған жұмыстың есебі берілді

Отырыс барысында Президент көмекшісі Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі атқарып жатқан жұмыстардың есебін берді. Оның айтуынша, қоғам белсенділері, сарапшылар жəне мемлекеттік органдармен өзара əрекет ету, ұсыныстар əзірлеу жұмыстары өз жалғасын тауып отыр.

— Қазан айында өткен Ұлттық кеңестің 4-отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша 21 тармақтан тұратын арнаулы іс-шаралар жоспары қабылданды. Берілген тапсырмалардың тиісті түрде орындалуы хатшылық тарапынан бақылауға алынды. Оған қоса Ұлттық кеңес мүшелері ұсыныстарының негізінде əзірленген тапсырмалардың іске асу барысы хатшылықтың ерекше назарында, — деді ол.

Е.Қариннің сөзіне сүйенсек, саяси реформалардың екінші топтамасы бойынша қазіргі уақытта 5 заң жобасы, Президенттің бір Жарлығы əзірленіп отыр. Саяси реформалардың үшінші топтамасы аясында алдағы уақыттың өзінде үш заң жобасын дайындау қарастырылған. Олардың ішінде саяси партиялардың Мəжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «бəріне қарсымен» деген жазуды енгізу жəне басқа да бастамалар Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып əзірленді.

— Бұдан бөлек мемлекеттік органдар мен Ұлттық кеңес мүшелері арасында өзара əрекет ету жұмыстары жалғастырылды. 2020 жылы онлайн форматта Ұлттық кеңес мүшелері мен министрліктер басшыларының 13 кездесуі өткізілді.

Кездесулер барысында Ұлттық кеңес мүшелері министрліктердің жекелеген қызмет салалары жұмысын одан əрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті. Ұсынылған мəселелерді одан əрі бірлесіп пысықтау үшін кеңестің бірқатар мүшесі министрліктер жанындағы жұмыс топтарына шақырылды.

Биыл Мемлекет басшысының Ұлттық кеңес мүшелерін қабылдау тəжірибесі жалғасады. Ұлттық кеңес құрылғаннан бері 1,5 жылдың ішінде мұндай 26 кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездеулерде айтылған мəселелер мен ұсыныстар хатшылықтың тарапынан бақылауға алынған. Ұлттық кеңес қызметінің нəтижелерін қорытындылау жəне диалог алаңын тиімді насихаттау мақсатында 2020 жылғы қараша айында ulttyq-kenes. kz веб-сайты іске қосылды. Бұдан басқа Ұлттық кеңес құрылған сəттен бастап оның Telegram, Instagram, Facebook əлеуметтік желілерінде аккаунты жұмыс істейді. Аталған жұмыстардың барлығы Ұлттық кеңестің тиімді қызмет етуіне ықпал етеді жəне əрі қарай да бұл бағыттарда жұмыс жүргізіледі, — деді Ерлан Қарин.

Бұдан кейін Саяси жаңғыру жөніндегі жұмыс тобының өкілі Марат Шибұтов сөз сөйледі. Оның айтуынша, жұмыс тобы үш бағытта жұмыс істеп отыр. Біріншісі — заң шығаруға қатысты. Қазіргі таңда бұл төңіректе айтылып жатқан сындарға қарамастан, бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Мəселен, елімізде өлім жазасы алынып тасталды.

Екінші бағыт Үкімет мүшелерімен, Президентке тікелей бағынышты мекемелердің мүшелерімен кездесуге арналды. М.Шибұтовтың сөзіне сүйенсек, осы қадам арқылы Кеңес мүшелерінің өз көзқарасын білдіруіне мүмкіндік туған. Үшіншіден, мемлекеттік мекемелерге жасалған өтініштерге шұғыл жауап беру мəселесіне мəн берілген.

М.Шибұтовтың айтуынша, жұмыс тобы 2021 жылы бірқатар маңызды басымдыққа мəн бермек. Олардың қатарында онлайн-петиция, ауыл əкімдерін сайлау секілді мəселелер бар.

— Біріншіден, бізге онлайн-петицияны қараудың шекті мөлшері секілді мəселелерді талқылап, ұсыныс енгізу қажет. Бұлар қоғамдық бақылау туралы заңның аясына кіреді. Екіншіден, заңның өзімен де жұмыс істеу қажет. Қазіргі таңда Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігінің жұмыс тобына бірнеше адам кірген.

