Жаңалықтар

Корпорацияның басты міндеті — бизнеске көмектесу

Меморандум

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Келісім құжатына корпорация басшысы Ермек Имантаев пен іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханова қол қойды.

Кездесуде тараптарға ортақ жобаларды жүзеге асырудың тиімді мүмкіндіктері айтылып, ауыл әйелдері кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту мәселелері талқыланды.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңір экономикасына серпін беру үшін сервистік қызмет үлгісіне ауысып жатыр. Корпорация кәсіпкерлерге ынтымақтастықтың жаңаша форматын ұсынады.  Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін кез келген жобаға қолдау көрсетуге дайын.

Корпорацияның басты міндеті бизнеске көмектесу. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың дамуына жаңа серпін беріп, корпорацияларды өңірлік даму институттарына айналдыру қажеттігін айтты.  Жыл қорытындысы бойынша біз корпорация тарихында бірінші рет табысқа қол жеткізіп жатырмыз. Директорлар кеңесі қолдаса, мемлекетке дивиденд төлеуге әзірміз. Трансформацияның алғашқы кезеңін аяқтадық. Корпорация қызметін толығымен қайта құрдық.  Сөйтіп, сервистік компанияға айналғалы жатырмыз. Яғни біздің басты қызметіміз консалтинг болмақ. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы — инвестиция тартатын оператор ретінде таңдалды. Біз инвесторларды ішкі және сыртқы деп бөлмейміз.  Қолында капиталы бар кез келген инвестор жобаларды сүйемелдеу бойынша толық консалтинг қызметті пайдалана алады, — деді Ермек Имантаев.

Өз кезегінде Күлпаршын Айдарханова: «Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері жүк тасымалымен айналысып, оқу орталықтарын ашып, жаңа жұмыс орындарын құрып жатыр. Біз корпорациямен жемісті әрі өзара тиімді ынтымақтастықта еңбек етуге мүдделіміз», — деді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button