Жаңалықтар

Жемқорлықсыз қоғам — ел дамуының кепілі

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясы ғимаратында білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша заңнамалық бастамаларды түсіндіру және жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы жұмыстар жөнінде жиын өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет қатысып, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков, департамент басшысының орынбасары Ғалымбек Досанов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Жеңіскүл Мұхамбетпайызова баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Бүгінде осы заң аясында аталған департамент өкілдері ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізуде.

Алдымен шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсірілген бейнероликтер ұсынылды. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет сөз алды.

— Республикалық көлемде сыбайлас жемқорлықққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Соңғы жылдары Президент басшылығымен Білім және ғылым министрлігі білім саласына, мұғалімдердің материалдық жағдайын көтеруге ерекше көңіл бөлуде. Олардың тәжірибесі мен еңбек өтіліне байланысты жалақыларына 25 пайыз қосылды. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Аттестациялау, электронды қызметке ауысу, емтихандарды жүргізу шараларын «Ақтөбе — адалдық алаңы» қызметкерлерін, тиісті органдардың мамандарын қатыстыра отырып жүргізу —  сыбайлас жемқорлықты болдырумаудың кепілі. Ұстаздар қауымы туралы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деген ұлағатты сөзін білесіздер. Оқушыны тәрбиелеу, бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру ұстаздардың мойнында. Қазақ ар-ожданды бәрінен жоғары қойған. Сондықтан баланың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, адал ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, — деді өз сөзінде ол.

Сондай-ақ шарада Ғалымбек Досанов баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы деректерге тоқталып өтті.

— Сыбайлас жемқорлық барлық мемлекетте бар. Алайда оның деңгейі әр елде әртүрлі. Сыбайлас жемқорлық саясаты қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде зерделеп, зерттеу жүргізіп отыратын арнайы үкіметтік емес ұйымдар бар. Солардың бірі — 180 мемлекетті қамтитын «Тransparency international» жаһандық ұйымы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүргізіліп жатқандығы туралы өткен жылғы деректерге сүйенсек, былтыр Қазақстан 38 балл жинап, 94-орынға ие болды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 113-орыннан, 2018 жылы 124-орыннан көрінген екен. Жыл сайын көрсеткіштер оң нәтиже көрсетіп келеді, — деді Ғ.Досанов.

Шара соңында мұғалімдердің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, олардың сауалдарына жауап берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button