Содан кейін ауыл əкімдерін сайлау тəсілін дайындап, олардың жаңа мəртебесін анықтау негіздерін қарастыру керек. «Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер енгізу, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң жобасын дайындауға қатысу қарастырылған.

Тағы бір маңызды мəселе — Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекстің енгізілуін пысықтау. Себебі осы құжат мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты анықтайды. Сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдар жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізумен айналысу қажет. Өйткені бізде қоғамдық жұмыстың жаңа формалары пайда болды, — деді Марат Шибұтов.

Отырыс барысында сөз алған Экономикалық жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Қайырбек Арыстанбеков елде экономикалық модернизацияны жүзеге асыру бойынша қабылданған шараларға тоқталды.

— Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бастамасымен халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп, ұлттық экономиканы дамытуға бағытталған көптеген шара қабылданып, тиісті қадамдар жасалуда. Пайдаланылмайтын жер учаскелеріне базалық салық мөлшерлемелері ұлғайтылды. Екіншіден, Үкіметтің жəне Ұлттық банктің қаулылары қабылданды. Қаулыларға сəйкес шетелден жұмыс күшін тарту квотасын 40 пайызға қысқарту жəне Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер аударудың арнаулы жоспары əзірленуі керек. Бұл бағыттар бойынша тиісті жұмыстар пəрменді жүріп жатыр. Үшіншіден, қазіргі уақытта екі заң жобасы əзірленіп, мемлекеттік органдар арасында келісім үдерісінен өтуде, — деді Қ.Арыстанбеков.

Сондай-ақ спикер министрліктер қабылдаған тиісті құжаттар мен бұйрықтарға да тоқталып өтті. Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі төрт бұйрық, Ауыл шаруашылығы министрлігі екі бұйрық, Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі біріккен бұйрық əзірлеген. Бұл құжаттар отандық еңбек нарығына сырттан келген жұмыс күшін тартуды, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды жəне оған мониторинг жүргізуді, сондай-ақ Ұлттық қордан трансферттердің аударылуын реттейді.

Одан бөлек сарапшы былтыр пандемия мен өзге де факторлардың ұлттық экономикаға əсер еткеніне қарамастан, Президент тапсырмасымен Үкімет пен Ұлттық банктің тиісті шараларды қабылдағанын мысалға келтірді.

Қайырбек Арыстанбеков Ұлттық кеңестің экономикалық модернизация бағытында жасаған шаралар туралы баяндап, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына былтыр қосылған белгілі əлеуметтік кəсіпкер Эмин Аскеров əлеуметтік жаңғырту бағытындағы жұмысты баяндап, бұл тақырыптың алдағы жылдары да өзекті болатынын алға тартты.

— Алдағы жылдары ел үкіметтерін экономикалық өсімнен гөрі «əлеуметтік тақырыптар» көбірек алаңдататын болады деп есептеймін. Бұл ретте əлеуметтік кəсіпкерлік мəселесіне баса назар аударып жүргендіктен, осы жаңа трендті ілгерілетуге мəн беру маңызды деп санаймын, — деді кəсіпкер.

Ұлттық кеңес мүшесі ретінде Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі болып тағайындалған Эмин Аскеров бұл қадам əлеуметтік кəсіпкерлікке жергілікті атқарушы органдарды тартуға мүмкіндік бергенін айтады.

— Бүгін біз өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, əлеуметтік кəсіпкерлікті дамытуды жолға қойып отырмыз. Қоғамдық қызметтің арқасында Павлодар қаласында əлеуметтік шеберханамыздың бірінші филиалын аштық. Балаларға арналған экологиялық таза ойыншықтар дайындайтын цехте мүгедек жандардың ағаш ұстасына тегін оқып, кейіннен сонда жұмысқа қалуға мүмкіндігі бар. Өткен жылдың қараша айында Парламент Сенатында «Əлеуметтік кəсіпкерлік туралы» заң жобасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Биыл шілдеде «əлеуметтік кəсіпкерлік» термині ресми түрде енгізіледі деп ойлаймын. Бұл шаралар əлеуметтік мəселелерді шешуге тырысатын барлық кəсіпкерлер үшін негіз болмақ», — деді Э.Аскеров.

