Жаңалықтар

Сұйытылған мұнай газының шекті бағасы өзгереді

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыста сұйытылған мұнай газын өткізу тақырыбында брифинг өтті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айбек Қайыр аймақтағы автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы шекті бағасына қатысты министрлік бекіткен бұйрықты қолдану биыл 1 наурыздан бастап тоқтатылатынын айтты.

Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Президенттің былтыр 16 наурыздағы № 286 Жарлығына сәйкес,  Қазақстан Республикасы Энергетика және Ұлттық экономика министрліктерінің бірлескен бұйрығы бойынша облыста автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы литріне 54 теңге мөлшерінде шекті баға белгіленген болатын. Алайда қабылданған карантиндік шаралардың жеңілдеуіне байланысты ҚР Энергетика министрінің 2020 жылғы  23 ақпандағы №61 бұйрығына сәйкес, биыл 1 наурыздан бастап бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын белгілеу жөніндегі бұйрықтың қолданылуы  тоқтатылады.

Энергетика министрлігі биыл сәуірден бастап электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газының жеткізу үлесі кезең-кезеңмен артатынын хабардар етті. Аталған шара Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі арқылы келісілген. Осыған байланысты жыл соңына дейін сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдарына толық көшіру жоспарлануда, — деді А.Қайыр.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда облыста сұйытылған мұнай газын  жеткізуді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС жүзеге асырады. Сонымен қатар 9 газ желісі ұйымы және 180-нен астам автогаз құю станциясы жұмыс істейді.

Биыл наурыз айына ішкі нарыққа жеткізу жоспарына сәйкес, Ақтөбе облысына 12 924 тонна сұйытылған мұнай газын жеткізу көзделген. Оның 9720 тоннасы —  әлеуметтік, қалғаны — коммерциялық. Сонымен қатар сұйытылған газға дәлелсіз бөлшек сауда бағасының өсуіне жол бермеу үшін және аймақтағы тұтынушыларды  сұйытылған газбен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі, газ желісі ұйымдары және облыстың бөлшек сауда иелері арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ брифингте «Сұйытылған газ жеткізушілер қауымдастығы» бірлестігінің төрағасы Алтынай Мұқанова, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі Рахат Тәжібаевтар тақырыпқа байланысты туындаған сауалдарға жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button