Жаңалықтар

Білікті дәрігер, ұлағатты ұстаз

Мерей

Облыс медицинасының  дамуына үлес қосқан белгілі дәрігер, профессор Нағашыбай Ақатаев 70 жасқа толды. Жедел жәрдем ауруханасында облыстық мәслихаттың депутаттары профессорды мерейтойымен құттықтады.

Шарада облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғыманов дәрігерге жылы лебізін білдірді.

— Дәрігер — адам өмірінің арашасы. Басымыз ауырса, алдымен ақ халатты жандарды іздейміз. Өз ісінің шебері, білікті маман қай уақытта да халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Нағашыбай Ақатаев — сондай жанның бірі. Ол  білікті дәрігер ғана емес, ұлағатты ұстаз. Шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде еңбек етіп жүр, — деген Амангелді Нұғманов дәрігерге ұзақ ғұмыр мен денсаулық тіледі. Сондай-ақ облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құтықтауын оқыды. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Еліміздің денсаулық сақтау саласына қосқан зор үлесі мен жемісті еңбегі үшін облыстық мәслихат депутаттарының атынан Алғыс хат пен арнайы сыйлықты тапсырды. «Дәрігерлік жолда қандай да бір жетістікке жетсем, ол — сіздің арқаңыз» деген облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сабыр ұстазына ыстық ықыласын білдіріп, иығына шапан жапты. Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев дәрігерді  мерейтойымен құттықтады. Ырғыздықтардың атынан шапан жапты.

Сондай-ақ жиында профессордың әріптестері де ыстық лебізін білдірді. Белгілі хирург Базылбек Жақиев, доцент Марат Мұқышев Нағашыбай Ақатаевтың қолы шипалы дәрігер ғана емес, адамгершілігі мол, жастарға қамқор болып жүретіні азамат екенін айтты.

Профессор Нағашыбай Ақатаев  Ырғыз ауданының Нұра ауылында туған. Алғашқы еңбек жолын туған жерінен бастаған хирург кейін аудандық, облыстық ауруханаларда хирург, Ақтөбе медицина институтында проректор, госпитальдық хирургия кафедрасында оқытушы-ассистент, доцент болды, кафедраларды басқарды, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болды. Жүздеген ғылыми мақалалар, оқулықтар жазды. Профессордың еңбегі ескерусіз қалған жоқ.  Бірнеше рет марапатталды. Мәселен,  «Халықаралық ғұламалар одағының мүшесі» төсбелгісін тақса, ҚР хирургиясының дамуына қосқан үлесі мен сіңірген енбегі үшін берілген А.Сызғанов атындағы «Алтын медаль» иегері атанды. Ол —  Ырғыз ауданының құрметті азаматы.

Салтанатты шараға келгендер дәрігерді құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button