Сарапшы сөз соңында əлеуметтік кəсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Ең алдымен, ол əлеуметтік кəсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік кешенді бағдарламасын өңірлік деңгейде енгізуді ұсынды. Одан бөлек əлеуметтік кəсіпкерлік компонентін қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан «Еңбек» секілді мемлекеттік бағдарламаларға енгізу мəселесін көтерді. Сондай-ақ ол 2022 немесе 2023 жылды Əлеуметтік кəсіпкерлікке арнау мəселесін ортаға салды.

Отырыс барысында рухани-мəдени бағыттағы жұмыс тобының есебін Кеңес мүшесі Максим Рожин таныстырды. Топ былтыр Үкімет мүшелерімен өткен 17 кездесуде əртүрлі бағытта 30-ға жуық мəселе көтеріп, олардың заң талабына сай орындалуын немесе ұсынылатын жаңа заң жобаларына енгізуді ұсынған. Сарапшының айтуынша, мемлекеттік тілді қолдану мен мемлекеттік тілдің интернеттегі репрезентациясына қатысты топ мүшелерінің ұсынысы бүгінде «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңда жалғасын тапқан.

— Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың ақпаратқа қолжетімділігі, тарихи-мəдени мұралардың қатаң бақылауға алынуы мен оларды сақтау, экологиялық тəрбие өзектілігі жəне табиғатты аялау мен қорғауды жастар арасында насихаттау, бұқаралық спорт пен ауыл жастарының потенциалын дамыту, еріктілер мен қайырымдылық жобаларының жұмысын жүйелейтін платформа құру секілді мəселелер мемлекеттік органдардың қарауында жəне олардың бірсыпырасы Президенттің тікелей тапсырмасымен іске асып жатыр, — деп атап өтті М.Рожин.

Спикер бүгінде өзекті мəселелердің біріне айналған жер мен табиғатты бағалауға, тарихи сананы жаңғырту мəселесіне қатысты ойын ортаға салды.

— Егер біз байтақ та бай жеріміздің киесінен қорқып, оны аялай білсек, егер жеріміздің шын жанашыры болып, қамқоршы иесі екенімізді сезінсек, Қазақ елінің əрбір азаматы осыған лайықты іс-əрекет жасауы керек. Рас, мəселе, шынымен де, тек қана заң мен экологияда емес, əуелі санамыз бен отаншылдығымызда. Ол отбасынан басталатыны сөзсіз. Сонымен қатар тарихи сананы жаңғырту мəселесіне қатысты ойымызды жеткізуді жөн санап отырмыз. Беделді тарихшыларымыздың ұлттық мүддемізге сай келетін жаңа тарихымыз бойынша көптомдық ғылыми еңбекті жасақтауы, сонымен қатар оқулықтардың осы еңбекке негізделетіні — құптарлық іс. Бұл да кезек күттірмейтін мəселе деп білеміз. Ал оны шетел аудиториясына насихаттау заман талабы деп түсініп отырмыз. Қай ұлттың болсын өз шежіресі мен тарихы ұлттық мүдде тұрғысынан жазылып, өскелең ұрпақтың санасына, ұлттық жадын жаңғыртуға қызмет етуі заңдылық, — деді М.Рожин.

Рухани-мəдени тобы мүшелерінің алдында осы құндылықтарды ескере отырып, ұлттық сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға бағытталған қажетті ұсыныстар мен бастамаларды іске асыру міндеті тұрғанын айтқан сарапшы Кеңес хатшылығына ұсынысын білдірді.

— Алдағы уақытта Кеңес мүшелерінің еліміздің барлық облыстарына іссапарларын ұйымдастыруды жөндеп санаймыз. Ол жерде тұрғындармен, қоғамдық кеңес мүшелерімен жəне жергілікті басқару органдарымен кездесулер ұйымдастыру арқылы Кеңес мүшелері маңызды əрі қажетті ақпаратқа қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта дайындалатын ұсыныстар легін нақтылауға жəне өңірдегі қоғам сұранысын ескеруге мүмкіндік береді, — деді М.Рожин.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan».